Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері және вице-министрлер тұрғындармен жүздесіп, әлеуметтік инфрақұрылым, білім беру, кәсіпкерлік, цифрлық технологиялар мен су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне тоқталды. Тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Кездесулер ашық диалог форматында өтті.
Ұлытау облысында Құрылтай депутаты Дархан Ахмедиевтің, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Аманжол Әлтайдың, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Эльдар Күзенбаевтың өңір тұрғындарымен кездесуі өтті.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген негізгі басымдықтар талқыланды. Қатысушылар цифрлық трансформация, жасанды интеллектіні дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту және адами капиталды дамыту мәселелеріне баса назар аударды.
Әлеуметтік инфрақұрылым жаңғырады
Спикерлер Жолдау жүктеген міндеттерді өңірдің экономикалық және әлеуметтік ерекшеліктерін ескере отырып іске асырудың маңыздылығына тоқталды.
– Мемлекет басшысының Жолдауы ел дамуының стратегиялық бағдарларын айқындап, экономиканы нығайтуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Осы бастамалардың өңірлік деңгейде жүйелі әрі нәтижелі жүзеге асырылуын қамтамасыз ету баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді Құрылтай депутаты Дархан Ахмедиев.
Өңірді дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі – әлеуметтік инфрақұрылымды кешенді жаңғыртуды көздейтін «Халықтық құрылыс» бағдарламасы. Бағдарлама аясында облыста жаңа білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет нысандарын салу жоспарланып отыр. Бұл әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттырып қана қоймай, өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді.
Кездесу барысында тұрғындар әлеуметтік қолдау шаралары, медицина қызметкерлерінің еңбекақысы, педагогтердің әкімшілік жүктемесін азайту, сондай-ақ өңірдің экологиялық және технологиялық мәселелеріне қатысты сауалдарын ортаға салды. Су ресурстарын тиімді пайдалану және цифрлық инфрақұрылымды дамыту жолдары да талқыланды.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Үкіметтің қолдауы аясында Ұлытау облысында 30-ға жуық ірі әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру бағытында да бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, негізгі теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары аяқталып, Жезқазғанды Қызылорда, Арқалық және Қарағанды қалаларымен байланыстыратын стратегиялық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және жөндеу жұмысы жалғасып жатыр. Аталған жобалар көлік қатынасын жақсартуға, жүк және жолаушылар тасымалының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге бағытталған.
Бұдан бөлек, облыста денсаулық сақтау, білім беру және спорт инфрақұрылымын дамыту бойынша кешенді жұмыстар қолға алынған. Бұл жобалар бюджет қаражаты есебінен және Самұрық-Қазына АҚ, Qarmet АҚ, Қазақмыс корпорациясы мен Zhyly Zhurek қорының қолдауымен жүзеге асырылуда. Жоспарланған жұмыстар аясында өңірдің қалалары мен ауылдарында ауруханалар, емханалар, балабақшалар, инклюзивті және оңалту орталықтары, заманауи спорт кешендері мен Конгресс-орталығының құрылысы жүргізілуде.
Аталған бастамаларды іске асыру өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жетілдіруге, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.
Кездесу соңында спикерлер тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша жан-жақты түсініктеме берді.
Су қорын сақтау – өзекті міндет
Құрылтай депутаты Әбілхайыр Тамабек Жамбыл облысының тұрғындарымен кездесіп, Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндірді. Кездесуде өңірдің агроөнеркәсіп саласының өкілдері Жолдаудағы басым бағыттар мен жергілікті тұрғындарды толғандырған мәселелер бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.
Жиынға Қазақстан халық кеңесінің мүшесі Уәлихан Болатбек, Ауыл шаруашылығы, Энергетика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Су ресурстары және ирригация, Ұлттық экономика вице-министрлері де қатысты.
Агроөнеркәсіп кешенінің өкілдерімен өткен кездесуде ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру, су ресурстарын тиімді пайдалану, өндірісті жаңғырту, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау және ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мәселелері көтерілді.
Жамбыл облысы үшін агроөнеркәсіп кешені – экономиканың маңызды салаларының бірі. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оларды өңдеу, сақтау және нарыққа шығару жұмыстарын жетілдіру де өзекті.
Депутат Әбілхайыр Тамабек өңірдегі су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне арнайы тоқталды.
– Жамбыл облысы – жерасты суларын пайдалану көлемі бойынша республикадағы алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі. Облыс аумағының үштен бір бөлігінде тұрғындар мен шаруашылық нысандары жерасты суын пайдаланады. Алайда бұл қор шексіз емес. Сондықтан су ресурстарын үнемді пайдалану және сақтау жолдарын қазірден бастап қарастыруымыз қажет. Мемлекет басшысы Жолдауында су ресурстарын есепке алу негізінде Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесін құру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл жүйе суды тиімді пайдалануға, сондай-ақ су құбырлары мен жеткізу желілеріндегі шығынды азайтуға мүмкіндік береді, – деді депутат.
Жиынға қатысушылар аграрлық саладағы өзгерістер шаруашылықтардың дамуына және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға ықпал етуі керектігін атап өтті. Сонымен қатар өңірдегі ауыл шаруашылығын дамыту және саладағы мәселелерді шешу жолдарын қарастырды.
Ә.МҰХАНБЕТ