Өскеменде қызын ернінен сүйген әкенің әрекетін полиция тексеріп жатыр

Әлеуметтік желіде ер адамның қызын туған күнімен құттықтап, ернінен сүйген сәті түсірілген видео қызу талқыланып жатыр.

Оқиғаға қатысты Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бейнежазбада ер адам қолына торт ұстап, қызын туған күнімен құттықтайды. Кейін оны ернінен сүйеді. Видео Threads желісінде тарағаннан кейін көпшіліктің наразылығын тудырған. Кейбір қолданушылар бұл әрекетті орынсыз деп бағалаған.

Жазба авторының айтуынша, кейін онымен Өскемен полициясы байланысып, видеоны өшіруді сұраған.

– Маған Өскемен полициясынан қоңырау шалып, видеоны өшіруді өтінді. Мен оны өшірдім. Полиция бұл отбасын шынымен бақылауға алып, жағдайды анықтайды деп үміттенемін, – деді ол.

Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті аталған жағдайға қатысты түсініктеме берді.

– Аталған деректер полицияда тіркелді. Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған Білім басқармасы мен жергілікті атқарушы органның қызметкерлері тартылды, – деп мәлімдеді ведомство.

Кейін қыздың әкесі де жағдайға қатысты пікір білдіріп, баласын туған күнімен құттықтап, әкелік мейірімін көрсеткенін айтты. Ол өзіне тағылған айыптаулармен келіспейтінін жеткізді.

Еске салайық, қазан айында Астанада да ұлын басқа әйелге ернінен сүйгізген ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған еді.