Нәресте қазір жансақтау бөлімінде жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Жол-көлік оқиғасы 7 қарашада «Астана – Петропавл» автожолының 312-шақырымында болған. Апатқа Volvo жүк көлігі, Hyundai Genesis және Lada Granta көліктері қатысқан. Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жол апатынан алты адам зардап шеккен, олардың екеуі балалар.
– Қазір екі бала да Ақмола облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген. Олардың бірі туғанына небәрі төрт күндік нәресте. Ол жансақтау бөлімінде жатыр және жасанды өкпе желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Екінші бала да түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылған, – дейді Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.
Сонымен қатар екі ересек адам Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізілген. Олардың біреуі ауыр жарақат, соғылу және сынықтармен жансақтау бөлімінде жатыр. Екіншісі травматология бөліміне жатқызылған. Тағы бір зардап шегушіге амбулаториялық ем тағайындалып, үйіне жіберілген. Ал бір адам ауруханаға жатудан бас тартқан.
Ақмола облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Hyundai Genesis көлігінің жүргізушісі мен төрт жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілген. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Тергеу нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады. Қазір апаттың нақты қалай болғаны және оған не себеп болғаны анықталып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін де «Астана – Петропавл» тасжолында ажырап кеткен тіркеменің салдарынан жол апаты болғаны хабарланған. Тіркеме жолда келе жатқан көлікке соғылып, адамдар зардап шеккен. Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, белгіленген жылдамдық режимінен аспауға және жолдағы жағдайға барынша мұқият болуға шақырды. Ал бұл жол апатында ең кішкентай зардап шегуші – өмірінің төртінші күнінде ауыр жарақат алып, қазір дәрігерлердің бақылауында жатыр. Нәрестенің жағдайы әзірге ауыр.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы