Ел мұрасы халықаралық деңгейде насихатталады

Алматыда әл-Фараби мұрасына арналған халықаралық симпозиум аясында Вице-Президент Ерлан Қарин Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ИСЕСКО) бас директоры Салим Әл-Маликпен кездесті.

Ерлан Қарин жаңа Консти­туцияның маңызына тоқталып, басты құжатта адам капиталын дамыту, білім беру, ғылым және инновацияларды ілгерілету елдің стратегиялық басымдығы ретінде бекі­тілгенін атап өтті.

Вице-Президент әл-Фараби мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға қолдау көрсетіп, Түркістан қаласын 2027 жылғы Ислам әлемінің мәдени астанасы деп жариялау жөнінде шешім қабыл­дағаны үшін ИСЕСКО бас директорына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғы­сын жеткізді.

Осы орайда тараптар Түркістан қала­сында бірлескен мәдени іс-шаралар өткізуге дайындық мәсе­лесін, сондай-ақ әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи мұра­сын ғылы­ми тұрғыдан зерделеуге және кеңі­нен насихаттауға қатысты жоба­ларды талқылады.

Сонымен қатар Қазақстанның он жаңа номинациясын ИСЕСКО-ның Ис­лам әлемі мұрасы тізіміне енгізу ісі пысықталды. Бірлескен ғылыми және білім беру бағдар­ламаларын жүзеге асыру әлеуетіне назар аударылды.

Вице-Президент ИСЕСКО ұйымы­мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидер­лері съезі аясындағы ынтымақтастықтың басым бағыт­тарын айқындады. Олардың қата­рында Мемлекет басшысының Жаһандық бейбітшілік қозға­лысын құру жөніндегі бастамасын ілгерілету, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV оты­ры­сында қабылданған құжаттарды жүзеге асыру мәселелері бар.

Кездесу барысында Ұйымның 2027 жылы өтетін Хатшылықтың XXV оты­рысына және 2028 жылы ұйымдас­тырылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IX съезіне дайындық жұмыстарына қатысу жайы да тал­қыланды.