Әсіресе ауданның оңтүстік бөлігіндегі жағдай алаңдатарлық. Мұндағы электр желілерінің тозу деңгейі 90 пайызға жеткен. Ал 2022 жылдан бері тіркелген технологиялық бұзушылықтар саны 3 мыңнан асып жығылған. Енді 17 мың тұрғынды тұрақты электр қуатымен қамту үшін ескі желілерді жаңарту жобасы қолға алынбақ, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Электр жарығының бір сәтке сөнуі қала тұрғыны үшін уақытша қолайсыздық болуы мүмкін. Ал қыстың көзі қырауда, аудан орталығынан шалғай жатқан ауыл халқы үшін оның салдары әлдеқайда ауыр. Үйдің жылуы, тұрмыстық техника, су жүйесі мен күнделікті тіршіліктің бәрі тікелей электр қуатына тәуелді. Сондықтан Зеренді ауданындағы ескірген электр желілерінің жай-күйі тек энергетика саласының емес, мыңдаған тұрғынның тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін өзекті мәселе.
Ақмола облысындағы электр желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 32 мың шақырымды құрайды. Өңірде электр энергиясын жеткізу мен тарату жұмыстарын «Ақмола электр желілік тарату компаниясы» АҚ және «Көкшетау Энерго» ЖШС жүзеге асырады. Өңірде электр желілерінің көпшілігі тозып тұрғанымен өңірдің сала басшылығының айтуынша соңғы жылдары біршама іргелі жұмыстар жүргізілген.
- Соңғы екі жылда инвестициялық бағдарламалар аясында 5 мың шақырымнан астам электр желісі мен 1 300-ге жуық қосалқы станса жөндеуден өткен. Соның нәтижесінде өңірдегі электр желілерінің орташа тозу деңгейі 62 пайыздан 59 пайызға дейін төмендеді, - дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаев.
Бұл әрине үлкен ілгерілеу. Алайда облыстағы барлық аумақтың жағдайы бірдей емес. Кейбір елді мекендерде желілердің тозуы өңірлік орташа көрсеткіштен әлдеқайда асып кеткен.
90 пайызға тозған желі: мәселенің түйіні неде?
Ең күрделі жағдай Зеренді ауданының оңтүстік бөлігінде қалыптасып отыр. Мұндағы ұзындығы 882 шақырым болатын электр желілері «Зеренді-групп» акционерлік қоғамының меншігінде. Желілердің басым бөлігі 1960–1970 жылдары салынған. Содан бері ондаған жыл өтсе де, олардың едәуір бөлігі әлі күнге дейін ауылдарды электр қуатымен қамтамасыз етіп келеді.
Облыстық басқарма басшысының мәліметінше, аталған желілердің тозу деңгейі 90 пайызға жеткен. Ал 2022 жылдан бері 3 мыңнан астам технологиялық бұзушылық тіркелген. Бұл көрсеткіштің өзі мәселенің қаншалықты күрделі екенін аңғартады. Өткен ғасырда тартылған инфрақұрылымның бүгінгі жүктемені көтеруі барған сайын қиындай түскені анық. Ал электр желілеріндегі ақаулардың жиілеуі тұрғындарды тұрақты әрі сапалы қызметпен қамтамасыз етуге кедергі келтіреді.
31 ауылдың электр желісі жаңартыла ма?
Жағдайды түбегейлі шешу үшін жаңа электр желілерін салу жобасы әзірленген. Оның бірінші кезеңі 20 елді мекенді қамтымақ. Олардың қатарында Айдарлы, Қошқарбай, Көктөтерек, Ортағаш, Қарашілік, Қызылегіс, Приречное, Павловка, Ақадір, Ұялы, Ескенжал, Шағалалы, Қанай би, Исаковка, Костомаровка, М. Ғабдуллин, Дороговка, М. Түкті, Серафимовка және Игілік ауылдары бар.
Сонымен қатар жобаның екінші кезеңі де әзірленіп жатыр. Ол қосымша 11 ауылды қамтиды. Атап айтқанда, Бөгенбай би, Викторовка, Красиловка, Кенөткел, Қарсақ, Троицкое, Айдабол, Ермаковка, Красный Кордон, Үлгілі және Бәйтерек елді мекендерінде жаңа электр желілерін салу жоспарланыпты. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда ауданның оңтүстік бөлігіндегі 17 мың тұрғын тұрақты электрмен жабдықталып, апаттық жағдайлар саны азаюы тиіс.
Өңір бойынша 69 миллиард теңгелік жоба жүзеге аспақ
Жалпы облыста электр энергетикасы инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары ұлттық жоба аясында жалғасып жатыр. Алдағы уақытта электр беру желілері мен қосалқы стансаларды жаңартуға бағытталған 75 жобаны жүзеге асыру көзделген. Олардың жалпы құны 69 миллиард теңге. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін өңірдегі электр желілерінің тозу деңгейін қосымша төмендетіп, 57 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Әрине, 32 мың шақырымға созылған электр желілерін бір мезетте жаңарту оңай емес. Алайда Зеренді ауданының оңтүстігіндегі жағдай инфрақұрылымды жаңғыртуды кейінге қалдыруға болмайтынын көрсетіп отыр. Өйткені электр желісінің тозуы – жай ғана статистика емес. Оның артында жарықсыз қалған үйлер, тоқтаған тіршілік, бұзылған тұрмыс және күнделікті қиындықпен бетпе-бет келетін мыңдаған ауыл тұрғыны тұр.
Ендігі басты мәселе жобалардың қағаз жүзінде қалмай, нақты іске асуы болып отыр. Жарықтың жиі сөнуінен қажыған 17 мың адамның тұрақты жарыққа қол жеткізуі үшін жаңа желілердің құрылысы белгіленген мерзімде басталып, сапалы аяқталуы қажет. Ондаған ауыл халқы жөндеу жұмыстарын жылдар бойы күтіп отыр.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы