Шағын бизнеске үш жылдық мораторий: 2030 жылы кәсіпкерлерді не күтіп тұр?

Президент 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесін талқылауды ұсынды. Әрине, бұл кәсіпкерлер үшін жақсы жаңалық. Алайда үш жылдан кейін не болады, не өзгереді? Мұндай шара ел экономикасына қаншалықты тиімді? Бұл мораторий кезінде кәсіпкерлер салық есептілігіндегі қателіктер үшін алаңдамаса да болады дегенді білдіре ме?

 Осы сұрақтарға Qazaq Expert Club сарапшысы, салық кеңесшісі Раушан Тасшоинова жауап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ол 2020 жылдан 2023 жылдың соңына дейін қолданылған соңғы мораторийдің тәжірибесіне назар аударуды ұсынады. Алайда сарапшы бұған дейінгі мораторийлерде де ерекше жағдайлар қарастырылып, тексерулердің жекелеген түрлері сақталғанын бірден атап өтеді. Сондықтан жаңа бастаманы талқылағанда, оның нақты шарттары, соның ішінде мораторийден тыс қалатын тексерулердің тізімі бекітілгенін күту маңызды.

Тасшоинова Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің деректеріне сүйенеді. Оларға сәйкес, 2019 жылы бизнеске қатысты шамамен 128 мың тексеру жүргізілсе, 2020 жылы олардың саны 27 мыңнан сәл асқан. Яғни, тексерулер саны шамамен 79%-ға қысқарған.

«Алайда дәл осы кезеңде карантиндік шектеулер де қолданылды. Сондықтан бұл көрсеткіштерге қарап, тексерулер санының қысқаруының қаншалықты бөлігі тікелей мораторийге байланысты болғанын анықтау мүмкін емес.

Мораторий аяқталғаннан кейін тексерулер саны бастапқыда өсті. 2024 жылдың І тоқсанында жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізілген тексерулер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге жуық артты. Сауалнамаға қатысқандардың 46%-ы мораторий аяқталғаннан кейін әкімшілік қысымның күшейгенін хабарлады. Алайда бұл өсім тұрақты үрдіске айналған жоқ: 2025 жылы бизнеске жүргізілген тексерулердің жалпы саны 4,9%-ға азайды», – дейді салық кеңесшісі.

2029 жылдан кейін кәсіпкерлерді не күтіп тұр? Раушан Тасшоинованың пікірінше, мораторий белгілі бір тексерулерді жүргізуді шектегенімен, салықтарды дұрыс есептеу және төлеу міндетін жоймайды. Оның үстіне, қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес, талап қоюдың жалпы ескіру мерзімі үш жылды құрайды, ал салық төлеушілердің жекелеген санаттары үшін бес жылдық мерзім қарастырылған. Сондай-ақ заңнамада бұл мерзімді ұзарту және оның өтуін тоқтата тұру үшін арнайы негіздер көзделген.

Яғни, мораторий 2029 жылғы 31 желтоқсанда аяқталса, 2030 жылы әдеттегі үш жылдық ескіру мерзімі қолданылған жағдайда 2027, 2028 және 2029 жылдардағы салық кезеңдері әлі де тексерілуі мүмкін.

«Салық органдары заңда көзделген негіздер болған жағдайда мұндай тексерулерді жүргізе алады, – деп түсіндіреді сарапшы. – Сондықтан мораторий кезінде есептеулер мен есептілікте жіберілген қателіктер оның мерзімі аяқталғаннан кейін қосымша салықтар, өсімпұлдар мен айыппұлдар есептелуіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар камералдық бақылау және заңнамада қарастырылған басқа да рәсімдер мораторий кезінде де жалғасуы ықтимал».

Мораторий кезінде нақты қандай тексерулерге рұқсат етілетіні оның ережелері бекітілгеннен кейін белгілі болады.

Сондықтан Тасшоинова атап өткендей, есептеулер мен есептіліктегі қателіктерді түзетуді 2030 жылға дейін кейінге қалдыру қауіпті. Егер заңбұзушылықтар кейінірек, бірақ қолданылатын ескіру мерзімі шегінде анықталса, қосымша салықтар, өсімпұлдар мен айыппұлдар есептелуі мүмкін.

Сарапшы сондай-ақ микро және шағын бизнес үшін 2026 жылдан бастап белгілі бір жеңілдіктер қолданылып жатқанын еске салады. Атап айтқанда, олар 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңдер бойынша міндеттемелерге қатысты жекелеген салықтық тексерулер мен бақылау шараларын қамтиды. Бұл жеңілдіктерді шарттары әлі бекітілмеген жаңа үш жылдық мораторийден ажырата білу қажет.

«Президент Жолдауында ықтимал мораторийді бақылау-қадағалау жүйесін қайта жаңғырту және реттеудің цифрлық моделіне көшу үшін берілетін стратегиялық үзіліс деп атады. Расында да, бұл бизнеске уақытша тыныс алуға мүмкіндік береді. Ал оның экономикаға тікелей әсеріне келсек, менің ойымша, мораторийдің ұзақмерзімді құндылығы осы үш жыл ішінде мемлекеттік бақылауды қаншалықты түсінікті, жедел әрі болжамды етуге болатынына байланысты. Сонда мораторийдің аяқталуы бұрынғы проблемаларға қайта оралуды білдірмейді», – деп қорытындылады сарапшы.