The Hechinger Report пен Стэнфорд университетінің зерттеуі негізінде Aikyn.kz америкалық білім беру жүйесіндегі дағдарыстың себептерін түсіндіреді.
Стэнфорд университеті зерттеушілерінің федералдық статистика бойынша талдауына сәйкес, 2025-2026 оқу жылында АҚШ-та 1156 мектеп жабылған. Бұл – пандемия басталғалы тіркелген ең жоғарғы көрсеткіш.
Басты себеп – туу көрсеткішінің ұзақ жылдар бойы төмендеуі. 2019-2024 жылдар аралығында мемлекеттік мектептердегі оқушылар саны 1,4 миллионға (3%-ға) азайған. Бұған иммиграциялық шектеулердің күшеюі, жекеменшік мектептерге мемлекеттік субсидия беру бағдарламаларының кеңеюі және үйде оқытуға көшкен отбасылар санының көбеюі де әсер еткен.
Bellwether және WestEd зерттеу ұйымдарының болжамынша, оқушылар санының қысқаруы салдарынан 2030-2031 оқу жылына қарай мектептердің мемлекеттік қаржыландыруы жыл сайын 11,5 млрд долларға азаюы мүмкін. Бұл мыңдаған ұстаздың жұмыстан босатылуына, білім беру бағдарламаларының қысқаруына және жаңа мектептердің жабылуына әкелуі ықтимал.
Калифорниядағы Вальехо қаласының тәжірибесі мәселенің күрделілігін көрсетеді. Бұнда 2006 жылы 18 мыңға жуық оқушы білім алса, бүгінде олардың саны 9300-ге дейін азайған, 2 есе. Мектеп ғимараттарының орташа толымдылығы небәрі 46%-ды құрайды. 36 млн долларлық бюджет тапшылығын қысқарту үшін округ 2025 жылдан бері бес мектепті жауып, қызметкерлердің үштен бірін қысқартуды жоспарлаған.
Бірақ та зерттеулер мектеп жабудың әрдайым қаржыны үнемдеуге көмектеспейтінін көрсеткен. Оқушыларды басқа мектептерге тасымалдау, жұмыстан босатылған қызметкерлерге өтемақы төлеу және бос ғимараттарды күзету қосымша шығынға ұрындырады.
«Біз мектептерді жайдан-жай жауып жатқан жоқпыз. Бұрын әлдеқайда көп балаға есептелген жүйені қазіргі жағдайға бейімдеуге мәжбүрміз», – дейді ол.
Мектептердің жабылуы оқушылардың үлгерімі мен психологиялық жағдайына да әсер еткен. Мәселен, бесінші сынып оқушысы Пенни Нуньес-Брандао бұрынғы мектебі жабылғаннан кейін жаңа ортаға бейімделуге мәжбүр болған. Қазір оның сыныбында 32 бала оқиды. Кейін мұғалімі де жұмыстан кеткен.
Чикаго университетінің зерттеулері мектеп ауыстырған оқушылардың оқу мен математикадағы нәтижелері ұзақ уақыт төмендейтінін көрсетуде. Бұндай тұрақсыздық ата-аналарды жекеменшік мектептерді таңдауға немесе басқа өңірге көшуге итермелейді. Соның салдарынан мемлекеттік мектептер тағы да оқушыларынан, демек қаржысынан айырылады.
Осылайша бюджет қаражатын үнемдеу үшін қабылданған шешім білім беру жүйесін одан әрі әлсірететін тұйық шеңберге айналған. АҚШ тәжірибесі мектептің экономикалық тиімділігін ғана емес, оның балалар мен қоғам өміріндегі орнын да ескеру қажеттігін айқындайды.