CNBC деректеріне сүйенген Aikyn.kz мектептердегі жасанды интеллектінің қауіпсіздігі туралы пікірталастың себептерін талдайды.
Қараша айының басында Snap компаниясы (Snapchat иесі) екі жасөспірімнің талап-арызын сот шешімін күтпей реттеді. Арызданушылар платформаның пайдаланушыны ұзақ уақыт ұстап қалуға бағытталған тетіктері күйзеліс пен мазасыздыққа алып келетінін мәлімдеген. Бұған дейін осындай істерге қатысты Meta, TikTok және YouTube компаниялары да арыз берушілермен келісімдер жасаған.
Тамызда Meta АҚШ штаттарының бас прокурорларымен құны 17,1 млрд долларға дейін болатын келісімге келді. Төлемнің түпкілікті көлемі белгілі бір шарттарға байланысты. Компания Instagram мен Facebook-та жасөспірімдердің пайдалану уақытын шектеу, түнгі қолжетімділікті азайту және ата-ана бақылауын күшейту секілді шараларды қабылдауға міндеттенген.
Заңгер Джозеф Макнэллидің пікірінше, бұндай даулар компанияларды қаржылық шығынға ұшыратып қоймай, олардың беделіне де нұқсан келтіруде. Платформалар болса, балаларды қорғау құралдарын жетілдіріп жатқанын алға тартады.
Қарашада Google-ға қарсы да талап-арыз түсті. Ата-аналардың мәлімдеуінше, мектеп берген Chromebook компьютерінде Gemini чат-ботын пайдаланған жасөспірім психологиялық дағдарысқа ұшыраған. Олар компания технологияны білім жүйесіне енгізгенде қауіптерді жеткілікті ескермеген деп есептейді.
Google шағымды зерделеп жатқанын, жастарға қолдау көрсетуге арналған қауіпсіздік тетіктерін мамандармен бірлесіп әзірлегенін хабарлады. Бұған қоса, Google жасанды интеллект құралдарын толық өшіретін мектептер Google Search іздеу қызметіне де қол жеткізе алмайтынын мәлімдеген. Компания бұны іздеу мен жасанды интеллектінің өзара кірігіп кетуімен түсіндіреді.
АҚШ-тағы 1996 жылғы заң интернет платформаларын пайдаланушылар жариялаған материалдар үшін белгілі бір заңдық жауапкершіліктен қорғайды. Сондықтан арызданушылар көбіне жарияланған контентті емес, пайдаланушыны тәуелді ететін технологиялық шешімдерге қарсы шағымдар беруде.
OpenAI да балалардың қауіпсіздігіне қатысты сот шағымдарына тап болған. Ал Anthropic бұндай даулардың технологиялық компаниялар үшін қаржылық қауіпке айналуы мүмкіндігін ескертеді.
Бұл жердегі мәселенің өзегі – технологияны мектепке қаншалықты жылдам енгізуде емес, оның балаға қауіпсіз екенін кім және қалай тексеретінінде. ЖИ құралдары дамыған сайын осы жауапкершіліктің құқықтық негіздері де айқын болуы тиіс.