Мемлекет басшысы елдің ертеңі білім саласына тәуелді екенін бірнеше рет ескерткен. Сондықтан балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасалуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Жолдауында үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешуді, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюды тапсырды. Сондай-ақ Үкіметке бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуді жүктелді. Заңсыз активтерді қайтарудан түскен қаржыны білім саласына жұмсау арқылы әлеуметтік теңсіздікті қысқарту міндеттелді. Президент тапсырмалары жерде қалмай, нақты заңдарға, ұлттық жобаларға ұласты. 2019-2020 жылдары «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Осы кезеңде мектептегі орын тапшылығын жою жоспары дайындалды. 2022 жыл «Балалар жылы» деп жарияланып, саланың дамуына даңғыл жол ашылды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен «Келешек мектептері» жобасы жүзеге асырыла бастады. 2023 жылы Білім беру ин-фрақұрылымын қолдау қоры құрылды. Ал 2024-2026 жылдары «Бір бала – бір ваучер» қағидатына негізделген тиімді қаржыландыру тетігі енгізілді.
Жаңа мектеп – жайлы орта
2019-2026 жылдары Қазақстанның білім жүйесіндегі ең басты міндеттің бірі мектеп инфрақұрылымын түбегейлі жаңарту болды. Кейінгі жеті жыл ішінде 1,1 миллион оқушыға арналған 1 342 мектеп салынды. Қарқынды құрылыс нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 5 есе, апатты мектептер саны 2 есе азайды. Жалпы білім беру жүйесінде орын тапшылығы 4 есе төмендеді. Бұл жұмыстарға мемлекет қаржысы да, ірі бизнестің инвестициясы да тартылды.
Атап айтсақ, «Келешек мектептері» жобасы аясында 460 мың оқушыға шақталған 217 мектеп бой көтерді. Оның 84-і ауылда салынды. Жобаның арқасында үш ауысымды 54 мектептің, апатты жағдайдағы 12 мектептің мәселесі шешімін тапты, 100-ден астам білім ошағында орын жетіспеушілігі едәуір жеңілдеді.
Жемқорлардан қайтарылған қаржы есебінен 100 мыңдай оқушыға бағдарланған 90 мектептің құрылысы қолға алынды. Қазір осы 90 нысанның 83-і пайдалануға берілсе, 7 мектепті жыл соңына дейін салып бітіру жоспарланған.
Әрине, 2019-2026 жылдары салынған мектептердің сапасы бұрынғы ғимараттардан әлдеқайда артық. Жаңа білім ошақтары арнаулы пән кабинеттерімен, STEM-зертханалармен, робототехника сыныптарымен, спорт залдарымен, шығармашылық алаңдарымен түгел жабдықталған. Барлық жаңа мектепте ерекше қажеттілігі бар балаларға пандустар мен лифтілер орнатылған, санитарлық тораптар бейімделген. Балалардың қауіпсіздігін сақтау үшін цифрлық бейнебақылау, турникеттер, дабыл батырмалары қойылып, заманауи шешімдер қолданылған.
Үйірме – үлкен мүмкіндік
Аталмыш реформалардың нәтижесінде қазір 3,5 миллион бала, яғни Қазақстандағы мектеп оқушыларының 90%-ы қосымша біліммен қамтылды. Үйірмелер желісі екі есеге жуық кеңейіп, 2024 жылғы 1 713-тен 2026 жылы 2 896-ға жетті. Соңғы үш жылда 26 мыңға жуық орынға шақталған 48 жаңа нысан пайдалануға берілді. Бұл орталықтар жас ұрпақтың спортпен, музыкамен, бейнелеу өнерімен, робототехникамен және IT-мен еркін шұғылдануына қажет. Жуырда Президент тапсырмасымен 100-ден аса оқушылар сарайы, 50-ге жуық балаларды сауықтыру орталығы ашылмақ.
Әлеуметтік әділдік қағидаты әсте ұмытылған жоқ. Бүгінде 2,2 миллион оқушы спорт секцияларына, шығармашылық үйірмелерге тегін қатысады, оның 1 миллионға жуығы – ауылдағы балалар. Осы орайда қосымша білімге бөлінетін қаржының ашықтығын арттыратын «Бір бала – бір ваучер» жүйесі қалыптасқан.
Былтыр маусым айында спорт, шығармашылық және қосымша білім бағыттарын біріктірген ваучерлік жүйе алғаш рет пилоттық режимде 6 аймақта (Астана, Шымкент қалалары һәм Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда облыстары) іске қосылды. Биыл бұл қатарға тағы 5 өңір (Абай, Ақмола, Жамбыл, Павлодар, Түркістан облыстары) кіріп, жоба республиканың 11 аймағына таралды.
Қосымша білім алу үшін 770 мыңнан астам бала дербес ваучерге ие болды. Мемлекеттік тапсырысты жырымдамай, ақшаны тікелей балаға беру жүйесі бюджет қаржысын жылыстату фактілеріне тосқауыл қойды. Цифрлық құралдардың көмегімен 38 мың заңбұзушылық анықталып, 2,9 миллиард теңге үнемделді.
Тегін ас – теңдік кепілі
Кейінгі жеті жылда оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету саясатының ауқымы кеңейіп, қамтылған балалар саны 3,5 еседей көбейді. 2019 жылы ақысыз ас-су 495,1 мың оқушыға бұйырса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 799 мыңға таяды. Биыл тегін ыстық тамақ ішетін оқушылар саны 1,7 миллионнан асты. Қаржыландыру көлемі де бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті: 2019 жылы мектептегі тамақтандыруды ұйымдастыруға 14,9 миллиард теңге бөлінсе, 2021 жылы 31,8 миллиард теңге бөлінген. Ал 2026 жылы осы мақсаттағы қаржы көлемі 210 миллиард теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 14 еседей ұлғайды. Бұл қаражат оқушыларды тегін тамақтандырумен ғана шектелмей, асханалардың санитарлық-гигиеналық жағдайын, ас мәзірінің сапасын бақылауға да бағытталды.
Бүгінгі қамқорлық – ертеңгі даму
«2019-2026 жылдары жүзеге асқан өзгерістер адам капиталын даусыз дамытады», – дейді сарапшылар. Дүниежүзілік банк пен ЮНИСЕФ-тің теориялары бойынша ерте жастан дұрыс тамақтану әрі жайлы ортада оқу баланың зейінін ашып, когнитивті қабілетін жақсартады екен. Қазақстандағы реформалар ЭЫДҰ-ның озық тәжірибесіне толық сай келеді. Мамандар әсіресе қайтарылған активтерді мектеп құрылысына жұмсау жұмыстарын үлгі тұтарлық әрекет деп бағалайды. ЮНИСЕФ зерттеулеріне сүйенсек, мектептегі тамақтандыру жүйесіне салынған әрбір 1 доллар ұзақмерзімді перспективада экономикаға 7-ден 9 долларға дейін жанама пайда әкелетін көрінеді. Қысқасы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласындағы стратегиялық саясаты нақты нәтижесін беріп жатыр.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ