Қаладағы жылу өндіру көздері, сорғы станcалары, жылу желілері мен әлеуметтік нысандар қысқы кезеңге әзірленді. Сонымен қатар жылу инфрақұрылымын жаңғырту бағытында бірқатар жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көмір қоры қалыптастырылды.
Шымкент қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұловтың айтуынша, биылғы жылыту маусымына дайындық бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізіліп, барлық негізгі жұмыстар белгіленген мерзімде орындалған. Қала бойынша қысқы кезеңге дайындықты қамтамасыз ету үшін коммуналдық инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандардың әзірлігіне ерекше назар аударылған.
– Қалада жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес толық аяқталды. Бүгінде 31 дербес қазандық пен 17 сорғы стансасы 100 пайыз дайын. Сондай-ақ 2 241 көпқабатты тұрғын үй мен 463 бюджеттік мекеменің барлығы қысқы кезеңге әзірленді. Оның ішінде 255 білім беру, 90 денсаулық сақтау мекемесі және спорт, мәдениет, жұмыспен қамту салаларындағы 118 нысанның дайындығы толық қамтамасыз етілді, – деді басқарма басшысы.
Жылыту маусымының тұрақты өтуі ең алдымен жылу өндіруші кәсіпорындардың техникалық дайындығына байланысты. Осы бағытта «3-Энергоорталық» АҚ-ның негізгі құрал-жабдықтарын қысқы кезеңге әзірлеуге 1 млрд 61,5 млн теңге қарастырылған. Бөлінген қаражат есебінен жоспарланған жұмыстардың барлығы толық орындалған. Сонымен қатар жылумен жабдықтаушы «3-Энергоорталық» АҚ мен «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жылыту маусымына дайындық паспорттарын алған.
Қаладағы жылу инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да биылғы дайындықтың маңызды бағытының бірі болды. Ұлттық жоба аясында жалпы құны 5,8 млрд теңгені құрайтын бір жоба жүзеге асырылуда. Жобаның мердігері – «Алматыинжстрой» АҚ. Кәсіпорын екі нысандағы жұмыстарды толық аяқтаған. Нәтижесінде, жалпы ұзындығы 895 метр болатын жылу құбырлары ауыстырылды. Қазір жаңартылған құбырлар арқылы тұтынушыларға жылу тұрақты беріліп отыр. Бұдан бөлек, 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында қаладағы 20,7 шақырым жылу желісіне ағымдағы жөндеу жүргізу үшін 1 млрд 531,7 млн теңге бөлінген. Жоспарланған монтаж жұмыстары толығымен аяқталды. Қазіргі уақытта жөндеу жүргізілген аумақтарда қазылған жерлерді қалпына келтіру, асфальт төсеу жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмыстар жылу желілерінің сенімділігін арттырып қана қоймай, қыс мезгілінде туындауы мүмкін апаттық жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Қысқы маусымның тағы бір маңызды мәселесі – қатты отынмен қамтамасыз ету. Биыл Шымкент қаласының жылыту кезеңіне қажетті көмір көлемі 22,1 мың тонна болып белгіленген. Оның 4,8 мың тоннасы бюджеттік мекемелер мен дербес қазандықтарға, ал 17,3 мың тоннасы жеке тұрғындардың қажеттілігіне арналған. Қазір қала аумағындағы сегіз теміржол тұйығында алты өңірлік көмір операторы жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Азамат Мұнай», Vip-M, «Экзинит», «ГранСбытКомир-М», «Санас» және BEST жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері халықты қатты отынмен қамтамасыз етуге атсалысуда.
Бүгінге дейін қалаға шамамен 62 мың тонна көмір жеткізілген. Оның ішінде қазіргі уақытта көмір қоймаларында 15 мың тоннадан астам қор бар. Бұл көрсеткіш белгіленген маусымдық қажеттіліктен едәуір жоғары. Демек, көмір жеткізу мен оны өткізу бағытында тиісті ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың сұранысын қамтамасыз етуге қажетті мүмкіндік қалыптасқан.
Жалпы, биылғы жылыту маусымына дайындық барысында тек қазандықтар мен жылу желілерінің техникалық жай-күйіне ғана емес, тұтынушыларды үздіксіз жылумен қамту мәселесіне де басымдық берілген. Жылу инфрақұрылымының дайындығы, жөндеу жұмыстарының сапасы, көмір қорының жеткіліктілігі және коммуналдық кәсіпорындардың жұмысы өзара үйлестірілген. Шымкент қаласы әкімінің 2026 жылғы 23 қазандағы №47 өкіміне сәйкес, сол күннен бастап орталықтандырылған жылу желілері арқылы тұтынушыларға жылу толық көлемде беріле бастады. Осылайша, қалада 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымы ресми түрде басталып, жылу беру жүйесі штаттық режимде жұмыс істеуде.
Рзабек Меңдіқұловтың мәлімдеуінше, жылыту маусымының тұрақты әрі үздіксіз өтуі қала әкімдігінің тұрақты бақылауында. Тиісті коммуналдық қызметтер мен жауапты мекемелер жылу жүйелерінің жұмысын қадағалап, туындауы мүмкін мәселелерге жедел ден қоюға дайын.
Қорыта айтқанда, Шымкентте қысқы кезеңге дайындық кешенді түрде жүргізілді. Жылу көздері мен әлеуметтік нысандардың әзірлігі қамтамасыз етіліп, жылу желілерінің бірқатар учаскесі жаңартылды, көмір қоры қалыптастырылды. Ендігі міндет – атқарылған жұмыстардың нәтижесін сақтап, қала тұрғындарын бүкіл қыс бойы сапалы әрі үздіксіз жылумен қамтамасыз ету.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы