Алайда жылда тәтті түбір көлемі өсіп жатқанымен, оны өткеруде қиындықтар туып, шаруалардың да, шенділердің де шақшадай басы шарадай болады. Енді биылғы меже қандай болмақ? Несібесін қара жерден тапқан диқандар өнімін қайда апарарын білмей тағы шекара асып кетіп жүрмей ме?
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, қазір қызылша жинау науқаны қарқын алыпты.
– Биыл облыстағы 202 шаруашылық 9,9 мың гектар жерге қант қызылшасын отырғызды. Бүгінгі күні Меркі және Шу аудандарындағы 13 диқан тәтті түбір жинауды бастады. Қазір 53,0 гектар алқаптан 3,6 мың тонна өнім алынып, әр гектардағы орташа өнім 685 центнерді құрады.
Жалпы, қант қызылшасынан 450 мың тоннадан астам өнім алу күтілуде. Жиналған тәтті түбір облыстағы Тараз және Меркі қант зауыттарында өңделетін болады.
Осы жылы қант қызылшасы өнімінің сатып алу бағасы тоннасына 40,0 мың теңгені құрады. Яғни қант зауыттары өткізілген өнімнің тоннасына 15,0 мың теңге төлесе, мемлекет тарапынан 25,0 мың теңге субсидия берілетін болады, – дейді басқарма мамандары.
Тараз қант зауытында шикізатты қабылдау жұмыстары 25 қазаннан басталды. Қазір зауытқа тәулігіне 1 000 тонна өнім өткізілуде. Қараша айында бұл көрсеткішті кезең-кезеңімен арттыру жоспарланған.
Қант қызылшасының қарқынын арттырып отырғандардың бірі – Қапал ауылындағы «Жанболат» шаруа қожалығы.
Шаруашылық биыл 7,5 гектар алқапқа дәндік жүгері егіп, 53,3 тонна өнім жинаған. Орташа өнімділік гектарына 71 центнерге жеткен. Сонымен қатар 15 гектар жерге қант қызылшасы егілген. Аталған алқап бойынша жоспарланған өнімділік гектарына 800 центнерді құрайды.
2007 жылы құрылған шаруашылықтың материалдық-техникалық базасында 2 трактор, 1 шөп оратын комбайн, 1 жүк автокөлігі және 5 тіркеме бар.
Байзақ ауданындағы «Аспан Агро» шаруа қожалығының басшысы Саха Манатовтың айтуынша, биыл 400 гектарға қант қызылшасын еккен екен.
Егістік алқабын сумен қамтамасыз ету үшін 17 ұңғыма қазылып, ұзындығы 56 шақырым жерасты су құбырлары тартылған.
Жалпы Байзақ ауданында 58 622 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Бүгінгі күнге дейін аудан бойынша 590 018 тонна ауыл шаруашылығы өнімі жиналып отыр.
– Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға баса назар аударды. Әсіресе экономиканың негізгі салаларын дамытуға, өнімді терең өңдеуге және еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған жобаларға басымдық беруді тапсырды. Біз бұл бағыттағы жұмысты белсенді түрде жалғастырамыз.
Мәселен, биыл Шу ауданындағы жүгеріні терең өңдеу зауытын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында 25 600 гектар алқапқа жүгері егілді. Алдағы жылдары егіс көлемін 60 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Ал Байзақ ауданында жыл сайын 1 000 гектарға дейін дәндік жүгері егілсе, биыл бұл көрсеткіш 4 000 гектарға жеткізілді. Осы орайда шаруаларды жүгері алқаптарын кеңейтіп, бірлесіп, белсенді жұмыс істеуге шақырамын. Қант қызылшасы бағытында да жұмыстар қарқынын жоғалтпауы тиіс, – дейді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.
Жамбыл облысында Тараз қант зауытын жаңғырту жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауға баса назар аударылып отыр. Кәсіпорынды іске қосуға қажетті шараларды жеделдету тапсырылуда. Сонымен қатар қант қызылшасын қабылдау, тасымалдау және өңдеу үдерістерін үйлестіру, шаруалардың өнім өткізуіне қолайлы жағдай жасауға басымдық берілмек.
Тараз қант зауытының өндірістік қызметін қайта жандандыру мақсатында 2025 жылдан бастап жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Жобаның жалпы құны – 12,4 млрд теңге. Зауыт толық іске қосылғаннан кейін жылына шамамен 250 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге қауқарлы болады. Ал тәулігіне өндірістік қуаты 3 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге жетеді.
Қазіргі уақытта негізгі өндірістік нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, қажетті шаралардың басым бөлігі аяқталған. Қант қызылшасын қабылдау, жуу, өңдеу, шырынды тазарту, сүзу, буландыру, кристалдандыру және центрифугалау желілеріне арналған негізгі технологиялық жабдықтар жеткізіліп, монтаждау жұмыстары атқарылуда.
Бүгінде зауытты іске қосуға дайындық деңгейі 95 пайызды құрайды. Жұмыстарды жеделдету үшін 10 мердігер ұйым екі ауысымда жұмыс істейді.
Міне, осылайша жергілікті билік өткен жылдардағы қателікті қайталамау үшін Тараз қант зауытының құрылысына басымдық беріп отыр. Кәсіпорын толықтай іске қосылғанда шаруалар өнімін қайда апарарын білмей шырыл қақпайтыны анық.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы