Халық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов Ақтаудағы жекеменшік «Тұлпар» мектебінде тазалықшы әйелдің шелегін теуіп жіберген оқиғаға қатысты пікір білдіріп, құзырлы органдардан тексеру жүргізуді талап етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Мұрат Әбенов әлеуметтік желідегі жазбасында мектеп құрылтайшысының жұбайы делінген әйелдің әрекетін қатаң сынға алды.
«Шеттен келіп, біздің елде бизнес жасап отырған адамдарға қарапайым қазақ әйелін қорлауға кім құқық берді? Қазақстанның нанын жеп, мемлекеттің бюджетінен миллиондап қаржы алып отырып, өз азаматтарымызды басыну – бұл шектен шыққан бассыздық», – деді ол.
Оның айтуынша, мектептің кейбір қызметкерлері тамыз айынан бері жалақысын ала алмай жүрген көрінеді. Сондай-ақ ол оқу орнының құрылтайшысы ретінде аталған Халеф Челикке байланысты үш ЖШС тіркелгенін айтып, олардың қызметін және мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың жұмсалуын тексеру қажет екенін жеткізді.
«Егер ол жерге мемлекеттің қазынасынан қаржы құйылса, ол халықтың ақшасы. Жалпы қандастарымыз азаматтық ала алмай жатқанда Түркиядан келгендер қалай ҚР азаматы болған? Миграциялық заңдылық сақталған ба?» – деп сұрады Әбенов.
Осыған байланысты ол полиция мен прокуратураны оқиғаға құқықтық баға беруге, Қаржылық мониторинг агенттігі мен еңбек инспекциясын мектепке қатысты қаржылық және еңбек заңнамасының сақталуын тексеруге шақырды.