Президент құрылыс саласын ұлттық экономиканы жандандыратын, кәсіпкерлікті дамытатын және жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтитын стратегиялық бағыт ретінде айқындады. Бұл міндеттер Маңғыстау облысы үшін де айрықша маңызға ие. Өйткені өңірде кейінгі жылдары құрылыс қарқыны артып, тұрғын үймен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Бұл жұмыстардың түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар өңірдің экономикалық әлеуетін нығайту.
Осы тұрғыдан алғанда, Маңғыстау облысының құрылыс саласындағы көрсеткіштері өте жақсы екенін айта кетейік. Тіпті бұл сала аймақ экономикасының маңызды қозғаушы күшіне айналып отыр. Мәселен, Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының дерегінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі 440,7 млрд теңгені құраған. Тұрғын үй санатына жатпайтын құрылыстар көлемі – 91,8 млрд теңге (20,8 пайыз өсім), мұнай және газ магистралды құбырларының құрылысы – 88,9 млрд теңге (20,2 пайыз өсім), өзге де құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі – 69,3 млрд теңге (15,7 пайыз өсім), инженерлік ғимараттар құрылысы 54,9 млрд теңгені (12,5 пайыз өсім) құраған.
Сонымен қатар сумен жабдықтау және кәріз жүйелеріне арналған құбырлар құрылысы 38,8 млрд теңгені (8,8 пайызға өсті), жолдар мен автомагистральдар құрылысы 34,3 млрд теңгені (7,8 пайызға өсті), өзге де құбырлар құрылысы 28,9 млрд теңгені (6,6 пайызға) құрады. Бұл тұста тұрғын үй құрылысының көлемі 9,2 млрд теңгеге жетіп, 2,1 пайызға артқанын айта кетейік.
Бұл көрсеткіштер өңірде құрылыс жұмыстарының бірнеше бағыт бойынша қатар дамып келе жатқанын аңғартады. Әсіресе инженерлік желілерді, жолдарды, өндірістік және өзге де нысандарды салу жұмыстарының ауқымды болуы облыстың инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға ықпал етпек.
– Қарқынды жұмыстар биыл да жүйелі түрде жалғасын тауып жатыр. 2026 жылы құрылыс саласындағы өсімді төмендетпей, жалпы көлемді 475,9 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Биыл алғашқы 9 айда облыста 279,1 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4 пайызға артқанын көрсетеді. Аталған кезеңде өзге де құрылыс-монтаж жұмыстары – 61,2 млрд теңге (21,9 пайыз өсті), өзге де инженерлік ғимараттар құрылысы – 44,3 млрд теңге (15,9 пайыз), тұрғын үйге жатпайтын ғимараттар құрылысы 42,4 млрд теңгені (15,2 пайыз) құрады. Жолдар мен автомагистральдар құрылысының көлемі 38,8 млрд теңгеге (13,9 пайых) жетті. Сумен жабдықтау және кәріз жүйелеріне арналған құбырлар құрылысына 25,9 млрд теңге (9,3 пайыз), мұнай және газ магистралды құбырларының құрылысына 17,5 млрд теңге (6,3 пайыз) жұмсалды. Өзге де құбырлар құрылысы 12,3 млрд теңгеге жетсе (4,4 пайыз), басым бағыттың бірі саналатын тұрғын үй құрылысы 9,1 млрд теңгеге (3,3 пайыз өсті) артты, – деп толықтырды Маңғыстау облысының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының баспасөз қызметі.
Бірқатар бағыт бойынша құрылыс жұмыстары көлемінің артуы өңірдегі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын және саланың экономикалық белсенділігін сақтап отырғанын көрсетеді.
Тұрғын үй құрылысы қарқынды
Құрылыс саласындағы маңызды бағыттардың бірі – халықты қолжетімді әрі сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бұл Мемлекет басшысының «Халықтық құрылыс» бастамасымен де тікелей үндеседі.
Маңғыстау облысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша 858 536 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Бұл 2024 жылғы 831 979 шаршы метр көрсеткіштен біршама жоғары. Былтыр аймақта 1 541 жаңа тұрғын үй ғимараты пайдалануға берілді. Оның ішінде 1 490-ы жеке тұрғын үй, 48-і көппәтерлі тұрғын үй болса, қалған үшеуі жатақхана.
Қалалар мен аудандарды жекелей қарағанда да тұрғын үй құрылысының ауқымы айқын көрінеді. Мысалы, Ақтау қаласында 65 тұрғын ғимарат пайдалануға берілсе, оның 33-і жеке тұрғын үй, 32-сі көппәтерлі тұрғын үй. Жаңаөзен қаласында 264 тұрғын үй ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 257-сі жеке, 7-еуі көппәтерлі тұрғын үй.
Аудандарда да тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілді. Атап айтқанда, Бейнеу ауданында – 193, Қарақия ауданында – 96, Маңғыстау ауданында 147 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Мұнайлы ауданында 648 тұрғын үй ғимаратының құрылысы аяқталды. Оның 645-і жеке тұрғын үй, үшеуі көппәтерлі тұрғын үй. Түпқараған ауданында 128 тұрғын ғимарат пайдалануға берілген. Оның ішінде 119 жеке тұрғын үй, 6 көппәтерлі тұрғын үй және 3 жатақхана бар.
Бұл деректер тұрғын үй құрылысының тек облыс орталығында емес, аудан-қалаларда да белсенді жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Әсіресе Мұнайлы, Жаңаөзен және Бейнеу аудандарындағы көрсеткіштер тұрғындардың жеке тұрғын үй салуға деген сұранысының жоғары екенін аңғартады.
Биыл да тұрғын үй құрылысының көлемін арттырып, 860 мың шаршы метрге жеткізу көзделген екен. 2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша облыста 367,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы кезеңде жалпы саны 957 жаңа тұрғын үй ғимараты салынған. Оның ішінде 941-і – жеке тұрғын үй, 16-сы – көппәтерлі тұрғын үй. Көптеген құрылыс жыл соңына жақын аяқталып, пайдалануға берілетінін ескерсек, көрсеткіш өткен жылғыдан асып түсері анық.
Биыл қалалар мен аудандар бойынша жіктесек, Ақтау қаласында – 22 тұрғын үй (16 жеке және 6 көппәтерлі), Жаңаөзен қаласында 225 тұрғын үй (215 жеке және 10 көппәтерлі) пайдалануға берілді. Бейнеу ауданында – 137, Қарақия ауданында – 48, Маңғыстау ауданында – 50, Мұнайлы ауданында – 365, Түпқараған ауданында 110 жеке тұрғын үйдің құрылысы аяқталды.
Әсіресе Мұнайлы ауданы мен Жаңаөзен қаласындағы көрсеткіштер тұрғын үй құрылысының өңірлік ауқымда дамып келе жатқанын айғақтап отыр. Ал тұрғын үйлердің пайдалануға берілуі – жүздеген отбасының баспаналы болып, тұрмыс жағдайының жақсаруына мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік нәтиже.
Басты мақсат – халыққа қолайлы жағдай жасау
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы Жолдауындағы «Халықтық құрылыс» бастамасы құрылыс саласына тың серпін беріп қана қоймай, өңірлердің ұзақмерзімді даму мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Мемлекет басшысы инфрақұрылымды жаңғырту жоспарын жүзеге асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау көзделіп отырғанын атап өтті. Оның ішінде 2026 жылы және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды бастауға 1,5 трлн теңге қарастыру жоспарланған. Бағдарлама аясында денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет нысандарын салу, көлік және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың таза ауызсу мен газға қолжетімділігін жақсарту көзделген.
Бұл бағыттар Маңғыстау облысы үшін де өте өзекті. Өңірде халық саны артып жатыр, жаңа тұрғын үй алаптары қалыптасып, елді мекендер кеңейді. Сондықтан әлеуметтік нысандарға, сапалы жолдарға, ауызсу мен инженерлік желілерге деген қажеттілік артты. Сонымен қатар құрылыс саласының дамуы жергілікті кәсіпорындар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады. Құрылыс материалдарын өндіру, тасымалдау, жобалау, мердігерлік және сервистік қызметтерге сұраныстың артуы шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді. Жаңа жобалар арқылы қосымша жұмыс орындары ашылып, жергілікті мамандардың кәсіби тәжірибесін арттыруға жағдай жасалады.
Президент атап өткендей, ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда отандық кәсіпорындардың әлеуетін барынша пайдалану маңызды. Бұл қаражаттың ел ішінде айналымда болуына, өндірістің дамуына және өңірлік экономиканың нығаюына мүмкіндік береді.
Маңғыстау облысының құрылыс саласындағы көрсеткіштері өңірде тұрғын үй және инфрақұрылымдық құрылыстың жүйелі түрде дамып келе жатқанын көрсетеді. 2025 жылы 440,7 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары орындалып, 858,5 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі 106,4 пайызға, тұрғын үй құрылысының индексі 112 пайызға жетті. Алдағы кезеңдегі негізгі міндет – осы оң динамиканы сақтап, құрылыс сапасына, нысандардың уақытылы пайдалануға берілуіне және инфрақұрылымның қолжетімділігіне басымдық беру.
Өйткені құрылыс саласының нәтижесі тек пайдалануға берілген нысандардың санымен немесе игерілген қаражат көлемімен өлшенбейді. Оның басты көрсеткіші – тұрғындардың жаңа баспанаға қол жеткізуі, елді мекендердің көркеюі, сапалы жолмен жүруі, таза ауызсумен қамтылуы және заманауи әлеуметтік нысандарды пайдалану мүмкіндігі.
Мемлекет басшысының «Халықтық құрылыс» бастамасы да осы мақсаттарды көздейді. Ал Маңғыстауда қалыптасқан құрылыс әлеуеті мен қол жеткізілген оң көрсеткіштер өңірдің бұл ауқымды жалпыұлттық іске өз үлесін қосуға мүмкіндігі мол екенін аңғартады. Бүгінгі құрылыс – ертеңгі өркендеудің негізі. Ең бастысы, салынып жатқан әрбір тұрғын үй, әрбір жол мен инженерлік желі Маңғыстау халқының игілігіне қызмет етіп, өңірдің жарқын болашағына берік негіз қалауға тиіс.
Мадияр ТӨЛЕУ