Мемлекет басшысы Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттады

Президенттің айтуынша, қазақ пен тәжік халықтарын ғасырлардан тамыр тартатын достық, рухани үндестік және ортақ тарихи тағдыр байланыстырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі салтанатты рәсімнің мәні терең әрі символикалық тұрғыдан ерекше екенін атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Президенттің айтуынша, қазақ пен тәжік халықтарын ғасырлардан тамыр тартатын достық, рухани үндестік және ортақ тарихи тағдыр байланыстырады.

– Біздің өңіріміз әлемге көрнекті ойшылдар, ғалымдар, шайырлар мен ағартушылардың тұтас шоғырын сыйлады. Олардың мұрасы жекелеген елдер мен халықтардың ауқымынан асып, кең таралды. Ислам қайта өрлеу дәуірінің ең көрнекті тұлғаларының бірі – Қожа Ахмет Ясауи. Қазақ халқы ұлы ғұлама әрі ағартушы есімін ертеден ерекше қастер тұтады, киелі санайды. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи мұрасы – бүкіл өркениетке және әрине, ғасырлар бойы ортақ рухани дәстүрлері қалыптасқан Орталық Азия халықтарына тиесілі қазына, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы ұлы ойшылдың ілімі адамгершілік, әділет, мейірім және гуманизм идеяларына тұнып тұрғанын атап өтті.

– Бұл ілім шын мәнінде дүниетанымымызды, болмысымызды, өмір салтымызды қалыптастырды, жүздеген жылдар бойы адамдарды біріктіріп, олардың жақсылық пен жасампаздыққа деген сенімін арттырды. Ясауи танымы заманынан озық еді. Сондықтан бүгінге дейін ғибратты ғұмыр жолын нұсқайтын өзіндік бір рухани-адамгершілік бағдар қызметін атқарып келеді. Өзіңізге мәлім, құрметті Эмомали Шарипович, қолға алған реформалардың нәтижесінде қоғамымыз жан-жақты жаңғыруда. Жаңа қоғамдық этика қалыптастыру осы сан алуан жұмыстың ішінде ерекше орын алады. Қожа Ахмет Ясауи дәріптеген биік адамгершілік мұраттар, сондай-ақ әділет, еңбекқорлық, тазалық, патриотизм қағидаттары елімізде қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналды. Ясауи мұрасына айрықша мән бере отырып, биыл ұлы ойшыл, ғұлама, ағартушы тұлғаның құрметіне жаңа мемлекеттік марапат белгілеуді ұсындым, – деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонның есімі қазіргі Тәжікстан тарихында ерекше орын алатынына тоқталды.

– Сізге күрделі, тіпті тағдыршешті деуге болатын кезеңде елге жетекшілік жасау және Тәжікстанды бейбітшілік, бірлік пен жасампаз даму жолына бастау сынды зор тарихи жауапкершілік жүктелді. Тегеурінді әрі парасатты басшылығыңызбен Тәжікстан өзінің мемлекеттілігі мен қоғамдық келісімді нығайтып, қарқынды өркендеу жолына бет алды. Сондықтан тәжік халқы Сіздің Отан алдындағы тарихи еңбегіңізді бағалап, Ұлт көшбасшысы деп атайды. Қазақстан жұртшылығы да Сізді өз халқына және күллі Орталық Азия елдеріне өлшеусіз еңбек сіңірген мемлекет қайраткері санайды. Сіз рухани негіздерімізді нығайтуға, тарихи жадыны және ұлттық мәдени мұраны сақтауға ұдайы көңіл бөліп келесіз. Тәжік халқының тарихы мен мәдениетін, көрнекті ойшылдар мен шайырлардың шығармаларын насихаттау жөніндегі бастамаларыңыз зор құрметке лайық, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Эмомали Рахмонның Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сан қырлы байланыстарды тереңдетуде айрықша рөл атқарғанына назар аударды.

– Орталық Азияның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайтуға қосқан үлесіңіз – өлшеусіз. Баршаға мәлім беделіңіз, бай мемлекеттік тәжірибеңіз және бейбітшілік пен ынтымақтастық идеясына деген берік ұстанымыңыз біздің аймақтағы өзара түсіністік пен сенімді бекітуге септігін тигізді. Рухани-мәдени құндылықтарды сақтауға, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы достық және одақтастық қатынастарды дамытуға қосқан елеулі үлесіңізді ескере отырып, Сізді, құрметті Эмомали Шарипович, Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттау жөнінде шешім қабылдадым. Бұл жоғары награда – Қазақстан халқының Сізге және бауырлас тәжік еліне көрсеткен шынайы құрметінің белгісі. Осы рәсім елдеріміздің мызғымас достығының тағы бір жарқын нышанына айналады деп сенемін. Құрметті Эмомали Шарипович, Сізге сарқылмас күш-қуат, жауапты қызметіңізге толайым табыс тілеймін, бауырлас тәжік халқы Сіздің басшылығыңызбен бейбіт өмір сүріп, өркендей берсін, – деді Қазақстан Президенті.

Тәжікстан Президенті Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасын тапсырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

– Бұл марапатты мемлекеттеріміз арасындағы жоғары деңгейдегі өзара құрмет пен сенімнің тағы бір дәлелі санаймын. Ең алдымен, бауырлас Қазақстанмен достық пен ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтып келе жатқан тәжік халқының еңбегіне берілген баға деп білемін. Бүгінде елдеріміздің қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстардың барлық негізгі бағыты бойынша орнықты дамып келе жатқаны қуантады. Біздің одақтастығымыз бен стратегиялық серіктестігіміз қос халықтың игілігі жолында алдағы уақытта да беки беретініне сенімдімін, – деді Эмомали Рахмон.