Шу қаласының тұрғыны Ақтөбеде 100 келі марихуананы 13 миллион теңгеге сатпақ болған. Алайда ер адаммен сатып алушының атын жамылған ҰҚК қызметкері байланысқа шыққан, – деп хабарлайды Aikyn.kz cайты «Диапазон» газетіне сілтеме жасап.
Басылымның хабарлауынша, Шу қаласының 43 жастағы тұрғыны есірткіні сатуға әрекеттенгені үшін ұсталған. Іс Ақтөбе қаласының мамандандырылған сотында қаралды.
Айыпталушы «Ақтөбе – Атырау» тасжолы бойында көлігінен түсіп, шаруасын реттеп жүргенде есірткі салынған қапқа тап болған. Келесі күні сол жерге қайта оралып, қаптарды Ақтөбедегі автосервиске жеткізген.
– Қаптарды көргенде біреуін ашып, өзіне тән иісін сездім. Оның марихуана екенін бірден түсіндім. Қылмыстық жауапкершілікке тартылудан қорқып, Ақтөбеге кетіп қалдым. Бірақ келесі күні қарызымнан құтылу үшін қайта оралып, қылмысқа жалғыз өзім бардым, – деді айыпталушы сотта.
Оның айтуынша, Руслан есімді адам хабарласып, марихуананың әр келісін 130 мың теңгеден сатып алуға келіскен. Есірткінің жалпы құны 13 миллион теңгеге шыққан.
Айыпталушы тауарды сатып алушыға көрсеткен кезде ұсталды. Кейін сатып алушының рөлін ҰҚК жедел уәкілі атқарғаны белгілі болды.