Сеулде 36 елдің 83 саяси партиясының өкілдері халықаралық қауіпсіздік, мемлекеттер арасындағы сенімді нығайту, демократиялық институттарды дамыту және жасанды интеллектіні реттеу мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Азия саяси партиялары халықаралық конференциясының (ICAPP) XIII Бас ассамблеясына «Әділет» партиясының делегациясы да қатысты. Форум қорытындысында халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Сеул декларациясы қабылданды.
Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастық мемлекетаралық деңгейде де, халықаралық саяси алаңдарда да дамып келеді. Биыл қыркүйекте өткен «Орталық Азия – Корея Республикасы» алғашқы саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Корея тарапының Орталық Азия елдерімен экономикалық байланыстарды кеңейту ниетіне жоғары баға берді.
Сеулде «Өзгеріп жатқан әлемде сенімді қайта қалыптастыру» тақырыбында Азия саяси партиялары халықаралық конференциясының (ICAPP) XIII Бас ассамблеясы өтті. Форумды Корея Республикасының «Минджу» демократиялық партиясы мен «Халық күші» партиясы ұйымдастырды. Жиында геосаяси тұрақсыздық, заң үстемдігі, азаматтардың құқықтарын қорғау, климаттың өзгеруі және жаңа технологияларды жауапкершілікпен пайдалану мәселелері талқыланды.
Панельдік отырыста сөз сөйлеген «Әділет» партиясы Төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов Қазақстандағы конституциялық реформаларға тоқталып, азаматтардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен жауапкершілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
«Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесі мен заңнаманы жаңарту жұмыстары жалғасуда. Бұл бағыттағы маңызды кезеңдердің бірі – 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда жаңа Конституцияның қабылдануы. Онда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде айқындалды», – деді Нұрсұлтан Байтілесов.
Сондай-ақ ол Қазақстанда қабылданған «Жасанды интеллект туралы» заңға тоқталды. Заңда жаңа технологияларды қолдану кезінде ашықтықты, жауапкершілікті, деректерді қорғауды және қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаттары бекітілген. Нұрсұлтан Байтілесов «Әділет» партиясының бағдарламалық басымдықтарына да назар аударды.
«Әділет» партиясы үшін заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру басты басымдықтар болып қала береді. Біз үшін қабылданған шешімдердің саны емес, олардың іс жүзінде орындалуы мен қоғамға тигізетін нақты пайдасы маңызды. Біздің міндетіміз – азаматтардың талап-тілегіне құлақ асып, мәселелердің нақты шешімін табу және депутаттармен бірлесе отырып, олардың жүзеге асуына қол жеткізу. Қоғам мен мемлекет арасындағы сенімнің негізі де осында деп білеміз», – деді ол.
Бас ассамблеяда қатысушылар демократиялық институттарды дамыту, мемлекеттік басқарудың есептілігін арттыру, әйелдер мен жастардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын кеңейту, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық теңсіздік пен кедейлікті азайту мәселелерін талқылады.
Халықаралық қауіпсіздік, мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу, халықаралық құқық нормаларын сақтау және қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қатысушылар саяси және идеологиялық айырмашылықтарға қарамастан, ынтымақтастық орнатудың маңызын атап өтіп, саяси партиялардың құрлықаралық диалогын (ICDPP) одан әрі дамытуды қолдады.
XIII Бас ассамблеяның қорытындысы бойынша, 6 қарашада Сеул декларациясы бірауыздан қабылданды. Құжатта халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту, халықаралық құқық қағидаттарын сақтау, мемлекеттердің егемендігін қорғау және демократиялық институттарды дамыту жөніндегі ортақ ұстанымдар көрініс тапты.