Жыл басынан бері ШҚО-да балық аулау кезінде 7 адам қаза тапты

Мамандардың айтуынша, қайғылы жағдайдың басым бөлігі балықшылардың қайықтан құлап кетуінен, суға құтқару кеудешесін кимей шығуынан және қолайсыз ауа райы жағдайын елемеуінен болған.

Шығыс Қазақстан облысында жылдың басынан бері су айдынында балық аулау кезінде жеті адам қаза тапты,  деп хабарлайды Aikyn.kz cайты.

Құтқарушылар қайғылы оқиғаларды саралап, балықшылардың өліміне себеп болған негізгі факторды атады.

- Күзде облыстың өзен-көлдерінде балық аулаушының қатары көбейеді. Осыған байланысты құтқарушылар қауіпсіздік шараларын түсіндіру жұмысын күшейтті. Жыл басынан бері мамандар 300-ден астам рейд өткізіп, балықшыларға судағы қауіпсіздік ережелерін ескертіп жатыр, - деп хабарлады ШҚО ТЖД.

Олар қайықтағы әр адамның міндетті түрде құтқару кеудешесін киюі қажеттігін еске салды. Сонымен қатар суға шығар алдында жүзу құралының жарамдылығын тексеріп, өзімен бірге құтқару шеңбері мен қайыққа кірген суды төгуге арналған ыдыс алуға кеңес берді.

- Балық аулауға аттанбас бұрын ауа райы болжамын тексеріп, жақындарына қай жерде болатынын және қай уақытта оралуды жоспарлағанын хабарлау қажет. Су айдынында қараңғы түскенше қалмаған жөн. Балықшылардың жанында дәрі қобдишасы, жергілікті жердің картасы, берік арқан, ысқырық және су өткізбейтін қаптағы ұялы телефон болуы керек. Ең бастысы, құтқару кеудешесі киіп алуы тиіс, - делінген ақпаратта.