Нұркен Бақытбекұлы, Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі: Жолдаудағы басымдық – «Халықтық құрылыс» бастамасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақ­станның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдау­ындағы негізгі тоқтамдар елі­міз­­дің қазіргі даму бағдарын, алдағы міндеттерін және оларды жүзеге асыру бары­сында ескеру­ге тиіс негізгі сын-қа­терлерді қамтыды.

Прези­ден­тіміз елдің эко­но­ми­калық әл­еу­е­тін тиімді пайдалану, халықтың тұрмыс сапасын арт­тыру, әлеу­меттік инфрақұры­лымды дамыту және келешек ұрпаққа заманауи мем­лекет қал­дыру мәселелеріне басымдық берді.

Бұл міндеттерді жүзеге асыру­­да құрылыс саласының орны ер­ек­ше екеніне бірнеше мәрте тоқ­талып өтті. Мемлекет бас­шы­­сының Қазақстанды ау­қымды құрылыс алаңына айнал­дыру жөніндегі тапсырмасы осы тұрғыдан айрықша мәнге ие. Ұсынылған «Халықтық құры­лыс» бастамасы елдің әлеуметтік, көлік және инженерлік инфра­құрылымын жүйелі түрде жаң­ғыртуға бағытталған. Өзім де құрыл­ыс саласына қатысты бас­та­маларға кәсіби маман ретінде ерекше назар аудардым. Әсіресе аталған бастаманың «Халықтық құрылыс» деп аталуының мәні терең. Өйткені құрылыстың түпкі нәтижесі жаңа ғимараттар санымен ғана емес, сол нысан­дар­дың халыққа қаншалықты қызмет ететінімен өлшенуге тиіс.

Осы ретте Президентіміз 2029 жылдың соңына дейін әлеу­меттік, көлік және инженерлік инфрақұ­рылым нысандарын салу мен жаң­ғыртуға Ұлттық қордан шама­мен 6,5 триллион теңге бағыттауды тапсырды. Жос­пар аясында өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынып, білім беру, спорт және мәдениет сала­ларындағы 50-ге жуық нысанның құрылысы бастал­мақ.

Сонымен қатар елді мекен­дерді газбен және таза ауызсумен қамтамасыз етуге басымдық бері­леді. Сондықтан да құрылыс саласының маманы ретінде «Ха­лықтық құрылыс» бастамасының маңызын бірнеше қырынан бағалаймын:

Біріншіден, құрылыс – ха­лық­тың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін сала. Жаңа аурухана, мектеп, спорт кешені немесе инженерлік желі жай ғана инфрақұрылым нысаны емес. Ол – тұрғындардың сапалы қызметке қол жеткізуі, балалар­дың қауіпсіз ортада білім алуы және өңірлердегі өмір сүру жағ­дайы­ның жақсаруы. Сондықтан жобаларды жоспарлау кезінде әр облыс пен елді мекеннің нақты қажеттілігі ескерілуі керектігі нақты тапсырылды.

Екіншіден, құрылыс көлемі­мен қатар сапасына да айырықша басымдық берілуі қажет. Бөлін­ген қаражаттың тиімді жұмса­луы, жобалау мен құрылыс жұ­мыс­тарының белгіленген та­лап­тарға сай орындалуы, нысан­дардың уақытылы пайдалануға берілуі және ұзақ мерзім қызмет етуі – басты өлшемдер. Мемле­кет қаржысына салынған әрбір нысан халықтың сенімін ақтауы тиіс екендігі де басты назарда болуы шарт.

Үшіншіден, «Халықтық құры­лыс» отандық кәсіпкерлік пен жұмыспен қамтуға серпін бере алады. Президентіміз құры­лыс жобаларына жергілікті ша­ғын және орта бизнес өкілдерін тар­ту жөніндегі ұстанымы осы тұрғыдан маңызды. Себебі өңір­лік мердігер­лерді, құрылыс матери­алдарын өндірушілерді және жергілікті мамандарды жұмысқа тарту қара­жаттың ел ішінде айналуына, жаңа жұмыс орындарының ашыл­уына және отандық өндірістің дамуына ықпал ететін факторлар болып табылады.

Ауқымды құрылыс жұмыс­тары жүйелі жоспарлауды, білік­ті кадрларды, сапалы құрылыс материалдарын және тиімді бақылау тетіктерін қажет етеді. Сондықтан жобалардың басым­дықтарын дұрыс айқындап, қаржыландырудан бастап пайда­лануға беруге дейінгі барлық кезеңде ашықтық пен жауап­кер­шілікті қамтамасыз ету маңызды. Себебі Мемлекет басшысы атап өткендей, келер ұрпаққа тек қаржылық қор қалдыру жеткі­ліксіз. Біз оларға заманауи ин­фра­құрылымы бар, экономикасы қуатты, азаматтары үшін қолай­лы мүмкіндіктер қалыптастырған мемлекет қалдыруымыз керек.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ