Павлодар облысында кәмелетке толмаған қызға жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен 39 жастағы ер адам 20 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Алты жасында басынан өткен оқиғаны ешкімге айта алмаған қыз арада бірнеше жыл өткенде ChatGPT-ге жазып, көмек сұраған. Осыдан кейін қылмыс әшкереленді.
Оқиға 2020 жылы болған. Ол кезде небәрі алты жастағы қыз нағашы ағасының тарапынан жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Бала қорыққандықтан, басынан өткен жағдайды ата-анасына да, басқа жақындарына да айтпаған. Осылайша ауыр оқиғаны бірнеше жыл бойы ішінде сақтап келген. 2025 жылдың күзінде нағашы ағасы қызға қайта хабарласып, гитара сыйлауға уәде берген. Бұл жағдай оның бұрынғы қорқынышын қайта оятып, психологиялық күйзелісіне себеп болған.
Сол кезде 12 жастағы қыз өз басынан өткен жағдайды ChatGPT-ге жазған. Ол жасанды интеллектпен сөйлесу барысында бірнеше жыл бұрын көрген зорлық-зомбылық туралы айтып, өзіне қол жұмсау жөнінде ойлары бар екенін де жеткізген. ChatGPT оған психологтың көмегіне жүгінуге кеңес беріп, шұғыл көмек көрсететін қызметтердің байланыс нөмірлерін ұсынған. Осыдан кейін қыз балалар мен отбасыларға көмек көрсететін 111 байланыс орталығына хабарласқан.
Орталық мамандары қыздың жағдайына назар аударып, оны психологпен байланыстырған. Кейін болған оқиға анасына белгілі болып, құқық қорғау органдарына хабар берілген. Осылайша бірнеше жыл бойы жасырын қалған қылмыс бойынша тергеу басталған.
2026 жылғы 3 қарашада Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қылмыстық істі қарап, 39 жастағы ер адамды 20 жылға бас бостандығынан айырды. Сот шешімі жарияланған кезде үкім әлі заңды күшіне енбеген.
Бұл оқиғада жасанды интеллект қылмысты өздігінен анықтаған жоқ. ChatGPT қызға психологиялық көмек алудың жолын көрсеткен. Ал оның қауіпсіздігіне қатысты шаралар қабылдап, оқиғаның құқық қорғау органдарына жетуіне 111 байланыс орталығының мамандары ықпал еткен. Сот отырысында ер адам өз кінәсін мойындамаған. Бірақ судья Нұрлан Айтбаевтың айтуынша, ол сотқа дейінгі тергеу барысында қорғалуға құқығы бар куә мәртебесінде жауап берген кезде жасаған әрекетін мойындаған. Істі қарау кезінде қыздың сөзін 111 байланыс орталығының қызметкері мен болған жағдайдан хабардар құрбысының айғақтары да растаған. Сотталушы қамауда отырған кезінде өзіне заңсыз тергеу тәсілдері қолданылғанын мәлімдегенімен, бұл уәж дәлелденбеген.
Бастапқыда ер адамға 2019 жылғы желтоқсан мен 2020 жылғы қаңтарда болған тағы екі оқиға бойынша айып тағылған. Бірақ олардың сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелмегені анықталып, сот бұл эпизодтарды айыптау көлемінен алып тастаған. Жаза тағайындау кезінде ер адамның бұрын сотталмағаны және тұрғылықты жерінен оң мінездеме берілгені ескерілген. Сот Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігі бойынша оны кінәлі деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар оған өмір бойы педагогикалық қызметпен және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты қызметтермен айналысуға тыйым салынды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.