Ел игілігі жолында

Құрылтай депутаттары мен Қазақстан Халық Кеңесі­нің мүшелері бірнеше облыстағы қалалар мен аудандарды аралап, жергілікті тұрғындармен бірқатар кездесу өткізді.

Алдымен Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында Құрылтай депутаты Ерлан Сайыр, Қазақстан Халық Кеңесінің мү­ше­сі Денис Рыпаков және Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов аудан активімен кездесті. Ал Риддер қаласына жұмыс сапа­ры­мен Құрылтай депутаттары Олжас Нұралдинов пен Жұлдыз Данбаева, Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров, Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов және Энергетика вице-министрі Ержан Ертаев келді.

Кездесулерде Мемлекет бас­шы­сының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын іске асыру, сон­дай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономи­ка­лық дамуына қатысты маңызды мәселелер талқыланды. 

– Бүгінде Шығыс Қазақстан қарқынды дамып келеді. Өңірде төрт жаңа аудан құрылып, екі әуе­жайдың құрылысы жүргізілуде. Қазақстандағы ең биік таулы көпір пайдалануға берілді, бірегей Гема­тология орталығы жұмысын баста­ды. Сонымен қатар облыс орталы­ғында көлік жолайрығы­ның құ­ры­лысы қолға алынды. Жүзеге асырылып жатқан бұл жоба­лар өңірдің XXI ғасырдағы экономи­калық даму үрдістеріне сай турис­тік, көлік-логистикалық және цифр­лық хабқа айналуына мүм­кін­дік береді, – деді Ерлан Сайыр.

Кездесу барысында эконо­миканы дамыту, инфрақұры­лымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәсе­лелері қаралды. Депутаттың айту­ынша, алдағы үш жылда еліміз бойынша әлеуметтік инфрақұры­лымды дамытуға 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр. Сон­д­ай-ақ осы кезеңде 70 денсау­лық сақтау нысаны мен білім беру, мәдениет және спорт салаларына қатысты 50 нысан салу көзделген.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Денис Рыпаков мәселе­лер­ді көтеріп қана қоймай, олар­ды шешу жолдарын іздеудің маң­ыз­дылығын атап өтті. Оның айту­ын­ша, күн тәртібіндегі өзекті мәсе­ле­лер қатарында коммунал­дық және әлеуметтік инфрақұ­рылымды жаң­ғырту, ауылдарды дамыту және жастарға қолайлы жағдай жасау бар.

Риддердегі кездесуде өнер­­кәсіптік әлеует пен қалалық ин­фра­құрылымды дамыту мәселел­еріне ерекше назар аударылды. Құрылтай депутаты Олжас Нұрал­динов қаланың өңір мен ел эконо­микасына елеулі үлес қосып отыр­­ған маңызды өнеркәсіп орталығы болып қала беретінін атап өтті. 

– Риддер дамып келеді, тау шаңғысы базалары салынып, ин­фрақұрылым жетілдірілуде. Тау-кен өнеркәсібі бұрынғы­сынша маң­­ызды рөл атқарады. Сонымен қатар жылу электр орталығын жаң­­ғыр­ту жұмыстарын жеделдетіп, қалалық инфрақұ­рылымды ретке келтіру қажет, – деді депутат. 

Медицина саласында көп жыл еңбек еткен Құрылтай депутаты Жұлдыз Данбаева денсаулық сақ­тау саласын дамыту мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуын­ша, Риддер қаласында жуырда 200 орындық аурухана мен бір ауыс­ымда 500 адамды қабылдайтын емхана ашылған.

Бұдан бөлек, Семейде Құрыл­тай депутаты Айрат Базенов, Энергетика вице-министрі Бақ­тияр Ілияс және Ұлттық экономи­ка министрлігі Арнайы бағдарла­малар комитетінің төрағасы Бау­ыржан Сыздықов «Шығыс Қазақ­стан өңірлік электржелілік компа­ниясы» АҚ ұжымымен кез­де­сіп, Мемлекет басшысының Жол­дау­ында белгіленген міндет­тер мен олар­ды жүзеге асыру жолдарын түсіндірді.

Айрат Базеновтің айтуынша, электр энергиясын тұтыну көле­мінің өсуі мен экономиканың кеңеюі отандық генерация қуат­тарын арттыруды ғана емес, өн­дірілген энергияны жинақтау және сақтау жүйелерін дамытуды да талап етеді.

– Мемлекет басшысы Қазақ­станның энергетикалық тәуел­сіздігін қамтамасыз етуді страте­гиялық міндет ретінде белгіледі. Қазір еліміз жылына 124 млрд кВт•сағ электр энергиясын тұты­нады. Алдағы уақытта ішкі өндіріс сұранысты толық қамтамасыз ете алмауы мүмкін. Сондықтан эл­ектр энергиясын өндірумен қатар, оны жинақтау және сақтау мүм­кіндік­терін де дамыту қажет. Бұл ретте көмір және су электр стансалары­мен бірге жел мен күн энергиясын тиімді пайдалану маңызды, – деді депутат.

Кездесудің келесі маңызды бағыты халықтың нақты табысын арттыру және баға тұрақтылығын сақтау болды. Ұлттық экономика министрлігі Арнайы бағдарла­ма­лар комитетінің төрағасы Бауыр­жан Сыздықовтың айтуынша, Үкіметтің басты міндеті – эконо­микалық өсімнің әрбір отбасының әл-ауқатына оң әсер етуін қамта­масыз ету. Осы мақсатта 2027 жыл­ғы 1 қаңтардан бастап ең тө­менгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспар­ланып отыр. 

Ал Құрылтай депутаты Қайрат Айтуғанов Солтүстік Қазақстанда тұрғындарымен Жолдаудың басым бағыттарын талқылады. Алдымен №17 Ұлттық өркендеу орта мектеп кешенінде білім беру саласының өкілдерімен кездесу өтті. Онда білім беру инфра­құры­лымын дамыту, оқыту сапасын арттыру және педа­гогтердің кә­сіби өсуіне қолайлы жағдай жасау мәселелері талқы­лан­ды. Сондай-ақ адами ка­питалды дамытуға және өскелең ұрпақтың мүмкін­діктерін кең­ейтуге бағыт­талған бастамаларға ерекше назар ауда­рылды. Мем­лекет бас­шы­­сы­ның Жолдауын­да айтылған «Көк­ше­тау – Петропавл» автожол­ын қайта жаңғырту баста­масы өңір тұрғындарына қуаныш сыйлады.  

Келесі кездесу облыстық көп­бейінді ауруханада денсаулық сақтау саласының өкілдерімен өтті. Мемлекет басшысы атап өт­кен­дей, алғашқы кезеңде өңір­лерде 70-ке жуық денсаулық сақ­тау нысанын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар білім беру, спорт және мәдениет салаларында 50-ге жуық нысанның құрылысы баста­лады. 

– Денсаулық сақтау, білім беру және спорт салаларын дамыту – ең алдымен, адами капиталға, ұлт саулығына және балаларымыздың болашағына салынған инвес­ти­ция. Баршамыздың ортақ міндеті­міз – Мемлекет басшысы айқын­да­ған бастамалардың нақты жүз­е­ге асырылуын қамтамасыз ету. Сонда әрбір азамат тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы әлеу­меттік қызметтерді пайдалана ала­ды, – деді Қайрат Айтуғанов.

Жолдауда көтерілген мәселе­лерді талқылауға арналған келесі кездесу С.Киров атындағы зауыт­та өтті. Кездесу барысында зауыт жұмысшылары үшін маңызды бірқатар мәселе сөз болды. Атап айтқанда, жол инфрақұрылымы мен логистиканы дамыту, елді мекендерді газдандыру, ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру, сон­дай-ақ жекешелендіру жоспар­ларына байланысты кәсіпорын­ның алдағы даму перспективалары талқыланды.