АҚШ пен Қытай бәсекесі ең дарынды ғалымдардың миын нақты экономикалық табысқа айналдыру деңгейіне шықты

Технологиялық алпауыттарда тәжірибе жинаған жетекші ғалымдарды Қытай өз компанияларына шақырып жатыр. Бұрын технологияны өндіріске енгізуге басымдық берген қытайлық компаниялар енді адамның қабілетімен теңесетін, тіпті одан асып түсетін ЖИ роботын жасауды мақсат етіп отыр.

CNBC материалы бойынша Aikyn.kz Қытайдың Кремний алқабынан білікті мамандар тарту стратегиясын талдайды.

Қытайдың Tencent технологиялық алпауытына ауысқан OpenAI компаниясының бұрынғы зерттеушісі Яо Шуньюй ЖИ саласындағы жаңа стратегиясын жариялады. 2025 жылы Tencent-ке қосылған ғалым қазір компанияның ЖИ жөніндегі бас ғылыми қызметкері болып жұмыс істейді. Оның мақсаты – Қытайда жалпы мақсаттағы жасанды интеллекті (AGI) дамытуға арналған ұзақмерзімді ғылыми ұйым құру.

AGI – түрлі интеллектуалдық міндеттерді орындауда адамнан асып түсетін жасанды интеллект тұжырымдамасы.

«Менің жеке мақсатым – Қытайда жалпы мақсаттағы жасанды интеллекті дамытуға арналған тұрақты ғылыми ұйым қалыптастыру. Мен ChatGPT пен Claude жалғыз суперқосымша болып қалады деп ойламаймын», – дейді Яо Шуньюй Tencent ұйымдастырған конференцияда.

Оның пікірінше, болашақта әлемдік нарықта ChatGPT немесе Claude секілді платформалардан да озық модельдер пайда болады. Ғалым әлі игерілмеген нарықтың экономикалық әлеуеті триллиондаған доллармен өлшенуі мүмкін екенін атап өтті.

Ұзақ уақыт бойы OpenAI, Anthropic және Google DeepMind сияқты америкалық компаниялар Жалпы, әмбебап ЖИ жасауға басымдық беріп келеді. Қытайдың технологиялық компаниялары болса, АҚШ-тың озық микрочиптер экспортына енгізген шектеулері жағдайында жасанды интеллект жүйелерін зауыттарда, тұрмыстық электроникада және қызмет көрсету саласында қолдануға көбірек ден қойды. Алайда америкалық ғылыми орталықтардан тәжірибелі мамандардың Қытайға оралуы бұл стратегияны өзгерте бастады.

Яо Шуньюй Қытай үшін ең тиімді жол – көлемі ықшам, есептеу шығыны аз әрі күнделікті міндеттерді тұрақты орындайтын модельдер жасау деп есептейді. Оның пікірінше, болашақтағы бәсекеде технологияның мүмкіндігімен қатар оның бағасы мен сенімділігі шешуші рөл атқармақшы.

Tencent бұл бағытта жалғыз емес. Alibaba компаниясы Google DeepMind зерттеушісі Хао Чжоуды Qwen жасанды интеллект модельдерін дамытуға шақырған. Ал Google DeepMind компаниясының бұрынғы басшыларының бірі У Юнхуэй 2025 жылы ByteDance Seed зерттеу бөлімшесіне ауысты. Kimi моделін әзірлеген Moonshot AI стартапының негізін қалаушы Ян Чжилинь де бұған дейін Meta AI және Google Brain зертханаларында еңбек еткен.Мықты мамандардың Қытайға бет бұруына АҚШ-тың көші-қон саясатындағы белгісіздік те әсер етуде. Кейбір қытайлық зерттеушілер жалақысы төменірек болса да, туған елінде жұмыс істегенді жөн көреді. Сонымен қатар Бейжің алдағы бес жылда іргелі ғылыми-зерттеулерге бөлінетін инвестицияны арттырып, технологиялық жаңалықтарға жол ашу жоспарын жариялады.

Қытайдың ғылыми әлеуетті күшейтуі АҚШ-та жасанды интеллект қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық артқан кезеңмен тұспа-тұс келді. Anthropic компаниясы озық модельдердің адам көмегінсіз өзін жетілдіруге бір қадам жақындағанын ескертіп, технологияны дамыту қарқынын бақылауға шақырған.

Ал Қытай компаниялары ғылыми ізденістерді жеделдетіп, болашақтың жаңа суперқосымшаларын жасауға ұмтылып отыр. Қалай болғанда да, АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық бәсеке енді микрочиптер мен есептеу қуаты үшін емес, әлемнің ең дарынды ғалымдарын өзіне тарту және олардың миын нақты экономикалық нәтижеге айналдыру деңгейіне шыққанға ұқсайды.