The Financial Times деректеріне сүйенген Aikyn.kz криптовалюта нарығын дүр сілкіндірген шабуылдың қалай жасалғанын, оның артында кімдер тұрғанын талдайды.
Binance-тың алғашқы тергеу нәтижелері хакерлердің биржадағы инженерлердің бірінің ноутбугін бұзып, ішкі жүйелерге заңсыз қол жеткізгенін көрсеткен. Қаскөйлер платформадағы цифрлық активтерді сыртқы әмияндарға аударған. Компания криптовалюталық әмияндардың құпия кілттері ұрланбағанын мәлімдеді.
Блокчейн операцияларын зерттейтін TRM Labs компаниясының есебінше, шабуылдаушылар он түрлі блокчейн желісіндегі Binance әмияндарынан 6,36 млрд доллар ұрлаған. Қаражаттың басым бөлігі небәрі 20 минут ішінде шығарылған.
Сарапшылар бұны криптовалюта тарихындағы ең ірі ұрлық деп бағалаған. TRM Labs шабуылды Солтүстік Кореямен байланысы бар TraderTraitor хакерлік тобы ұйымдастырған деген қорытындыға келген. Тергеу әлі де жалғасып жатқандықтан, шабуылдың барлық мән-жайы толық анықталған жоқ.
Бұған дейін, 2025 жылы, Солтүстік Кореямен байланыстырылған хакерлер Bybit криптобиржасынан 1,5 млрд доллар ұрлаған болатын. Ал Binance оқиғасындағы шығын одан 4 есе көп. Сеулдегі Седжон институтының зерттеушісі Питер Уорд Солтүстік Кореяның кибершабуыл ұйымдастыруда мол тәжірибе жинағанын және хакерлерін жауапкершіліктен қорғауға қабілетті екенін айтады.
«Болашақта жағдай бұдан да нашарлауы мүмкін», – деп ескертеді сарапшы.
Осы ұрланған миллиардтар қайда кеткен? Binance блокчейн саласындағы серіктестерімен бірлесіп, күдікті 3 млрд долларлық активті бұғаттағанын хабарлады. Атап айтқанда, USDT стейблкоинін шығаратын Tether компаниясы 1,5 млрд доллардан астам қаражатты, ал Circle 800 млн долларлық USDC активтерін бұғаттауға қатысқан.
Binance негізін қалаушылардың бірі Чанпэн Чжао пайдаланушылардың қаражаты қауіпсіз екенін мәлімдеді. Компания келтірілген шығынның барлығын өзінің резервтік қоры мен жеке қаражаты есебінен өтеуге уәде берген.
Бұл оқиға криптовалюта нарығына бірден әсер етті. Шабуыл туралы ақпарат тарағаннан кейін биткоин бағасы шамамен 4%-ға төмендеп, біраз уақыт өткен соң ғана қалпына келе бастаған.
Инвесторларды алаңдататын басты мәселе – әлемдегі ең ірі биржаның өзі бұндай ауқымды шабуылдан қорғана алмаса, өзге платформалар қаншалықты қауіпсіз болмақшы? Binance үшін бұл компания беделіне ауыр соққы болды. Компания 2023 жылы АҚШ-та ақшаны жылыстатуға қарсы талаптарды бұзғанын мойындап, 4,3 млрд доллар айыппұл төлеуге келіскенін білеміз.
2026 жылғы 7 қыркүйекте Қазақстан Ұлттық банкі мен Binance Investments Co. өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжатта Қазақ елінде халықаралық төлемдер мен цифрлық активтер бойынша есеп айырысуға арналған өңірлік орталықты дамыту көзделген.
Ұлттық банктің Binance-пен ынтымақтастық орнатуы Қазақ елінің алтын-валюта резервтері немесе Ұлттық қор қаражаты сол биржада сақталады дегенді білдірмейді. Меморандумның өзі мемлекеттік активтерді Binance-ке беру туралы емес. Бұндағы басты айырмашылық – криптобиржадағы клиенттердің қаражаты, Ұлттық банктің резервтері және еліміздің Ұлттық қорындағы активтер үш түрлі санатқа жатады.
Рекордтық көлемдегі криптовалютаның биржадан ұрлану оқиғасында Қазақ елі үшін ерекше назар аударатын жаңа дерек бар. Ресми мәліметтер бойынша, еліміздің ұлттық крипторезерві 700 млн долларға жеткен. Үкіметтің 2026 жылғы 15 қыркүйектегі мәліметінше, оның 350 млн доллары Ұлттық банктің алтын-валюта активтерінен, қалған 350 млн Ұлттық қордан бөлінген. Осы қаражаттың 200 млн доллары криптовалюта нарығында жұмыс істейтін хедж-қорлар арқылы инвестицияланған.
Еліміздің крипторезервін Ұлттық банк жанындағы Ұлттық инвестициялық корпорация басқарады. Ал цифрлық активтерді сақтау үшін Орталық депозитарий базасында арнайы инфрақұрылым құрылған.
Ал 6 млрд доллардың ұрлануы туралы болжамға келсек, бұл Binance-тің 2026 жылғы қазанда жарияланған 129 млрд долларлық резервтерінен ондаған есе аз. Бірақ болашақта биржа төлем қабілетін жоғалтса, оның тікелей клиенттері мен кредиторлары қаражатын қайтарып алуда үлкен қиындыққа тап болары анық. Сондықтан криптовалюта нарығының болашағы тек цифрлық активтер бағасының өсуіне емес, инвесторлардың қаражатын қаншалықты сенімді қорғай алатынына да байланысты.