«Нұр-Мұқасан» тобының бұрынғы мүшесі Мұқасан Шахзадаев өнердегі әріптесі Нұрланмен арадағы қарым-қатынасы туралы айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әнші бүгінде онымен мүлдем араласпайтынын, тіпті кездесіп қалса да амандаспайтынын жасырмады.
Ол «Жетінші арнаға» берген сұхбатында Нұрланмен арадағы өкпе-реніштің әлі басылмағанын жеткізді. Оның сөзінше, бұрынғы әріптесі бірнеше рет өзі бірінші болып қол созғанымен, ол амандасудан бас тартқан.
«Мен амандаспаймын. 2-3 тойда қызып жатқан кезде маған қолын созды. Қолын алмай қойдым. Ең бастысы аман болсыншы», – деді Мұқасан Шахзадаев.
Әншінің бұл сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Көпшілік оның әрекетін құптамай, арада қандай реніш болса да, амандасудан бас тартуды жөн көрмейтінін жазған.
«Адам жауымен де амандасады», «Нұрлан бірінші болып қол беруі оның жақсы адам екенін көрсетеді», «Сенсіз де Нұрланның таңы атады, бірақ амандасуға созған қолды алу керек», «Еркектің әңгімесі ме енді осы?» – деп пікір қалдырды желі қолданушылары.
Айта кеткен жөн, кезінде «Нұр-Мұқасан» тобы қазақ эстрадасында кеңінен танылып, тыңдарманның ықыласына бөленген.