Қосшы қаласында әкімнің орынбасары тағайындалды

Айнагүл Көңбайқызы Қосшы қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

Бұған дейін ол қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімін басқарған. Жаңа қызметке тағайындалған мемлекеттік қызметшінің саладағы еңбек өтілі 20 жылдан асады, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Айнагүл Көңбайқызы 1982 жылы дүниеге келген. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 2002 жылы Ақмола облысының Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында бастаған. Содан бері жергілікті атқарушы билік жүйесінде, ішкі саясат, мәдениет және қоғамдық даму бағыттарында түрлі жауапты қызметтер атқарған.

2013–2017 жылдары Ақмола облысы Целиноград ауданы Қараөткел ауылдық округінің әкімі болды. Ал 2021 жылғы 24 қыркүйекте Қосшы қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы болып тағайындалды.

Мемлекеттік басқару саласындағы кәсіби қызметі мен жетістіктерінің бірі – 2022 жылы «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық байқауында жеңімпаз атануы. 20 жылдан астам уақытын мемлекеттік қызметке арнаған Айнагүл Көңбайқызы енді Қосшы қаласы әкімінің орынбасары ретінде қызметін жалғастырмақ. Бұл – оның мемлекеттік басқару жүйесіндегі еңбек жолының жаңа кезеңі.

Жаңа лауазымдағы негізгі міндеттердің бірі – қала тіршілігінің маңызды бағыттарын дамытуға, тұрғындардың талап-тілегін ескеруге және қаланың әлеуметтік-мәдени әлеуетін арттыруға үлес қосу.

Айта кетейік, Айнагүл Көңбайқызының бұған дейінгі қызметі ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт салаларымен тікелей байланысты болды. Енді жинақтаған тәжірибесі мен кәсіби білімін Қосшы қаласының дамуына бағыттайтын болады.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.