«Жайдарман» қозғалысы – жасампаздықтың үлгісі

Еліміз, сөзсіз, дамудың даңғыл жолына түсті, бірақ солай бола тұра, алдағы уақытта барлығымызды табандылық пен тынымсыздықты ту еткен қажырлы еңбекті талап ететін талай жылдар күтіп тұр.

Жуырда ғана Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жол­дауын тыңдап болып, осын­дай ойға келдік. «Жаңа тарихи ке­зеңдегі Қазақстанның өзекті мін­деттері» деп аталған бұл құжат­тағы бізді аталмыш ойға жетелеген мына жолдар болды: «Жалпы, кез кел­ген реформаны іске асыру үшін заңдарды жетілдіру, саяси инс­титуттарды нығайту жет­кі­лік­сіз. Ең алдымен, сана жаңғыруға тиіс».

Өткір айтылса да, талассыз ақи­қат! Кез келген күрмеуі көп мә­селені еңсеру үшін оның ше­шімі де кешенді болуы керек. Сон­да ол шешімдер тіпті күтпеген жер­ден жеміс беруі бек мүмкін. Бұл сөздеріміз «Жолдауға – қол­дау» сипатындағы қызыл сөздің қыз­дырмасы емес, нақты өз тәжі­ри­бемізге, керек десеңіз, көпжыл­дық тәжірибемізге сүйеніп жаса­лып отырған тұжырым...

Тәуелсіз Қазақстан тарихында қатарына осынша адамды қабыл­дап, оларға тәлім-тәрбие беріп және сол үдерісті 25 жыл бойы жаңыл­май жалғастырып келе жат­қан ұйым кемде-кем. Тіпті болған да жоқ десек, ақиқаттың ауылынан алыс кетпейміз. Әлбетте, біз қо­ғам­дық институттар тарапын ай­тып отырмыз. Ендеше оны тек «Жай­дарман» ойындары деп, яғни жастардың көңіл көтеру, әзіл-ос­пақ сайысы ғана емес, Қазақ­стан жас­тарының басын біріктіріп отыр­ған бірден-бір қозғалыс де­сек, тағы да артық айтты демес­сіз­дер...

Қатысушыларының негізін 12 мен 35 жас аралығындағы қазақ­стан­дықтар құрайтын қозғалыс­тың жалпы базасында үш жарым мыңға жуық команда тіркелген бол­са, орталық маусымның өзіне жыл сайын 200-250 команда, яғни екі мыңнан астам белсенді жас қа­тысады.

Қазір республикалық деңгей­де­гі бес негізгі лигамыз жұмыс іс­­­тейді: Jaidarman Junior, Qazaq­stan CUP, Ұлттық лига, Super Liga Almaty және Jaidarman TOP. Бұдан бөлек, еліміздің барлық өңірі мен рес­публикалық маңызы бар қала­ла­рын толық қамтитын 150-ге жуық жергілікті лига мен өкілдік бар. Жалпы алғанда, қазір елімізде «Жайдарман» қозғалысына тіке­лей не жанама қатысы бар үш жа­рым мыңға жуық команданың 35 мыңдай мүшесі бар.

Ал олардың әрқайсысы дерлік өз кезегінде көпшілік алдында сөй­леуге машықтанады, сахна мә­дениетін меңгереді, сценарий жазу негіздеріне дағдыланады, топ­пен, яки ұжыммен жұмыс іс­теу­ді үйренеді, ұйымдастыру­шы­лық қабілеттерін дамытады, одан қалса, талғаммен киініп, талғаусыз тұ­тынудан арылады. Ал бұл – біз­дің ұтарымыз, бүгінгі еңбек нары­ғы сұрап отырған кадрлар бойы­нан талап етілетін негізгі қарым-қа­білет.

Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылғы Тамыз конференция­сын­да: «Заман талабына сай бәсе­ке­ге қабілетті болу үшін терең бі­­­лім­­мен қатар икемді дағдылар да өте маңызды», – деп, заманауи ұр­пақты тәрбиелеудің негізгі бағ­дарлары ретінде айқындап берген еді.

Ілгеріде, әңгіме басында, кез кел­ген тыңғылықты да табанды іс­тің күтпеген «жемістерін» де бе­ріп жататынын тілге тиек еткен едік. Көзі қарақты оқырман куә, бү­гінгі әлемде ең қымбат ресурс – мұнай не алтын емес, адами капитал мен креа­тивті ойлау қабілеті. Әлемді «әбігерге» салып жатқан жасанды интеллект – сол креативті ойлау­дың жемісі. Ал креатив дегеніміз шы­­ғармашылық сөзінің зама­науи нұс­қасы ғой. Ендеше түртіп алыңыз: «жайдарманшы­лар» (бұ­рын­ғы, қазіргі, мүмкін бо­лашақ) – отандық креативті ин­дустрияның локомотиві.

Естеріңізде ме, «қазақ ки­нематографиясы қашан дамиды, қашанғы жұрттың қаң­сы­­ғын таңсық қылып отыра­мыз?!», «интернетті ашсаң, қазақ­ша­дан басқасының бәрі бар?!» де­ген сияқты сұрақтар осыдан он жыл бұрын өте өзекті еді. Ал қазір ше?! Қазақ кинотуындылары шет­елдік бәсекелестерін елден түгел ысырып тастады десек болады. Ал­ғашқы миллиардтық касса жи­наған фильмдер, алғашқы мил­лиондық көрермен жинаған кар­ти­налар және тағы басқа қазақ ки­ноиндустриясының рекордын жаңартқан жаңалықтар – «жай­дарманшылар» еңбегі.

Сеніңіз, сенбеңіз, еліміздің ки­­ноиндустриясы, отандық те­леар­­­налар, YouTube және digital-плат­­формалардағы ең көп қа­ра­лым жинайтын, экономикалық тұр­­ғыда табысты жобалардың ба­сым бөлігі – осы «Жайдарман» (КВН) қозғалысы шекпенінен шық­қандардың еңбегі.

Нұрлан Қоянбаев, Тұрсынбек Қа­батов, Нұртас Адамбай, Дәурен Айдарқұлов, Марат Оралғазин, Еркебұлан Мырзабек, Қанат Әлжап­баров, Ақболат Өтебай, Нұр­сұлтан Үсенов... бұл тізімді жал­ғастыра беруге болады. Ке­зін­де сахнада «әкәку» деп жүрген осы жігіттер бүгінде үлкен продюсерлік орталықтар ашып, отандық кино нарығын қалыптастырып, мың­даған адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл креативті индустрияға қо­сылған елеулі үлес, ел эконо­ми­касына келтірілген нақты пайда емес пе?!

Мақтанғанымыз емес, жиыр­­ма бес жыл өмі­рі­міз­ді арнаған істің ауқымы бүгінде республика шеңберінен әлдеқа­шан асып кетті. Көршілес Қыр­ғыз­стан, Өзбекстан, Әзербайжан жә­не Түркиядан арнайы келіп қа­тысып жүрген командалар «Жай­дарманды» қазақ тілі мен мә­дениетін тарататын «жұмсақ күш­ке» айналдырды.

Алайда сыртқа ықпал ететін­дей мұндай «жұмсақ күштің» не­гізгі тірегі де, қайнар көзі де өзі­міз­дің ішкі әлеуетіміз. Ұлттық брен­дті халықаралық деңгейге кө­теріп жүргендер – бөтен емес, өзі­міздің қаракөздер. Шалғай ауыл­дар мен шағын қалалардан шық­қан қарапайым қазақ баласы осы алаң арқылы өзіне деген сені­мін оятады, шетелге кетпей-ақ өз елінде маман ретінде қалыптасуға болатынын түсінеді. Бұл да болса біздің қозғалыстың діттеген мақ­сатының бірінің орындал­ғаны­ның айқын дәлелі.

Қорыта айтар болсақ, бұл Жол­даудағы «Ұлттық қор есебінен ел экономикасын ынталандыру», «шағын және микробизнесті тек­се­руге мораторий жариялау», «ин­фрақұрылымды қаржылан­дыру», «Жаңа Азаматтық кодексті жа­сақтау», «әлеуметтік төлемдерді реформалау» секілді көтерілген бас­тамалар мен берілген тапсыр­малар – еліміздің әр азаматының, яғни миллиондардың өміріне өз­геріс әкелетін тектоникалық өз­герістер деп бағамдаймыз өз ба­сы­­мыз. Ал олардың жүзеге асуы үшін Президент атап өткендей, тек заң талабының өзгеруі немесе жо­ғарыдан бұйрық түсуі жет­кі­лік­сіз, бұл өзгерістердің орын алуы үшін оның басқасында өзіміз жү­руі­міз керек.

«Әрекет түбі – берекет» деген хал­қымыз. Сондықтан мейлінше ши­рақ болып, отаншыл азамат еке­німізді жасампаз істермен көр­сету аса маңызды» деді өз сөзінде Мем­лекет басшысы. Біз – «жай­дар­маншылар» – бірер жыл емес, он­даған жыл қатарынан «отаншыл азамат» деген осы бір биік мәрте­бе­нің үдесінен шығуға талпынып келе жатқан, талпына да бермек қозғалыспыз! Өйткені Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан «сананы жаңғыртуға» жылдар бой­ғы табанды еңбек керек екенін тұ­ла бойымызбен һәм түпсана­мыз­­бен тұтастай түсінеміз.

Есен ЕЛЕУКЕН,

«Жайдарман» қозғалысының жетекшісі