Есік жазуы мен Мәшһүр Жүсіптің еңбектері ЮНЕСКО тізіміне енді

Бұл туралы Вице-президент Ерлан Қарин мәлімдеді.

Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасын танытатын тағы екі құндылық ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының өңірлік тізіміне енгізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл туралы Вице-президент Ерлан Қарин мәлімдеді.

Оның айтуынша, Индонезияның Джакарта қаласында өткен Азия-Тынық мұхиты өңірлік комитетінің 11-отырысында Қазақстан ұсынған «Есік жазуы» және «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының басылымдарға шыққан туындыларының топтамасы» атты екі номинацияны ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының өңірлік тізіліміне енгізу туралы шешім қабылданған.

«Мемлекет басшысының Қазақстанның құжаттық және материалдық емес мәдени мұрасын ЮНЕСКО-ның беделді тізімдеріне енгізу жөніндегі бастамаларын іске асыру жұмысы жалғасуда», – деп жазды Ерлан Қарин.

Вице-президент желтоқсан айында Қытайдың Сямынь қаласында өтетін ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитетінің 21-сессиясында тағы үш номинацияның тағдыры шешілетінін жеткізді.

Атап айтқанда, Қазақстанның қатысуымен әзірленген «Кесте өнері: біз кесте, бедел кесте» және «Дәстүрлі киіз басу: киіз басу» атты көпұлтты номинациялар, сондай-ақ еліміз ұсынған «Салбурын: тазы ертіп, бүркіт салатын атбегілер фестивалі» Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілуі мүмкін.

«Қазіргі уақытта ЮНЕСКО-ның бағалау органы аталған номинацияларды тізімге енгізу жөнінде оң қорытынды беріп отыр. Осылайша, ЮНЕСКО тізімдері ұлтымыз бен еліміздің тарихи-мәдени мұрасын танытатын жаңа қазақстандық номинациялармен толығуда», – деді Ерлан Қарин.