Ақмола облысында қызметтік міндетін атқару кезінде жол апатына ұшырап, көз жұмған 35 жастағы полиция капитаны Данияр Таевты ақтық сапарға шығарып салды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
6 қарашада өткен қоштасу рәсіміне марқұмның туған-туыстары, жақындары, әріптестері, Ақмола облыстық полиция департаментінің басшылығы мен қызметкерлері, сондай-ақ өңір тұрғындары жиналды. Данияр Таевты әскери құрметпен шығарып салып, офицердің рухына тағзым ретінде үш мәрте оқ атылды.
Қоштасу рәсімінде Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің марқұмның отбасына жолдаған көңіл айту жеделхаты оқылды. Министр Данияр Таевтың соңғы сәтіне дейін антына адал болып, қызметтік борышын абыроймен атқарғанын атап өткен. Әріптестері де оны жауапкершілігі жоғары, әрдайым көмекке келуге дайын, сенімді жолдас ретінде еске алды.
Еске сала кеткен жөн болар, қайғылы оқиға 3 қарашада "Астана–Петропавл" тасжолында болған. Данияр Таев жол жөндеу жұмыстарына жұмылдырылған арнаулы техниканы бастап жүріп, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. Алдын ала мәлімет бойынша, JAC автокөлігінің жүргізушісі жылдамдықты асырып, қауіпсіз арақашықтықты сақтамаған. Соның салдарынан полицияның қызметтік көлігіне соғылған.
Апат кезінде полиция капитаны басынан ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, 4 қарашада Данияр Таев көз жұмды. Жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалып, JAC көлігінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір оқиғаның мән-жайы тергеліп жатыр.