Израиль президенті үкімет құруды Нетаньяхуға емес, оппозицияға тапсырды

Израильде 27 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін елде жаңа саяси кезең басталды. Президент Ицхак Герцог үкімет жасақтауды қазіргі премьер-министр Беньямин Нетаньяхуға емес, оның саяси қарсыласы Гади Айзенкотқа берді.

Associated Press пен Reuters материалдары бойынша Aikyn.kz Израильдегі билік үшін күрестің жаңа кезеңі мен қазіргі премьер-министр Нетаньяхудың қызметінен кету ықтималдығын болжайды.

7 қарашада президент Ицхак Герцог «Яшар» партиясының жетекшісі Гади Айзенкотқа жаңа үкімет құруды тапсыратынын жариялады. Ресми мандатты табыстау рәсімі 8 қарашада өтеді деп жоспарланған.

Бұрын Израиль армиясының Бас штабына жетекшілік еткен Айзенкот сайлауда Нетаньяхудың негізгі қарсыласы болды. Енді оның алдында саяси көзқарастары әртүрлі партияларды біріктіріп, тұрақты үкімет қалыптастыру міндеті тұр.

«Қазір ұлттық төтенше жағдай үкіметін құратын уақыт келді. Бізге артылған сенімді ақтау үшін бар күшімді саламын», – деп жазды Айзенкот X (Twitter) әлеуметтік желісінде.

Бірақ президенттің шешімі Айзенкоттың премьер-министр қызметіне міндетті түрде келетінін білдірмейді. Израиль заңнамасына сәйкес, оған коалиция құру үшін алдымен 28 күн беріледі. Қажет болған жағдайда бұл мерзім тағы 14 күнге ұзартылады.

Сайлау нәтижесі Израиль қоғамындағы саяси жіктелудің тереңдігін көрсетті. Нетаньяхудың «Ликуд» партиясы 120 орындық Кнессеттің 27 мандатына ие болды. Оның одақтастарын қосқандағы саяси блогы 53-орынға ие.

Ал Айзенкоттың «Яшар» партиясына 21 мандат бұйырды, оны қолдайтын оппозициялық блоктың еншісінде 48 орын бар. Үкімет құру үшін кемінде 61 депутаттың қолдауы қажет. Демек, екі тарап та сайлауда парламенттік көпшілікке қол жеткізе алмады.

Президентпен өткен кеңестерде 67 депутат Айзенкотқа үкімет құру мандатын беруді ұсынған. Нетаньяхуды 46 депутат қолдаса, жеті депутаттан тұратын бір фракция ешкімді ұсынбаған. Бірақ 67 депутаттың Айзенкот кандидатурасын қолдауы олардың барлығы болашақ үкіметке кіруге дайын деген сөз емес.

Сайлаудың басты ерекшеліктерінің бірі – араб партияларының ықпалының артуы. Олар парламенттен жалпы 19 орын алып, коалиция құру келіссөздеріндегі шешуші күштердің біріне айналды. Айзенкот үшін осы партиялармен ынтымақтастық орнату парламенттік көпшілікке жол ашуы мүмкін. Бірақ бұндай одақ Израильдің қазіргі саяси ахуалында үлкен қарсылық туғызуы ықтимал.

2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС бастаған шабуылдардан кейін Газа аймағында бірнеше жылға созылған соғыс Израиль қоғамындағы қайшылықтарды тереңдете түсті. Нетаньяху араб партияларымен одақ құруға үзілді-кесілді қарсы. Ол араб партияларының қолдауымен жасақталатын үкіметті ұлттық қауіпсіздікке қатер ретінде сипаттап, қарсыластарына айып тақты.Бұған дейін премьер-министр араб партияларына қатысты сайлауда заңсыз әрекеттер жасалды деген мәлімдемелер де жасаған. Бірақ сайлау нәтижесі бұрмаланғанын растайтын дәлелдер ұсынылмаған.

Айзенкот болса, белгілі бір талаптар орындалған жағдайда араб партияларымен ынтымақтастық орнатуға дайын. Ондай талаптарға – ХАМАС-ты террористік ұйым ретінде тану және оның Газа секторындағы билігін тоқтату ұстанымын қолдау жатады. Дегенмен Айзенкоттың өз одақтастарының арасында да бұндай келісімге қарсы саясаткерлер бар.

Тығырықтан шығудың басқа жолдары да қарастырылып жатыр. Айзенкот діни партиялармен келісімге келуі немесе «Ликудпен» бірлескен ұлттық бірлік үкіметін құруы мүмкін. Алайда екі саясаткердің арасындағы келіспеушілік аз емес. Әсіресе, ультраортодокс еврейлерді міндетті әскери қызметтен босату және 2023 жылғы 7 қазандағы қауіпсіздік жүйесінің кемшіліктерін ресми тергеу мәселелері өткір талас туғызуда.

Айзенкот үкімет жасақтай алмаса, президент бұл мүмкіндікті басқа саясаткерге, соның ішінде Нетаньяхуға бере алады. Ал саяси күштер келісімге келмеген жағдайда Израильде кезектен тыс сайлау өткізіледі. 

Осылайша, Израильде билік үшін күрес әлі аяқталған жоқ. Нетаньяху партиясы парламенттегі ең ірі саяси күш мәртебесін сақтап қалғанымен, оның билікте қалуы бұрынғыдан күрделене түсті. Ал Айзенкоттың саяси болашағы сайлаудағы жетістігінен гөрі бір-біріне қайшы мүдделерді тоғыстыра алу қабілетіне байланысты болмақ.