Ақмола облысында 744-тен астам көлік кері қайтарылды: жүргізушілер қысқы дөңгелексіз жолға шыққан

Ақмола облысында ауа райының күрт бұзылуына байланысты республикалық маңызы бар тасжолдарда полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Қысқы жолға дайын болмай, жазғы дөңгелекпен сапарға шыққан 744-тен астам көлік кері қайтарылған. Полиция бұл әрекет ықтимал жол апаттарының алдын алып, жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Полиция департаментінің мәліметінше, 8-9 қараша күндері өңірдегі бірнеше республикалық маңызы бар автожолда жазғы шиналармен жабдықталған көліктердің қозғалысына уақытша шектеу енгізілген. Атап айтқанда, «Астана – Щучинск», «Астана – Шідерті – Павлодар» және «Көкшетау – Атбасар» бағыттарында шектеу шаралары қолданылған. Бұдан бөлек, ауа райы мен жолдың нақты жағдайын ескере отырып, республикалық трассалардың жекелеген учаскелерінде көлік қозғалысының жылдамдығы төмендетілген.

– Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері қысқы жағдайға бейімделмеген, жазғы дөңгелекпен жүрген 744-тен астам автокөліктің жолын бөгеп, республикалық тасжолдармен әрі қарай жүруіне жол бермеді, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Бір өкініштісі, полицейлердің қыс мезгіліне алдын ала дайындалу қажеттігі туралы бірнеше рет ескертуіне қарамастан, кейбір жүргізушілер жазғы дөңгелекпен жолға шығуын жалғастырған. Ал ауа райы қолайсыз кезде мұндай жауапсыздықтың соңы ауыр жол апатына ұласуы мүмкін. Осыған байланысты Ақмола облысының Полиция департаменті жүргізушілерге тағы да үндеу жасады. Тәртіп сақшылары көліктің жазғы дөңгелектерін қысқы шинаға уақытылы ауыстыруды, сапар алдында ауа райын ескеруді, белгіленген жылдамдық режимін сақтауды және көліктер арасындағы қауіпсіз қашықтықты ұстануды ескертеді.

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы