Отбасы құндылығы – мемлекет саясатының тірегі

Шымкент қаласының көрікті орындарының бірі Дендрологиялық саябақта ашық аспан астында ерекше форматтағы тағылымды іс-шара өтті.

Абай ауданы әкімдігінің аппараты мен Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен «Күзгі шабыт – жаңа мүмкіндіктер» атты кездесу өтіп, онда әйелдердің қоғамдағы рөлі, кәсіпкерлік белсенділігі және отбасылық құндылықтарды дәріптеу мәселелері кеңінен талқыланды.

Қазір елімізде отбасы институтын нығайту, әйелдердің экономикалық дер­бестігін арттыру және гендерлік тең­дікті қамтамасыз ету Мемлекет басш­ы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырма­лары­на сәйкес мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Осы тұрғыда Шымкентте өткен бұл шара  орталық пен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұ­мысы­ның жарқын көрінісі болды. Кәсіпкерлік – әйелдердің өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін сала. Іс-шара­ның негізгі мақсаты да өз кәсібін енді бастағысы келетін немесе бар кәсібін кеңейтуді көздейтін әйелдерге мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіру, оларды кәсіп­кер­лікке тарту және құқық­тық-психоло­гия­лық қолдау көрсету болды. 

Жиын барысында Абай ауданы әкім­­­дігі аппаратының әлеуметтік қол­дау бөлімі­нің басшысы Меруерт Тұтқышбаева сөз алып, іс-шараның мән-маңызына тоқталды. 

– Бұл кездесудің басты мұраты  әйел­дің қоғамдағы орнын айшықтау, оның тек отбасының ұйытқысы ғана емес, соны­мен қатар экономиканың белсенді субъектісі екенін көрсету. Біз әйелдер кә­сіп­керлігін қолдау арқылы отбасының әл-ауқатын, балалардың болашағын, тұтас қоғамның тұрақ­тылығын қамтамасыз ете­міз. Бүгін алаңда кеңес беру бұрыштары жұмыс істеп, мемлекеттік гранттар, жеңіл­детілген несиелер, кәсіптік оқыту курстары жөнінде толық ақпарат берілді, – деді ол.

Мұндағы саябақ аумағында тігілген ақпараттық шатырларда «Даму» кәсіп­керлікті дамыту қорының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Жұ­мыспен қамту орталығының ма­мандары жеке-жеке кеңес берді. Әйелдер «Еңбек», «Бастау Бизнес», «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» сынды бағдарламалар арқылы 400 АЕК-ке дейінгі қайтарымсыз грантты қалай алуға болатынын, төмен пайызбен несие рәсімдеудің жолдарын білді. Шараның сәнін келтірген тағы бір бөлім жергілікті қолөнерші және кәсіпкер әйелдердің жәрмеңкесі болды. Мемле­кеттік қолдаумен өз ісін дөңгелетіп отыр­ғ­ан 30-ға жуық әйел өз өнімдерін  ұлттық нақыштағы киімдер, қолдан жасал­ған тәттілер, тоқыма бұйымдары мен табиғи кос­метиканы көпшілік на­зар­ына ұсынды. Бұл мемлекеттік көмектің нақты нәтижесінің дәлелі. Отбасы – қоғамның алтын қазығы. 

Іс-шара тек экономикалық қолдаумен шектелген жоқ. Гендерлік саясаттың ажырамас бөлігі – отбасылық құнды­лықтарды сақтау. Осы мақсатта алаңда Отбасын қолдау орта­лық­тарының, қала­лық емханалардың білікті психо­логтары мен заңгерлері құпия және тегін қабылдау жүргізді. Кез келген әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық қарым-қатынасты нығайту, бала тәрбиесі, репродуктивті денсаулық мәселелері бойынша кәсіби кеңес ала алды. Бұл қиын жағдайға тап болған әйелдер үшін ашық есік, сенімді тірек болғаны сөзсіз. Жиынға Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, кәсіпкер әйелдер және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Күзгі жапырақтармен көмкеріл­ген фотозона қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, отбасымен бірге түс­кен естелік суреттерге толы болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Күзгі шабыт – жаңа мүмкіндіктер» форматындағы кездесулер алдағы уақытта Абай ауданына қарасты барлық елді мекенде, яғни Қатын көпір, Қыз­ыл­жар, Алтынтөбе, Жайлау шағынау­дандарында тұрақты түрде жалғасады. Мұндай игі бастамалар әйелдің қоғам­дағы мәртебесін көтеріп қана қоймай, берік отбасы қуатты мемлекет қағидатын іс жүзінде жүзеге асыруға жол ашады. Өйткені кәсібі бар, құқығы қорғалған, қолдау көрген әйел – тәрбиелі ұрпақ, тату отбасы, тұрақты қоғам кепілі.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы