Экономиканың қуаты тек өндірілген шикізаттың көлемімен өлшенбейді. Оның басты көрсеткіштерінің бірі – сол шикізатты ел ішінде өңдеп, қосылған құны жоғары дайын өнімге айналдыра білу. Бұл – экономиканы әртараптандырудың, импортқа тәуелділікті азайтудың және отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі жолы. Осы тұрғыдан алғанда, Абай облысында жүзеге асып жатқан жаңа өндірістік жобалардың маңызы айрықша. Жуырда Семей қаласында Qazaq Astyq Group серіктестігінің тазартылған өсімдік майын құю және қаптау цехы пайдалануға берілді. Бұл – өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Іс-шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли, Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы, облыс прокуроры Нұрсұлтан Рақышев және Qazaq Astyq Group серіктестігінің құрылтайшысы Әсемхан Досқожанов қатысты.
Жаңа кәсіпорынның ашылуы жай ғана тағы бір өндірістік нысанның іске қосылуы емес. Бұл – өңірде өндірістік мәдениетті қалыптастыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және экономиканың нақты секторын дамытуға жасалған кезекті қадам.
Жобаның жалпы құны 8,4 миллиард теңгені құрайды. Оның аясында 104 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Ал кәсіпорындағы өсімдік майын рафинациялау өндірісінің жобалық қуаттылығы тәулігіне 200 тонна тазартылған күнбағыс майын өндіруге есептелген. Жылдық өндіріс көлемі 73 мың тоннаға дейін жетпек. Бұл – өңір үшін елеулі өндірістік көрсеткіш. Әсіресе ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу саласының әлеуетін ұштастыру арқылы тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізуге мүмкіндік беретін жоба екені анық.
Аймақ басшысының айтуынша, жаңа өндіріс орнының аймақ экономикасын дамытудағы маңызы зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өндірісті әртараптандыру, отандық нарықты өз өнімімізбен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында соңғы жылдары Абай облысында жаңа өндірістерді іске қосуға және өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді.
«Кәсіпорынның жаңа цехының іске қосылуы өңірдің өңдеу өнеркәсібін дамытуға, отандық дайын өнім көлемін ұлғайтуға және азық-түлік нарығын сапалы өніммен қамтамасыз етуге үлес қосады деп сенемін», – деді Берік Уәли.
Расында, бүгінде отандық өндірісті дамыту – экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі. Өйткені ел экономикасының тұрақтылығы сырттан келетін тауарларға тәуелділікті төмендетумен, ішкі нарықтағы сұранысты жергілікті кәсіпорындардың өнімі арқылы қамтамасыз етумен тығыз байланысты.
Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі де осы міндетпен сабақтас. Халық күнделікті тұтынатын өнімдердің сапасы, қолжетімділігі және тұрақты жеткізілуі елдің өндірістік мүмкіндігіне тікелей тәуелді.
Осы ретте күнбағыс майын өңдеп, дайын өнім ретінде нарыққа ұсынатын кәсіпорындардың орны ерекше. Себебі өсімдік майы – халықтың күнделікті тұтынатын негізгі азық-түлік тауарларының бірі. Оны отандық кәсіпорындарда өңдеу мен қаптау ішкі нарықтағы ұсынысты арттыруға және өндірістік тізбектің тиімділігін күшейтуге ықпал етеді.
Мұнда тағы бір маңызды жайт бар. Шикізатты сыртқа жөнелтіп, дайын өнімді қайта сатып алудың орнына оны ел ішінде өңдеу экономикалық тұрғыдан әлдеқайда тиімді. Өңдеу барысында жаңа жұмыс орындары ашылады, өндірістік инфрақұрылым дамиды, кәсіпорындар арасында әріптестік байланыс қалыптасады. Ең бастысы, өнімнің қосылған құны ел экономикасында қалады. Сондықтан Qazaq Astyq Group жобасын тек жеке кәсіпорынның дамуымен шектеуге болмайды. Ол – өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған кеңауқымды экономикалық үдерістің бір бөлігі.
Кез келген инвестициялық жобаның тиімділігі оның қаржылық көрсеткіштерімен ғана емес, халықтың тұрмыс сапасына тигізетін әсерімен де бағалануға тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа цехтың 104 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беруі – маңызды әлеуметтік нәтиже. Өйткені өндірістің дамуы ең алдымен еңбек нарығына оң ықпал етеді. Жаңа жұмыс орындары ашылған сайын тұрғындардың тұрақты табыс табуына, кәсіби біліктілігін жетілдіруіне және отбасылық әл-ауқатын жақсартуына жағдай жасалады. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың көбеюі өңірдегі еңбек ресурстарына деген сұранысты да арттырады. Бұл әсіресе техникалық мамандықтардың беделін көтеруге, жастарды өндіріс саласына тартуға және кәсіби кадрлар даярлау жүйесін дамытуға жол ашады.
Өндірістің тұрақты жұмысының пайдасын кәсіпорын қызметкерлері ғана көрмейді. Мұндай нысандар логистика, тасымал, жабдықтау, техникалық қызмет көрсету, қаптама өндірісі және өзге де ілеспе салалардың дамуына серпін береді. Демек, 104 жұмыс орны – тек статистикалық көрсеткіш емес. Бұл – өңірдегі экономикалық белсенділіктің артуына ықпал ететін нақты мүмкіндік.
«Бұл көрсеткіштердің артында ауқымды инвестициялар, жаңа өндіріс орындары және мыңдаған әлеуетті жұмыс орны тұр», – деді Бауыржан Ералы.
Шын мәнінде, инвестиция тарту – бірреттік шара емес, жүйелі жұмысты талап ететін күрделі үдеріс. Инвестордың жобаны жоспарлауынан бастап, құрылыс жұмыстарын жүргізуіне, өндірістік жабдықтарды орнатуына және кәсіпорынды іске қосуына дейінгі кезеңдерде түрлі әкімшілік, құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелер туындауы мүмкін.
Мұндай жағдайда мемлекеттік органдардың міндеті – кәсіпкердің заңды құқықтарын қорғап, негізсіз кедергілердің алдын алу, инвестициялық бастамалардың жүзеге асуына қолайлы жағдай жасау.
Абай облысындағы инвестициялық жобалардың прокуратура органдарының сүйемелдеуімен жүзеге асуы осы бағыттағы жұмыстардың маңызын көрсетеді. Инвестор үшін сенімділік қалыптасқан жерде жаңа бастамаларға жол ашылады. Ал жаңа бастамалар нақты өндіріс орындарына, жұмыс орындарына және өңір бюджетіне түсетін түсімдердің артуына негіз болады.
Жаңа өндірістің ашылуы – үлкен жұмыстың бастамасы. Ал оның ел экономикасына тигізетін нақты пайдасы кәсіпорынның ұзақмерзімді әрі тұрақты жұмыс істеуімен өлшенеді. Сондықтан ендігі міндет – жобада көзделген өндірістік қуатқа кезең-кезеңімен қол жеткізу, жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз ету, өнім сапасын жоғары деңгейде сақтау және экспорттық нарықтарды кеңейту. Өңір үшін мұндай кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуі айрықша маңызды. Өйткені әрбір жаңа өндіріс – экономикалық белсенділіктің артуы, жергілікті мамандардың жұмыспен қамтылуы және өндірістік тәжірибенің жинақталуы. Ашылу салтанатында облыс әкімі Берік Уәли де осы бағыттағы жұмыстың жалғасатынын атап өтті. Оның айтуынша, облыс әкімдігі өндірісті дамытуға бағытталған бастамаларды қолдап, инвесторлармен бірлескен жұмысты жүйелі түрде жалғастыра береді. Бұл – өңірдің даму стратегиясындағы маңызды ұстаным. Себебі инвестициялық жобалардың нәтижелі жүзеге асуы үшін мемлекеттік қолдау мен жеке кәсіпкерліктің мүддесі өзара үйлесуі қажет.
Бүгінде Абай облысының алдында жаңа экономикалық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, өндірістік әлеуетті арттыру және өңірді индустриялық тұрғыдан дамыту міндеті тұр. Осы мақсатта іске қосылып жатқан кәсіпорындар аймақтың экономикалық келбетін өзгертуге ықпал ететіні сөзсіз. Семейде ашылған тазартылған өсімдік майын құю және қаптау цехы – осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі. Құны 8,4 миллиард теңгелік жоба, тәулігіне 200 тонна өнім өндіруге есептелген қуаттылық және 104 жаңа жұмыс орны – мұның барлығы өңір экономикасының дамуына берілген серпін. Ең бастысы, жаңа өндіріс шикізат өндіруден дайын өнім шығаруға дейінгі экономикалық тізбекті нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл – ел экономикасының тұрақтылығын арттыруға бағытталған маңызды басымдық.
Өндіріс өркендесе, өңірдің әлеуеті артады. Ал өңірдің әлеуеті артқан сайын ел экономикасының іргесі де беки түседі. Сондықтан бүгінгі іске қосылған әрбір кәсіпорынды ертеңгі экономикалық өсімнің берік негізі деп бағалауға толық негіз бар.
Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,
Абай облысы