Азиада төрінде асқақтаған рух

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары және Азия параойын­да­рының жеңімпаздары мен жүл­де­гер­лерін марапаттау рәсіміне қатысты.

Мемлекет басшысы жиында сөй­леген сө­зінде Қазақстан спорт­шы­лары Жа­по­ния­да өткен ХХ Жазғы Азия ойындары мен V Азия параойын­дарында тамаша нә­тиже көрсетіп, еліміздің мәртебесін асыр­ғанын айт­ты.

– Бұл – мемлекетіміз үшін шын мә­нінде үлкен жетістік және зор мақтаныш! Бар­шаңызға жарқын жеңістеріңіз құтты бол­сын деймін! Сіздер құрлықтың ең мық­ты спортшылары қатысқан дүбірлі до­да кезінде ел намысын қорғап, жүзден жүй­рік шықтыңыздар! Ұлттық құра­ма­ның табанды еңбегінің арқасында Азиа­да төрінде рухты Әнұранымыз шыр­қал­ды, көк Туымыз биікте желбіреді. Мен әр­бір жеңісті нағыз патриотизмнің ай­қын көрінісі деп санаймын. Тұтас хал­қымыз сіздерге қолдау көрсетті, жан­күйер болды. Әр спортшының ел қор­жынына қосқан медалі азаматтарымызға, әсі­ресе өсіп келе жатқан жас буынға үл­кен шабыт береді, оларды мықты, күш­ті болуға үндейді және алға же­те­лей­ді. Бүгін осы мерейлі сәтте мен Мемлекет бас­шысы ретінде баршаңызға тағы да шы­найы ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев спорт­шы­лары­мыздың жеңісті жолы елімізде бо­лып жатқан түбегейлі өзгерістер рухымен те­рең үндесетінін атап өтті. Президент соң­ғы жылдары еліміздің экономикасы ай­тарлықтай нығайып, жаңа даму көр­сет­кіштеріне қол жеткізе бастағанын тілге тиек етті.

– Халықаралық валюта қорының бол­жамы бойынша мемлекетіміздің жал­пы ішкі өнімінің көлемі 398 мил­лиард долларға жақындайды. Бұл – біз­дің аймағымыздағы ең жоғары көрсеткіш бол­мақ. Бірақ қазіргідей құбылмалы уа­қытта, әрине, қолда бар табысқа мәз бо­лып, жайбарақат отыруға болмайды. Бәрі­міз осындай алмағайып заманда елі­міздің әлеуетін арттыра түсу үшін бел­сенді әрі қажырлы еңбек етуіміз ке­рек, – деді ол.

Мемлекет басшысы алдымызда тұр­ған биік мақсаттар мен ауқымды жұ­мыс­қа тоқталды.

– Өздеріңіз білесіздер, мен жақында жа­риялаған халыққа Жолдауымда бұл мін­деттерге жан-жақты тоқталып өттім. Елі­мізде келесі жылы «Жалпыхалықтық ау­қымды құрылыс жылы» аясында ірі құрылыс науқаны басталады. Дегенмен мұ­ны жай ғана уақытша науқан емес, на­ғыз «Халықтық құрылыс», яғни тұтас қо­ғамның игілігі үшін істелетін тарихи құрылыс жұмысы деп түсінген жөн. Елі­міздің әр азаматы, әсіресе өскелең ұрпақ қауіпсіз, қолайлы және сапалы ортада өмір сүруге хақы бар. Бұл міндетті орын­дау ел Президенті ретінде мен үшін бірін­ші қатардағы басымдық болмақ. Сон­дықтан «Халықтық құрылыс» бары­сында еліміздің барлық аймағында көп­теген әлеуметтік нысандар – мектептер, ауру­ханалар, емханалар, ерекше қажет­тілігі бар балаларды оңалту орталықтары, мә­дениет және өнер ошақтары, спорт ор­талықтары, сондай-ақ тұрғын­дары­мыз­дың тұрмыс сапасын жақсартатын аса қажетті инфрақұрылым нысандары салынады. Шын мәнінде, біз бұрын-соңды болмаған «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыруға кірісіп жа­тырмыз. Бұл бастама еліміздің кескін-кел­бетін түбегейлі өзгертіп, азамат­тар­дың тұрмыс сапасын айтарлықтай арт­тыра түседі. Ауқымды құрылыс қалалар мен аудандардың барлығында жүргізіліп, азаматтық инфрақұрылымды түгел жаң­ғыртады. Қазіргі бұлыңғыр, болжамсыз дәуірге деген біздің жалпыұлттық жауа­бы­мыз: бұл – «Құрылыс және тағы да құ­рылыс!». Себебі, меніңше, құрылыс жұ­мыстары, бұл – еліміздің әлеуметтік-эко­номикалық ахуалын арттырудың жал­ғыз ғана жолы. Бұл сөздің астарын-да ке­лешек ұрпақтың игілігіне берік негіз қа­лайтын жасампаздыққа тұтас ұлтты жұ­­мылдыру міндеті тұр, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлт­тық ауқымдағы бұл жұмыс барлық сала­ның, соның ішінде спорт саласының да­муына айрықша серпін беретініне на­зар аударды.

– Бағдарлама аясында жаңа спорт ны­сандары мен инклюзивті орта­лық­тар бой көтереді. Қазақстанда әрбір ба­­ла­ның спортпен айналысуға мүм­кіндігі бол­уы керек. Бұл – әлеуметтік мәні те­­рең міндет қана емес, осы мін­дет­тің сая­си мағынасы әлдеқайда маңыз­ды. Елі­міздің шалғай ауыл­да­рын­да болашақ чем­пиондар, яғни жеңім­­паздар өсіп ке­ле жатыр. Олар­дың бәріне бірдей жағ­дай жасалуға тиіс. Әділетті Қазақ­стан идеясының түп­­­кі мақсаты да – осы, – деді Ме­м­ле­кет басшысы.

Президент спорт саласы әрдайым мем­лекеттің басты назарында тұра­ты­нын айтты.

– Былтыр «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға бірқатар маңызды тү­зету енгізілді. Мемлекеттік деңгейде ба­­сымдық берілетін спорт түрлері ай­қындалды. Соңғы бес жылда елімізде спорт саласын дамытуға 616 миллиард тең­геден астам қаржы жұмсалды. Жал­­пы, қазір осындай нақты шаралар өз нә­тижесін беріп жатыр деуге бо­ла­ды. Спорт­шыларымыз жаһандық аре­на­да жо­ғары көрсеткішке қол жет­кі­зіп, мем­лекетіміздің беделін көтеріп жа­тыр. Осы орайда, параойындарда 100 метрге жү­гіруден Азия рекордын жаңарт­қан Ай­сұлу Сүлейменованың қайсарлығын ерек­ше атап өткен жөн. Айсұлу Сү­лей­менова қазақтың рухы биік, намысы зор ба­тыр қыздарының жолын лайықты жал­ғастырып келеді. Ол тағдырдың қиын сынағына тап бол­са да, тек қана ал­ға ұмтылып, көп­ке үлгі болып жүр. Қа­зір Құрылтай де­п­ута­ты ретінде аза­мат­тық борышын адал атқарып, ел игі­лігі үшін қызмет етіп келеді. Қазақ «Күш – білекте емес, жү­ректе» дейді. Ра­сында асқақ ар­ман мен мұ­қалмас жі­гер тоғысқан жер­де алын­байтын асу жоқ. Сон­дық­тан па­рас­порт­шылардың бойындағы жан­кеш­тілік пен та­бан­ды­лық әрдайым зор құрметке лайық, – де­ді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы дү­бір­лі додада ел намысын абыроймен қор­ғаған спортшылардың жетіс­тік­тері­не тоқталып өтті.

– Азия ойындарында бақ сынаған бел­гілі спортшымыз Темірлан Тілеу­лес­тің есімі де отандық және әлемдік спорт та­рихында қалатыны сөзсіз. Ол таэ­к­вон­додан ел тарихындағы алғашқы ал­тын медальді жеңіп алды. Бокс­шы­лары­мыз Төрехан Сабырхан мен Айбек Орал­бай чемпион атанып, ел намысын абыроймен қорғады. Қазақстанның мақ­танышы атанған тағы бір спорт­шы­мыз – Софья Берульцева. Софья Токио Олимпиадасында каратэден қола жүлде алып, мемлекетіміздің абырой-беделін биіктетті. Ол осыдан төрт жыл бұрынғы Азия ойындарында алтын медаль еншіледі. Енді, міне, Жапония төрінде нағыз спорт шебері екенін тағы бір мәр­те дәлелдеп, Азиаданың екі дүркін чем­пионы атанды. Қазақстан тарихында ал­ғаш рет Азия ойындарының алты дүр­кін чемпионы атанған Алексей Лу­ценко арамызда отыр. Ол Жапонияда өт­кен Жазғы Азия ойындарында жеке­лей және топтық веложарыста қос ал­тын медальді жеңіп алды. Алексей Лу­цен­ко жылдар бойғы табанды еңбегінің, те­мірдей тәртібінің және қайсар мі­незі­нің арқасында тамаша табысқа жетті. Па­раазия ойындарының екі мәрте чем­пионы атанған Давид Дегтярев кәсі­би­ліктің, ерліктің әрі жеңіске деген құш­тарлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Өт­кен жарыстарда Азияның жаңа ре­кордын орнатып, жеңіс тұғырына кө­теріл­ді. Пауэрлифтер Давид Дегтярев елі­міздің және әлемнің ең атақты атлет­тері­нің бірі – екі Жазғы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы, үш дүркін әлем чемпионы. Спортшыларымыз өз же­тістіктері арқылы Қазақстанның Туын халықаралық аренада биікте жел­біретіп жүр, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірін­ше, бүгінде спорт мемлекеттің жаһан­да­ғы абыройы мен беделінің көрсет­кіш­терінің біріне, қоғамдық дип­ло­ма­тияның құралына айналды.

– Біз спорттың осы әлеуетін толы­ғы­мен пайдалануымыз қажет. Қазақстан спорт державасы ретіндегі позициясын дәйекті түрде нығайтып, елімізде ең жо­ғары деңгейдегі жарыстарды ұйым­дастырып келеді. 2027 жылы бокс, дзю­до, таэквондо, үстел теннисі және ки­берс­порт секілді танымал спорт түр­лері­нен әлем чемпионатын өткіземіз. Яғни елордада жоғары деңгейде бір­қа­тар дода ұйымдастырылады. Бұдан бө­лек, Қазақстанда жасөспірімдер ара­сын­да шорт-тректен әлем біріншілігі ұйым­дастырылады. Көктемде Астанада УЕФА-ның 51-ші Конгресі өтеді. Бұл бүкіл әлемдегі кәсіпқой футболшылар мен футболсүйер қауымның қызығу­шы­лығын тудырады. Атап өткен жөн, мұн­дай ауқымды, жұртшылық назарын­дағы спорттық іс-шараларды ұйымдас­тыру салалық министрлік пен феде­ра­цияның, жалпы Үкімет пен Ұлттық олим­пиада комитетінің бірлесе аянбай жұ­мыс істеуін талап ететіні түсінікті. Өйт­кені мұнда Қазақстанның абырой-бе­делі сынға түседі. Бұл жарыстардың бә­рі еліміздің имиджін арттыруға, сон­дай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды, туризмді, отандық спорт мектебін да­мытуға қызмет етеді. Биыл елордамызда Дүниежүзілік допингке қарсы күрес агент­тігінің Конгресі (WADA – World Anti-Doping Agency) өтеді. Қазақстан та­за, допингсіз спортты ілгерілету, озық ха­лықаралық стандарттар мен тәжіри­бе­лерді енгізу үшін күш салуға әзір. Спорт­тағы адал бәсекелестік қағи­дат­тары мемлекетіміздің стратегиялық бағ­дарының негізіне айналған әді­лет­ті­лік идеясына толығымен сай келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент кез келген жеңісті жыл­дар бойғы дайындық пен үздіксіз еңбек­тің нәтижесі деп атады.

– Еліміз үшін әр медальдің орны бө­лек, құндылығы жоғары. Мен осы жер­де отырған спортшыларға алғыс ай­тамын. Чемпион болу спортшыға зор жауап­кершілік жүктейді. Жеңіс тұ­ғы­ры­на шыққан әр спортшының жолы – кә­сіби спортқа бет бұрған жастар үшін үл­гі-өнеге. Олар сіздерге қарап бой тү­­­зейді. Жалпы, спорт дегеніміз – ха­лық­тың сана-сезіміне ықпал ететін, кез кел­ген адамның ойын да, бойын да тү­зейтін өте мықты күш. Бұл – өмірдің ақи­қаты. Спорт өскелең ұрпақты әдеп­ті­лікке, тазалыққа, адалдыққа, ұқып­ты­лыққа баулиды. Жастарымыз жігерлі, ұлты­мыз рухты болса, мемлекетіміз де қуат­ты болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қоғам болып ор­нықтырып жатқан жаңа этиканы, ең ал­дымен, ел алдында жүрген азаматтар, со­ның ішінде спортшылар дәріптеуге тиіс екенін айтты.

– Сіздер бұл маңызды миссияны абы­р­оймен орындап келесіздер. Бүгінде қа­зақ спортының мәртебесі биік, әлеуе­ті мол. Сондықтан біз бұдан да жоғары көр­сеткіштерге ұмтылуымыз керек. Ал­да төрт жылдық кезеңнің бас додасы – Лос-Анджелес Олимпиадасы келе жа­тыр. Жаһандық жарысқа спорт­шы­лар­мен қатар, тиісті министрлік пен фе­дерациялар қазірден бастап тыңғы­лық­ты және белсенді дайындалуы ке­рек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойын­дарында және Азия параойындарында көр­сет­кен жоғары жетістіктері үшін бір топ спортшыға мемлекеттік марапаттар тап­сырды.