CNBC материалына сүйенген Aikyn.kz Anthropic компаниясының нарықтық бағасына қатысты болжамдардың неліктен төмендегенін түсіндіреді.
Claude чат-ботын жасаған Anthropic алдағы апталарда Nasdaq биржасына ANT белгісімен шығуды жоспарлап қойды. Компания акцияларын алғаш рет көпшілікке ұсыну (IPO) арқылы ауқымды инвестиция тартпақшы.
Бұған дейін Anthropic-тің нарықтық құны 2 трлн долларға жетуі мүмкін деген болжам жасалған. Бірақ Wall Street-тегі соңғы құлдыраудан кейін инвесторлардың көзқарасы өзгере бастады.
CNBC хабарлауынша, кейбір инвесторлар компанияның 1,5 трлн долларға бағалануының өзін көп деп есептейді. Ал бір инвестор ықтимал құнды 1-1,25 трлн доллар аралығында бағалаған. Салыстыру үшін алсақ, 2026 жылғы мамырда Anthropic-тің жеке инвестициялық нарықтағы бағасы 965 млрд доллар болған.
DA Davidson компаниясының сарапшысы Гил Лурияның пікірінше, биржаға шығудың сәтті өтуі үшін акциялардың бастапқы бағасын дұрыс белгілеу маңызды.
«Нарыққа бұл IPO-ның табысты өткені қажет. Оны қамтамасыз етудің ең тиімді жолы – компанияны орынды бағалау», – дейді сарапшы.
Нарықтағы инвесторлардың ЖИ-дің болашағына қатысты алаңдауы Anthropic-пен ғана шектелмейді. 5 қарашада америкалық Nasdaq индексі 5,5%-ға құлап, соңғы 19 айдағы ең ірі біркүндік төмендеуін тіркеді. Қазан айының өзі де технологиялық компаниялар үшін 2025 жылғы наурыздан бергі ең сәтсіз кезең болды.
ЖИ индустриясының дамуы қуатты серверлерге, заманауи процессорларға және орасан электр энергиясына тәуелді. Сондықтан инфрақұрылымдық жобалардың баяулауы компаниялардың болашақ табысына қатысты белгісіздікті күшейтеді.
Anthropic үшін басты мәселе технологиялық жетістіктердің өзінде емес, олардың экономикалық қайтарымында болып отыр. Компанияның табысы қарқынды өсіп жатқанымен, есептеу қуаттарына жұмсалатын шығындар да ұлғаюда.
Инвесторлар енді болашақтағы мүмкіндіктермен қатар нақты кіріс пен қаржылық тұрақтылыққа көбірек назар аудара бастады.
Anthropic әзірге нарықтық бағасына қатысты жаңа болжамдарға түсініктеме бермей отыр. Бұның бәрі ЖИ нарығында жаңа кезең басталғанын аңғартады. Өйткені инвесторлар технологиялық уәдеден гөрі нақты экономикалық нәтижені талап етуде.