Салдарынан бір әйел оқиға орнында көз жұмып, бес адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің арасында төрт бала бар, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Қайғылы оқиға 8 қараша күні «Астана – Атбасар – Жақсы» автожолының 329-шақырымында, Қазақ ауылының маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Camry автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, көлікті жол жиегіндегі кюветке аударып алған.
Жол апаты салдарынан көліктегі әйел жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Тағы бес адам түрлі деңгейдегі жарақат алды. Олардың арасында 13, 11, 5 жастағы балалар мен бір жасар сәби бар. Сондай-ақ жас әйел де зардап шеккен. Жарақат алғандардың барлығы Жақсы аудандық ауруханасына жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілген.
– Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесіне қарай тиісті процестік шешім қабылданады, – деді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, белгіленген жылдамдық режимінен аспауға және көлік басқару кезінде барынша мұқият болуға шақырды. Бір сәттік салғырттықтың соңы орны толмас өкінішке ұласуы мүмкін. Әсіресе, көлікте балалар мен жақындарыңыз отырғанда, жолдағы әрбір шешімнің жауапкершілігі еселене түсетінін ұмытпаған жөн.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы