Белгілі айтыскер ақын Надежда Лушникова дүниеден өтті

Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі жеткізді.

Айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Надежда Лушникова 86 жасқа қараған шағында дүниеден өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі жеткізді.

Надежда Лушникова 1940 жылы 22 қарашада Алматы облысының Шамалған ауылында дүниеге келген. Қазақы ортада өсіп, қазақ мектебінде білім алған. 1961 жылы Қызылордадағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищені, 1969 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған.

Ол қазақ айтыс өнеріне өзіндік үлес қосып, суырыпсалма ақындығымен танылды. 1963 жылы Қызылордада өткен облыстық айтыста жүлдегер атанды. Шымкенттік ақын Қалдыбек Әліқұловпен сөз сайысы «Айтыс» деректі фильміне түсірілген. Кейін Жамбыл аудандық және Алматы облыстық айтыстарына қатысып, бірнеше мәрте жеңіске жеткен.

Ақынның алғашқы өлеңдері 1958 жылы «Ленин жолы» газетінде жарық көрді. Кейін «Елім менің» (1962), «Көңіл хошы» (1970) атты жыр жинақтары басылып шықты. «Көңіл хошы» жинағы үшін Қазақстан комсомолы сыйлығына ие болды.

Надежда Лушникова әр жылдары газетте әдеби қызметкер, баспада редактор, мектепте мұғалім болып еңбек етті. 1985 жылдан бастап Жамбыл ауданындағы Үмбетәлі Кәрібаев мұражайын басқарды.