Медицина мәселелері сөз болды

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айқындалған міндеттерді түсіндіру мақсатында «Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы ақпараттық топ мүшелері көпсалалы қалалық аурухана ұжымымен кездесті.

Басқосуға ақпараттық топ мүшелері Руслан Рүстемұлы, Гүлшат Мұсаева, Жал­ғас­бек Үсенов және Нұридин Амитов қатысып, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қатысты Жолдауда белгіленген басымдық­тарды таныстырды. Кездесу барысында медициналық көмектің сапасы мен қолже­тім­ділігін арттыру, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жетілдіру, медицина қызмет­керлерін қолдау және саланы цифрлан­дыру мәселелері талқыланды.

Жиында сөз алған Руслан Рүстемұлы денсаулық сақтау саласын дамыту тек меди­циналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңартумен шек­телмейтінін атап өтті. Оның айтуын­ша, ең бастысы – әрбір азаматтың сапалы меди­циналық көмекке уақытылы қол жеткізуіне жағдай жасау.

– Мемлекет басшысы Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты нақты міндеттер жүктеді. Соның ішінде алғашқы медициналық-сани­тариялық көмектің әлеуетін арттыруға ерекше мән берілген. 2027 жылдан бас­тап осы сала мамандарының еңбек­ақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін көтеру көзделіп отыр, – деді Руслан Рүстемұлы.

Ал Гүлшат Мұсаева халық денсау­лығын сақтауда аурудың алдын алу, ерте диагностика жүргізу және медициналық сауаттылықты арттырудың маңызды­лығына тоқталды.

– Денсаулықты сақтау ауру асқынған кезде емдеуден емес, оның алдын алудан бас­талады. Сондықтан про­фи­лактикалық тек­серулердің қолжетімді болуы, тұрғын­дар­дың өз денсаулығына жауапкершілік­пен қарауы және ауру­ларды ерте кезеңде анықтау ма­ңызды. Әсіресе ана мен бала ден­саулығы, ба­­лаларға көр­сетілетін меди­­циналық кө­мек пен оңалту қызмет­терінің сапасы үнемі назарда болуы ке­рек. Жолдауда да осы бағыттағы инфра­құры­лымды да­мытуға басымдық берілген, – деді Гүлшат Мұсаева.

Өз кезегінде Жалғасбек Үсенов ден­саулық сақтау саласына заманауи ­тех­­­но­­логияларды енгізу мен цифрлық ше­шімдерді кеңінен қолданудың ма­ңызын атап өтті. 

– Бүгінде цифрландыру медицина саласының жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Электронды медициналық деректер, ақпараттық жүйелердің өзара ықпалдастығы дә­рігердің уақытын үнемдеп қана қоймай, пациентке көрсетілетін қызметтің сапасы мен тиімділігін арттырады. Сонымен қатар цифрлық технологиялар меди­циналық көмектің қолжетімділігін ке­ңейтіп, шалғай елді мекендердегі тұр­ғын­дарға да қажетті қызметтерді ұсы­нуға жол ашады. Ең бастысы, тех­нология адамға қызмет етуі керек. Сон­дықтан оны енгізу барысында дә­рігердің де, пациенттің де мүддесі еске­рілуі қажет, – дейді ол.

Кездесу соңында аурухана ұжымы өкілдерімен пікір алмасып, денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер мен алдағы міндеттер төңірегінде ой бөлісті.