Тең мүмкіндік ауылдан басталады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында ауылдарды өркендетумен қатар ондағы жастардың әлеуетін арттыруға, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына тең жағдай жасаудың маңызы айқын көрініс тапты.

Демек, ауыл жастарының мүмкіндігі қаладағы замандас­тары қол жеткізген игіліктерден кем болмауға тиіс. Бұл – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің маңызды шарты.

Негізі, азаматтардың қарым-қабілеті мен дарыны олар өскен ортаға, қол жеткізген мүмкіндік­терге байланысты дамиды. Қала­ларда өскен азаматтың сапалы білім алу, өзін дамытуға бағытталған кешендер қызметін пайдалану мүмкіндігі біршама жоғары болатынын бұқара жақсы біледі. Әйтпесе ауыл баласының дарыны қаладағы замандастарының талантынан кем емес. Алайда қарым-қабі­летті шыңдап, жетіле түсуге қа­жет мүмкіндіктер тең болмай тұр­ғаны аян. Рас, соңғы жыл­дары еліміздегі іргелі ауыл­дар­дың дамуында біршама ілгер­леушілік бар. Бірақ бәрінде бір­дей емес. 

Бір ауылда заманауи спорт кешені бар. Екіншісінде қара­пайым спорт залы да жоқ. Бір жерде балалар робототехника, музыка және сурет үйірмелеріне қатысады. Ал кейбір ауылдарда мұндай мүмкіндік қарастырыл­маған. Бұл – жеке ауылдардың ғана мәселесі емес, өңірлер ара­сындағы әлеуметтік мүмкін­діктер теңсіздігінің көрінісі.

Мұны спорт саласындағы көрсеткіштерден-ақ байқауға болады. Ұлттық статистика бю­ро­сының 2026 жылғы дерегіне сәйкес, спортпен айналысатын қала тұрғындарының үлесі 49,3 пайызды құрайды. Ауылда бұл көрсеткіш – 45 пайыз. Ал бос уақытында өз бетінше жатты­ғатындар қалада 22,2 пайыз болса, ауылда 13,7 пайыз ғана. Бұл деректер қала мен ауыл тұр­ғындарының спорттық белсен­ділігінде айырмашылық бар еке­нін көрсетеді.

Соңғы жылдары ауылдық жерлерде спорт нысаны көбейді. 2025 жылы пайдалануға берілген 147 спорт нысанының 107-сі ауылдарда орналасқан. Бұл құптарлық қадам. Бірақ ғимарат салу мәселені толық шешпейді. Ең маңыздысы – оның халыққа қызмет етуі. Спорт кешенінің тиімділігі тұрақты жаттығатын бала­лар­дың санымен өлшенуі ке­рек. Үйірмелердің қолже­тім­ділігі де маңызды. Білікті бап­кердің болуы да басты талаптар­дың қатарына кіреді. Бөлінетін қар­жының көлемі де, салаға жа­уапты тұлғалардың білім-білігі мен құзіреті де өзекті. Бір сөз­бен айтқанда, бір-бірімен ты­ғыз байланысқан факторлар жиынтығы деген сөз. Дегенмен әлеуметтік инфрақұрылымның коммерциялық нысандар емес екенін, олардың атқаратын қыз­метінің сыр-сипаты бөлек бола­тынын ескермек керек. Мұндай инвестицияның басты мақсаты – дені сау, білімді және белсенді ұрпақ қалыптастыруға ықпал ету. Сондықтан салынған әрбір нысан халықтың нақты қажет­тілігіне қызмет етуі керек.

Президенттің биылғы Жол­дауында әлеуметтік инфрақұ­рылымды дамытуға, соның ішін­де шығармашылық үйлер, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар салуға қатысты айтқан міндеттерінің мәні де осында. Бұл тек құрылыс жұмысы емес. Бұл – ауылдағы адам капиталын дамытуға ба­ғытталған маңызды қадам, ұтым­ды шешім.

Бүгінде жастардың қалаға көшуін тек жұмыс пен жоғары білімге деген сұраныспен түсін­діруге болмайды. Оларға қолай­лы әлеуметтік орта да қажет. Жас адамның спортпен айна­лыс­қысы, өнер үйренгісі, жаңа технологияны меңгергісі келеді. Егер туған ауылында мұндай мүмкіндік болмаса, ол мүмкін­дікті қаладан іздейді. Бұл – заң­дылық.

Мұның салдары да аз емес. Қабілетті жастардың қалаға шоғырлануы ауылдың интел­лек­туалдық әлеуетін әлсіретеді. Жергілікті кәсіпкерлік пен қоғамдық бастамалардың да­муына да кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан ауыл жастарына жағдай жасау өңірлік экономи­каның болашағымен тікелей байланысты.

Ата-ана да баласының жақ­сы жағдайда өскенін қалайды. Оның сапалы білім алып, спорт­пен шұғылданып, қабілетін да­мытуына мүдделі. Мұндай мүм­кіндіктердің шектеулі болуы кейбір отбасылардың аудан орталығына немесе қалаға кө­шуіне түрткі болуы мүмкін. 

Демек, ауылды дамыту жол салумен, сумен және электр энер­гиясымен қамтамасыз ету­мен, жұмыс орындарын ашумен ғана шектелмеуі керек. Жастар­дың бос уақытын тиімді өткі­зуіне, білім алуына және өзін дамытуына жағдай жасалуы қажет.

Бұл бағытта дамыған ел­дердің тәжірибесі бар. Мәселен, Финляндияда жастар орта­лық­тары маңызды әлеуметтік қыз­мет атқарады. Олар жастардың бос уақытын ұйымдастырады. Шығармашылықпен айналы­суына және түрлі дағдыны мең­геруіне көмектеседі. Жапонияда да қоғамдық орталықтар білім, мәдениет және спортты бірік­тіреді. Мұнда музыка, сурет, қолөнер және спорт үйірмелері жұмыс істейді. Мұндай орта­лықтар жергілікті тұрғындардың сұранысына бейімделген.

Қазақстан да осы тәжірибені ескеруі керек. Әрине, әр ауылда жеке-жеке үлкен ғимарат салу тиімді бола бермейді. Халық саны мен елді мекеннің орна­ласуын ескерген жөн. Мәдениет үйі, кітапхана, спорт секциясы мен цифрлық білім беру алаң­дары бір орталықта жұмыс істей алады. Бұл қаржыны үнемдейді. Сонымен бірге қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. 

Бұған ұқсас тәжірибені Қызылорда облысынан көруге болады. Сыр өңірінің аудан ор­талықтарында кітапхана, музей, жастар және ардагерлер орта­лығын біріктірген «Руханият орталығы» жұмыс істейді. Осындай әмбебап орталықтарды тірек елді мекендерде салып, олардың құрамында спорттық және технологиялық бағыттағы үйірмелер мен алаңдар ұйым­дастыру жасөспірімдер мен жас­тардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. 

Алайда ғимарат пен құрал-жабдық жеткіліксіз болса, сапа­лы маман тапшы болса, жақсы нәтиже күтуде қисынсыз екенін ескермек керек. Білікті жаттық­тырушы болмаса, спорт кеше­нінің, ал цифрлық техноло­гия­ларды үйрететін маман болмаса, кітапхананың әлеуеті толық пайдаланылмайды. Сондықтан ауылға педагогтерді, IT-маман­дарын және шығармашылық жетекшілерді тартуға жағдай жасау қажет.

Цифрлық білімге қолжетім­ділік те маңызды. Бағдарламалау, робототехника және жасанды интеллектіні меңгеру ауыл жас­тары үшін де қолжетімді болуға тиіс. Ол үшін сапалы интер­нетпен қатар оқу бағдарламасы мен кәсіби мамандар қажет.

Осыған байланысты мәде­ниет үйлері мен кітапханаларды жастар білім алып, шығар­ма­шылықпен айналысатын зама­науи орталықтарға айналдыру керек.

Сонымен бірге мемлекеттік саясаттың нәтижесін салынған нысандардың санымен ғана ба­ғалауға болмайды. Ең бастысы – олардың қанша балаға қызмет көрсеткені және жастардың да­муына қаншалықты ықпал ет­кені. Осындай көрсеткіштер мем­лекеттік инвестицияның тиім­ділігін анықтауға көмек­теседі.

Президент 2027 жылды «Жал­пыхалықтық ауқымды құ­рылыс жылы» деп жариялауды ұсынды. 

«Халықтық құрылыс» баста­масы елді мекендердің әлеумет­т­ік инфрақұрылымын дамытуға жаңа мүмкіндік береді. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті тиімді пайдалану. Әрбір құрылыс жер­гілікті халықтың нақты сұраны­сына жауап беруі керек.

Түптеп келгенде, ауыл жас­тарына жағдай жасау – бола­шаққа салынған инвестиция. Бүгін спортпен шұғылданып, ғылымға қызығып, өнер үйрен­ген ауыл баласының ертең ел дамуына үлес қосатын білікті маман болып қалыптасуына мүмкіндік туады. Сондықтан оның қабілетін ашу – мем­ле­кеттің стратегиялық мүддесі.

Ауылдың дамуын тек салын­ған мектептердің, жолдардың немесе спорт кешендерінің са­нымен бағалауға болмайды. Ең бастысы, сол мүмкіндікті қанша жас пайдаланып жүр? Қанша бала өз қабілетін дамыта алды?

Ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайту дегеніміз барлығын қалаға көшіру емес. Керісінше, әрбір жастың туған жерінде сапалы білім алуына, спортпен айналысуына және өзін дамытуына қажетті жағдай жасау.

Таланттың мекенжайы жоқ. Мүмкіндік те туған жеріне қарап бөлінбеуі керек.

Міне, Мемлекет басшысы­ның Жолдауынан осындай ой түй­дік. Өйткені әрбір жастың әле­уетін дамытуға жағдай жа­сау – мемлекеттік жастар сая­саты­ның маңызды міндетінің бірі.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ,

Құрылтай депутаты,

«Әділет» партиясы фракциясының

мүшесі