«Әділет» партиясының сарапшылар алаңында Президент Жолдауындағы цифрлық басымдықтар талқыланды

Талқылауға Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, «Әділет» партиясы Төрағасының орынбасары Қаныш Төлеушин, жауапты министрліктердің, IT компаниялардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту, жасанды интеллектіні енгізу, жаңа жұмыс орындарын ашу және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру «Әділет» партиясының алаңында ұйымдастырылған «Президент Жолдауының цифрлық басымдықтары: міндеттер мен іске асыру жолдары» атты сараптамалық сессияның негізгі тақырыптарына айналды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жиында Екібастұзда деректерді өңдеу орталықтарының тұтас кешенін құру бастамасына баса назар аударылды. Жоба есептеу инфрақұрылымын дамытуды, халықаралық инвестиция тартуды және жоғары технологиялық жұмыс орындарын ашуды көздейді. Бұл болашақта Қазақстанға цифрлық қызметтер мен жасанды интеллект технологияларының экспортын кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Жобаның бірінші кезеңіндегі құрылыс жұмыстары барысында 2 мыңнан астам уақытша жұмыс орнын ашу жоспарланған. Ал нысан толық іске қосылған соң 240-тан астам тұрақты жұмыс орны пайда болады. Қуаты 1 ГВт-қа жеткен жағдайда бұл көрсеткіштер 11 мыңнан астам уақытша және 1 500 тұрақты жұмыс орнынан асуы мүмкін. Қазақстандық инженерлер, бағдарламашылар мен жасанды интеллект саласының мамандары шетелге шықпай-ақ, NVIDIA Vera Rubin компаниясының соңғы буын чиптерімен қоса, әлемнің озық технологияларымен жұмыс істей алады. Бұл жоғары технологиялық жұмыс орындарын ашып қана қоймай, еліміздің инженерлік және ғылыми-технологиялық әлеуетін құруға жол ашады», – деді Жаслан Мәдиев.

«Әділет» партиясы Төрағасының орынбасары Қаныш Төлеушин цифрлық күн тәртібінің алты бағыты бойынша ұсыныстарын таныстырды. Онда халықты жұмыспен қамту және табысын арттыру, технологиялық даму, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі, инфрақұрылымды цифрландыру, кадр даярлау және азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау мәселелерін қамтылған.

Қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты азайтуға ерекше назар аударылды. Осы бағытта партия Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, ауылдық елді мекендерге заманауи цифрлық шешімдерді енгізуді көздейтін «Цифрлық ауыл» жобасын пысықтап жатыр.

«Облыс орталықтары мен ауылдағы тұрғындар үшін бірдей жағдай жасау маңызды. «Цифрлық ауыл» жобасы аясында ауылдық елді мекендерде іске асыруды жоспарлаған 20-ға жуық нақты жобаны айқындадық. Онда сапалы интернет байланысы, қолжетімді мемлекеттік қызметтер мен заманауи цифрлық сервистер қамтылған. Алайда біздің міндетіміз мұнымен шектелмейді. Халықтық цифрлық экономика әр азаматқа табыс табуға, өз ісін бастауға және өмір сапасын жақсартуға көмектесуі керек», – деді Қаныш Төлеушин.

Жиында мемлекеттік қызметтерді халыққа қолжетімді ету мәселесіне де арнайы тоқталды. Қаралған ұсыныстардың қатарында әлеуметтік көмекті проактивті түрде көрсету, денсаулықтың электрондық паспортын енгізу және телемедицинаны дамыту бар. Сонымен қатар мемлекеттік органдарға азаматтардың бір мәселе бойынша қайта жүгінуін азайтып, қызмет алу үшін талап етілетін артық құжаттар санын қысқарту ұсынылды.

Қатысушылар қалалық инфрақұрылымды басқару, ауыл шаруашылығы және су ресурстарын пайдалану салаларында жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктерін қарастырды. Атап айтқанда, инфрақұрылымның цифрлық егіздерін енгізу, Smart City жүйесін дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру және шығындардың ашықтығын арттыру мәселелері талқыланды.

Цифрлық экономикаға қажетті кадр даярлау – маңызды тақырыптардың бірі. Атап айтқанда, партия Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, 2026 жылдың соңына дейін іске қосуды жоспарлаған AI Earners жобасы сөз болды. Жоба қазақстандықтарға жасанды интеллект құралдарын тегін үйреніп, солардың көмегімен ақылы тапсырмаларды орындауға қажетті тәжірибелік дағдыларды игеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар оқыту нәтижесін қатысушылардың жұмысқа орналасуы мен табысының өсуі сияқты нақты көрсеткіштер арқылы бағалау ұсынылады. Жоба «Әділет» партиясының 2031 жылға дейінгі ұзақмерзімді стратегиясы аясында қарастырылған. Стратегия бойынша 5 миллион азаматқа жасанды интеллект негіздерін үйрету және 100 мың маман даярлау көзделген.

Сараптамалық сессия қорытындысы бойынша қатысушылар мемлекеттік органдармен және сарапшылар қауымдастығымен бірлескен жұмысты жалғастыруды ұсынды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.