Қазір ол Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауылының балаларына ағылшын тілінен сабақ беріп жүр. Шалғай ауылдағы мектептің тыныс-тіршілігі, оқу үдерісі және оқушылардың білімге деген ынтасы туралы білмек болып, шетелдік мұғаліммен тілдестік, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оның есімі – Майкл Секарро Напал. Ол – ағылшын тілінің лицензияланған мұғалімі, Филиппиндегі Surigao del Sur мемлекеттік университетінің түлегі. Сонымен қатар ол ағылшын тілін оқыту әдістемесі бойынша магистратураның (Master of Arts in English Language Teaching) білім беру бағдарламасынан өткен.
Он жылдық тәжірибесі бар Майкл еңбек жолын Филиппин мен Сауд Арабиясындағы мектеп пен тіл үйрету орталығында ағылшын тілінен сабақ беруден бастаған. Сондай-ақ Жапония мен Қытай студенттерін онлайн форматта оқытқан. Оған қоса, Майкл қызметі барысында оқу бағдарламаларын әзірлеп, оқушыларды халықаралық емтиханға дайындаған.
Филиппиндік мұғалімнің Қазақстанға келуіне тәжірибе жинақтау сеп болған.
– Ең алдымен, халықаралық педагог ретінде өзімді жаңа ортада сынап көргім келді. Негізі бұған дейін Сауд Арабиясында 4 жылдай жұмыс істегенмін. Бірақ Қатонқарағай, жалпы Қазақстанның мәдениеті мен халықтың өмір салтымен танысуға мүмкіндік туды. Сол себепті бұл ұсынысты жаңа кәсіби әрі өмірлік тәжірибе ретінде қабылдадым. Қатонқарағай өзінің әсем табиғатымен тамсандырып, өзімді таңғалдырды. Филиппиннің тропикалық табиғатымен салыстырғанда, мұндағы таулар мен кең даланың көрінісі мүлде бөлек. Астанадан Қатонқарағайға дейінгі жолдың өзі ерекше әсер қалдырады. Үлкен қалалардың қарбалас тіршілігінен кейін мұндағы тыныштық бірден сезіледі, – дейді Майкл Секарро Напал.
Айтуынша, Қазақстанға келмей тұрып, жалпылама мағлұмат жинаған. Яғни, жер көлемінің үлкен екені, қысының ызғарлы болатынын білген.
– Қазақстандағы қысты бұған дейін тек интернеттен оқып, көргенім бар. Мұнда келген соң ойым түбегейлі өзгерді. Әсіресе, үлкен сынақтың бірі – қақаған қыстың суығына бейімделу еді. Тропикалық елден келген адам үшін мұндағы қыстың өзі қиын, әншейін жұмысқа жаяулатып барып-келу оңай емес. Бұған қоса, күнделікті өмірде қазақ және орыс тілдерін үйренуіме тура келді. Ауылдық жерде, соның ішінде басқа өңірден немесе шетелдік үшін қолайлы баспана табу да қиын екен.
Түсінгенім, Қазақстан – заманауи дамумен қатар, өз дәстүрі мен мәдениетін сақтап келе жатқан ел. Оны үлкен қалалардан да, өзім жұмыс істейтін ауылдан да байқауға болады. Әуелі, қазақ халқының қонақжайлылығына таңғалдым. Себебі жергілікті тұрғындар мені жатырқамады. Алғашқы күннен-ақ жылы қабылдап, аста-төк дастарқанын жайды. Шыны керек, ұлттық тағамның бәрінің дәмін таттым. Атап айтсам, ішінде бешбармақ ұнады. Жалпы, ұлттық тағам арқылы халықтың мәдениеті мен дәстүрін тереңірек тануға болады ғой, – деді ол.
Шетелдік мұғалім филиппиндік және қазақ мәдениетінің арасындағы ұқсастықтың көптігін сөз етті. «Бастысы – отбасының орны ерекше және үлкендерге құрмет жоғары. Оның үстіне, қазақтар да, филиппиндіктер де қонақты жылы қарсы алуға тырысады. Осы қасиеттердің арқасында Қазақстанда өзімді бөтен сезінбедім», – дейді Сейітқамза Ластаев атындағы орта мектептің ұстазы.
Шетелде өмір сүруі, жаңа ортаға бейімделуі өзіне деген сенімділікті ұялатып қана қоймай, қиындыққа деген төзімділігін арттыра түскенін Майкл Секарро Напал мойындады.
Мұғалім қазақ балаларының шалғайдағы елді мекенде тұрса да, ағылшын тілі мен білімге деген құштарлығына қызығатынын жеткізді.
– Әрине, ауыл балаларының үлкен қаладағы құрдастарымен салыстырғанда ағылшын тілін күнделікті қолдану мүмкіндігі шектеулі. Соған қарамастан олардың арман мен қабілеті ұшқыр. Сондықтан сол балаларға ағылшын тілін үйренуге барынша мүмкіндік жасап, орта қалыптастыру керек. Қазақ оқушыларының үлкенді сыйлауы, мұғалімге құрметі, сабаққа зейін қоя білуі ұнайды. Тіпті, балалар бір емес, бірнеше тілді қатар меңгеруге қабілетті. Олар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің арасында еркін ауысып, сөйлесуі өзіңді тәнті етеді. Қазірден кейбірі өзім секілді ұстаздық етуді армандайды.
Айтуынша, ол ағылшынша сөйлеуге ұялатын балаларды мәжбүрлемейді. Топтық жұмыстар, ойындар және интерактивті тапсырмалар арқылы олардың біртіндеп ашылуына жағдай жасауға тырысамын. Ең бастысы, бала қателесуден қорықпайтын орта қалыптастыру. Оқушы өзін қауіпсіз әрі еркін сезінсе, өзіне деген сенімділігі арта түседі.
– Жергілікті мұғалімдермен бірге жұмыс істеуім өзіме үлкен тәжірибе. Олардан сабақтағы тәртіпті сақтап, балалармен жылы әрі сенімді қарым-қатынас орнатуды үйрендім. Әсіресе, олардың әртүрлі жағдайға тез бейімделуі, қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалана білуі және шыдамдылығына басымды иемін. Өз басым, сабақ барысында балалардың ағылшын тілінде көбірек сөйлеуіне басымдық берген соң ұзақ түсіндіруден гөрі интерактивті тапсырмалар, диалогтер және күнделікті өмірдегі мысалды көбірек қолданамын. Мақсатым – оқушылардың ағылшын тілін тек пән ретінде емес, нақты қарым-қатынас құралы ретінде пайдалануына мүмкіндік беру, – деді Майкл Секарро Напал.