Меруерт Өтекешова: «Қыз Жібек» – өмірімдегі ең үлкен мектеп

Қазақтың Қыз Жібегінің даңқына қылау түсірмеген әйгілі актриса Меруерт Өтекешова өткен айда Атырауға келді. Даңқты драматург Рақымжан Отарбаевтың рухына арналған халықаралық театр фестиваліне арнайы шақырылған құрметті қонақпен кездесіп, сұхбаттасудың сәті түсті.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет», «Парасат» орде­ні­нің иегері Меруерт Қара­тай­қы­зы­мен болған жылы сұхбат сонау «Қыз Жібек» фильмі түсірілген сәт­терден бастап, актрисаның өмір жолы, өмірлік ұстанымдарына қарай ойысты. Қалың оқырманның есі­не сала кетсек, Меруерт Өте­ке­шова 1968 жылы Алматы қала­сын­дағы №66 мектепті тәмамдаған бой­да әйгілі киноның бас кейіп­ке­рі­нің рөлін сомдауға шақырту ал­ған болатын. 

Меруерт Өтекешова үшін «Қыз Жібек» фильмі – өнер жолындағы ал­ғашқы үлкен белес қана емес, өмі­ріндегі ерекше кезеңнің есте­лі­гі. Араға жылдар салып Парижде қа­зақ тілінде көрсетілген туын­ды­ның көрермен көңілінен шығуы да актриса үшін айрықша қуаныш бол­ды. 

– Меруерт апай, «Қыз Жібек» фи­льмінің Парижде көрсетілгеніне де үш жылдай уақыт өтіпті. Десек те, бұл қазақ киносы үшін де, кө­рер­мен үшін де ерекше оқиға бол­ды. Бізге айтыңызшы, шетелдік ау­диторияның фильмді қабылдауы қан­дай әсер қалдырды?

– Фильмнің режиссері Сұлтан Қожықов 2023 жылы 100 жылды­ғын атап өтер еді. «Қыз Жібек» фи­льмінің Парижде қазақ тілінде көр­сетілуі де осы тарихи датаға ар­налды. Фильм екі бөлімнен тұ­ра­тын толық нұсқасында ұсы­ныл­ды. Әрине, француз көрермендері екі сағат бойы фильмді қалай қа­былдар екен деген ой болды. Өйт­ке­ні туындының тілі де, ұлттық бояуы да, оқиғасы да өзге мәдениет өкілдеріне бірден түсінікті болмауы мүмкін ғой.

Бірақ көрермендер фильмді соңына дейін тамашалап, қазақ­тың әндерін тыңдады. Көрсетілім аяқ­талғаннан кейін де асықпай, өз әсерімен бөлісті. Арасында Францияда тұратын отандастарымыз да, шетелдіктер де болды. Мұның бәрі бізге ерекше қуаныш сыйлады.

Кино – халықтың мәдениетін, дү­ниетанымын, салт-дәстүрін танытатын үлкен өнер. «Қыз Жібек» ар­қылы қазақтың әні мен әсемдігі, сезімі мен мінезі өзге елдің кө­рер­ме­ніне жетіп жатса, бұдан артық ба­қыт бар ма?! Бұл – ұлттық өне­рі­міздің өміршеңдігін көрсететін маңызды оқиға.

– «Қыз Жібек» фильміне түскен кезіңізге оралсақ. Ол кезде сіз өнер жолындағы жас маман едіңіз. Басты рөлге қалай таңдалдыңыз?

– Ол кезеңде үлкен экранға ки­но шығару бүгінгідей оңай бол­ған жоқ. Әрбір туындыға үлкен дайын­дықпен келіп, әр рөлге лайық­ты ак­терді іздейтін.

«Қыз Жібек» фильмінің кас­тин­гіне көптеген қыз қатысты. Ол кезде өте талантты актрисалар көп еді. Кез келген рөлді алып шыға­тын, сахнада да, экранда да өзіндік болмысы бар өнер иелері болды. Бірінен-бірі өткен сұлу қыздар да аз емес.

Қазақтың қыздары қазір де ерек­ше әдемі. Бірақ актерлік өнер­де сыртқы сұлулықтың өзі жеткі­лік­сіз. Адамның білімі, ішкі сезімі, та­ланты, кейіпкердің жан дүниесін тү­сіне білуі маңызды. Экранға түс­кенде адамның шынайы болмысы ашылады. Өйткені кино түсіретін ортада «камера сүйетін адам» деген тү­сінік бар. Кейде өмірде өте сұлу адам камера алдында сол сұлу­лы­ғын көрсете алмауы мүмкін. Ал кей­бір адамның жан дүниесіндегі ерек­шелік экраннан бірден байқа­лады.

Іріктеуден өткеннен кейін бізді ка­мераға түсіріп, жан-жақты тек­серді. Көркемдік кеңестің бекі­туі­нен өту де оңай болған жоқ. Ақыры рұқ­сат беріліп, фильмге түсу ба­қы­ты бұйырды.

Ол кезде киноның менің өмірі­ме осындай үлкен өзгеріс әкелеті­нін толық түсіндім деп айта алмаймын. Жас болдым. Алдымда қан­дай жол күтіп тұрғанын білмедім. Бірақ сол фильм менің бүкіл өнер жолыма ықпал еткен ерекше мектепке айналды.

– Экрандағы Төлеген мен Жібек­тің махаббаты көрерменнің жүрегіне жол тапты. Сол кинода Құман Тас­тан­бековпен бірге жұмыс істеген сәт­термен бөліссеңіз?

– Құман аға өнерде ғана емес, өмір­де де жаны сұлу адам еді. Мен үшін дүниедегі ең сұлу адам – әкем. Одан кейін Құман аға деп ай­тар едім. Оның адамгершілігі, іш­кі мәдениеті, болмысы ерекше бо­латын.

Кино түсірілімінде бір-бірі­міз­ге ғашық болмасақ та, экран ар­қы­лы ғашық жандардың сезімін шы­найы жеткізуге тырыстық. Ак­тер­дің міндеті де – өзі сезінбеген дү­ниені кейіпкердің жан дүниесі ар­қылы көрерменге сенімді етіп жет­кізу. Бұл үшін рөлді сырттай сом­дау жеткіліксіз. Кейіпкердің ішкі әлеміне еніп, оның қуанышы мен қайғысын, арманын түсінуің керек.

Құман аға екеуміздің шы­ғар­ма­шылық жолымызда Әуезов атын­дағы Қазақ ұлттық драма теат­рының да орны ерекше. Бұл театр екеуміз үшін үлкен мектеп бол­ды. Өміріміздің талай белесі осы сахнамен байланысты өтті.

Мен Құман ағаны көпшіліктің ал­дында әрдайым құрметпен «аға» деп атаймын. Үйде басқаша атай­тын­мын. Бірақ ел алдында ол кі­сін­ің орны бөлек екенін әрдайым се­зінемін. Қадірін білемін, ерекше құрметтеймін.

– Фильмге түскеннен кейін кә­сі­би актерлік білім алуды ұйғар­дыңыз. Ұстаздарыңыздың қайсысы сізге ерекше әсер етті?

– Кино түсірілімі аяқталғаннан кейін 1969-1973 жылдары Құр­ман­ғазы атындағы қазақ мемлекеттік өнер институтының театр факуль­те­тін бітірдім. Актерлік өнерді те­рең меңгеру үшін білім мен тә­жі­рибе қажет екенін түсіндім. Ме­нің ұстаздарымның қатарында қа­зақ театрының көрнекті өкілдері бол­ды. Солардың бірі – КСРО Ха­лық әртісі Хадиша Бөкеева. Ол кісі­ден тәлім алу мен үшін үлкен мәр­тебе еді. Хадиша апайдың өне­рі мен ұстаздық өнегесі бізге көп нәр­се үйретті.

Мектеп жасымда Анна Дмитриевна деген ұстазым болды. Оны да ешқашан ұмытпаймын. Адам­ның өмір жолында із қалдыратын жан­дар болады. Кейде олардың бірауыз сөзі, берген бағыты неме­се өнерге деген көзқарасы кейінгі тағдырыңа әсер етеді.

Кино әлеміне тау тұлға Сұлтан Қожықов сияқты шеберлердің ең­бегі арқылы келдік. Театрға кел­ген­де де мықты режиссерлерден тәлім алдық. Солардың әрқайсысы бізге өнердің жауапкершілігін, сахна мәдениетін, кейіпкерге деген құрметті үйретті.

Мен өзімді өте бақытты адаммын деп санаймын. Өйткені өнер­ге келген кезімде айналамда қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары жүрді. Олардың жанында жүріп жұмыс істеу – өз алдына бір университет.

– Сіз «Қыз Жібекке» түскенде кә­сі­би актерлік білім алып үлгерме­ген едіңіз. Осындай ауқымды кинода жұмыс істеу қиын болған жоқ па?

– Әрине, қиындық болды. Жал­пы, актриса болу үшін кемінде төрт жыл білім алу керек. Ал мен үл­кен көркем фильмге арнайы ак­терлік оқу орнын бітірмей тұрып түс­тім. 

Бірақ менің жанымда қазақтың керемет актрисасы Фарида Шә­ріпова, бір өзі бір мектеп Асанәлі Әшімов, тума талант Кененбай Қо­­­жабеков сынды қазақ өнерінің алып­тары болды. Олардың әрқай­сысы – өз алдына үлкен тұлға, үл­кен мектеп. Сол кісілермен бірге жұ­мыс істеудің өзі маған мол тә­жірибе берді.

Осындай өнер иелерінің қа­сын­да жүріп, олардың кейіпкерге қалай қарайтынын, рөлді қалай зерттейтінін, әр көрініске қалай дайындалатынын көрдік. Көп нәр­сені солардан үйрендік.

Кейде адамға біліммен қатар жақ­сы орта да қажет. Өйткені на­ғыз шеберлердің жанында жүрсең, олар­дың еңбекке деген көзқарасы са­ған да жұғады. Олардан алған қуат пен тәжірибе кейінгі өмірімде үлкен тірек болды.

–  Жібек бейнесі қазақ қызының сұлу­лығы мен нәзіктігінің символына айналды. Алайда сіз Жібектің ба­тылдығына да ерекше мән бересіз. Неліктен?

– Өйткені Жібек  тек сұлу қыз не­месе ғашық болған кейіпкер ға­на емес. Оның бойында қайсарлық, батылдық, адамгершілік бар. Мен үшін осы қасиеттері өте маңызды.

Фильмдегі Төлеген мен Беке­жан­ның арасындағы жанжал ке­зін­де Жібектің екі жақтың қан­тө­гі­сіне жол бермеуге ұмтылуы – оның ішкі күшін көрсететін сәт­тер­дің бірі. Ол өз сезімін ғана ой­ла­майды, адамдардың амандығын да ойлайды. Қауіпке қарамастан, екі батырдың арасында түсіністік орнатуға тырысады.

Міне, қазақтың қызы қандай болуы керек дегенде, мен осындай мі­незді айтар едім! Қазақтың тари­хын­да Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова сияқты батыр қыздарымыз бар. Олар Отан үшін жанын аяма­ған. Олардың ерлігі  кейінгі ұрпақ­қа үлгі.

Мен де өмірде адалдықты, ба­тыл­дықты жоғары қоямын. Өтірік пен сатқындықты жек көремін. Адам­ның қандай екенін оның сө­зі­не қарап қана емес, ісіне қарап ба­ғалау керек. Өйткені мінез адам­ның әрекетінен көрінеді.

Қазақ қызы нәзік те болсын, бір­ақ қажет кезде өз ойын ашық ай­­тып, дұрыс деп санаған жолынан таймауы керек. Сұлулық пен қай­сарлық бір-біріне қайшы қа­сиеттер емес. Адамның шынайы сұ­лу­лығы оның жан дүниесімен, тәр­биесімен, адалдығымен өлше­неді.

– «Қыз Жібек» фильмінде қа­зақ­­тың салт-дәстүрі, әні мен ұлт­тық бол­мысы кеңінен көрініс тапқан. Сіз­дің ойыңызша фильмнің бүгінге дейін көрерменін жоғалтпауының сыры неде?

– Бұл фильмнің өміршеңдігі оның ұлттық рухында деп ойлаймын. Мұнда қазақтың әні де, әдет-ғұр­пы да, киім үлгісі де, адамдар ара­сындағы қарым-қатынасы да бар. Бірақ ең маңыздысы – адам се­зімі. Махаббат, адалдық, арман, өкініш, адамдық қасиеттер ешқа­шан ескірмейді.

Уақыт өзгереді, ұрпақ ауысады. Бірақ шынайы өнердің құн­ды­лығы жоғалмайды. Жастар фильм­ді көргенде қазақтың бұрынғы өмірін ғана танып қоймай, кейіп­кер­лердің мінезі арқылы өздеріне де ой түйеді.

Фильмдегі Жібек бейнесі бү­гін­гі қыздарға да жақын деп ойлаймын. Өйткені ол өз сезіміне адал, со­нымен бірге айналасындағы адам­дарға бейжай қарай алмайтын жан. Оның бойындағы адамгер­ші­лік пен батылдық – кез келген ке­­­­зеңде маңызды қасиеттер.

Ал Париждегі көрсетілім осы ойым­ды тағы бір мәрте дәлелдеді. Қа­зақтың ұлттық туындысы өзге ел­де де көрерменнің жүрегіне жол та­ба алады. Ол үшін өнердің тілі шы­найы болуы керек.

– Әңгімеңізді қорытындылай ке­ле, бүгінгі жас актерлерге не айтар едіңіз?

– Ең алдымен, өз маман­ды­ғың­ды жақсы көруің керек. Өнерді тек атақ пен танымалдық үшін таң­дауға болмайды. Бұл сала үлкен ең­бек пен төзімділікті талап етеді. Кей­де өзің күткен рөл бұйырмай­ды, кейде еңбегің бірден бағалан­бай­ды. Сондай кезде де ізденуді тоқ­татпау қажет.

Актерлік өнерде жүрек таза­лы­ғы маңызды. Кейіпкерді түсіну үшін адамды түсіне білуің керек. Ал адамды түсіну үшін өмірді тану қа­жет. Көп оқу, іздену, бақылау, өзің­ді дамыту – мұның бәрі актер­дің қалыптасуына әсер етеді.

Жас әріптестеріме талант­та­рың­­ды бағалаңдар, бірақ тек та­лант­­қа сеніп қалмаңдар дер едім. Ең­­бек етіңдер, жақсы ұстаздардан үй­­реніңдер, өздеріңді жетілдірің­дер. Ең бастысы, өнерге адал бо­лың­дар. Өйткені жүректен шық­қан дүние ғана көрерменнің жүре­гі­не жетеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Баян ЖАНҰЗАҚОВА