Қазақстанда ата-анасының қарызы баласына қандай жағдайда өтетіні түсіндірілді

Мәселен, қайтыс болған адамнан 5 миллион теңгенің мүлкі мен 10 миллион теңге қарыз қалса, мұрагердің жауапкершілігі өзіне өткен мүліктің 5 миллион теңгелік құнымен шектеледі.

Қазақстанда қайтыс болған адамның артында қалған мүлкімен бірге қарызы да мұрагерлеріне өтуі мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес, мұраны қабылдаған азаматтар марқұмның қарыздары бойынша өздеріне өткен мүліктің құны шегінде ғана жауап береді. Яғни мұрагер қарызды өтеу үшін өз қалтасынан қосымша қаражат шығаруға міндетті емес.

Мәселен, қайтыс болған адамнан 5 миллион теңгенің мүлкі мен 10 миллион теңге қарыз қалса, мұрагердің жауапкершілігі өзіне өткен мүліктің 5 миллион теңгелік құнымен шектеледі.

Заң бойынша мұрагер мүлікті қабылдап, онымен бірге қалған қарыздан бөлек бас тарта алмайды. Мұраны қабылдау марқұмның мүліктік құқықтарымен қатар тиісті міндеттемелерін де қабылдауды білдіреді.

Дегенмен ата-анасының қарызы баласына автоматты түрде өтпейді. Мұрагер қарыз бойынша жауап беруі үшін мұраны қабылдаған болуы керек. Сондықтан мамандар мұраға кіріспес бұрын қайтыс болған адамның мүлкімен қатар өтелмеген қарыздарын да анықтауға кеңес береді.