«Кішкентай қызы жетім қалды»: Ақтөбеде ер адам бұрынғы әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталды

Ақтөбеде 5 қараша күні әйел адам қаза тапты.

Қылмысқа оның бұрынғы күйеуі күдікті ретінде ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Марқұмның артында кішкентай қызы қалды.

Қайғылы жағдай туралы алғашқылардың бірі болып марқұмның сіңлісі әлеуметтік желіде жазды. Оның айтуынша, әпкесі мен бұрынғы күйеуінің ортақ кішкентай қызы болған. Жақынынан айырылған әйел қайғысын бөлісіп, баланың анасыз қалғанына күйінді.

«Кеше түнде Ақтөбеде менің әпкемді бұрынғы күйеуі өлтіріп кетті. Екеуінің ортақ баласы бар еді. Еркектер сендерге не болған? Жап-жас қызды қорлап өлтіріп тастады, өзі түрмеге кетті, кішкентай қызы жетім қалды», – деп жазды марқұмның сіңлісі.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті әйелдің қаза тапқанын растады. Ведомство мәліметінше, күдікті көп ұзамай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Алдын ала болжам бойынша, қылмыс бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы тұрмыстық жанжалдан кейін болған.

«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыс бұрынғы ерлі-зайыптылар арасында тұрмыстық жанжал салдарынан болған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – деді Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Қалиев.

Полицияның хабарлауынша, бұған дейін аталған отбасыдағы жанжалдарға қатысты құқық қорғау органдарына арыз-шағым түспеген. Қазір қылмыстың мән-жайы анықталып жатыр.