Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзінде ұйымның еліміздің рухани өміріндегі айрықша рөліне тоқталып, тілдің қоғамды топтастырушы күш екенін атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы 1989 жылы іргесі қаланып, академиктер Әбдуәли Қайдар мен Өмірзақ Айтбайұлы бастама көтерген ұйымның тарихи жолын бүгінгі буын мен тіл мамандары лайықты жалғастырып келе жатқанын айрықша атап өтті.
«Сонау 1989 жылы іргесі қаланған ұйымның Егемен ел тарихындағы орны бөлек.
Кезінде көрнекті ғалымдар – академиктер Әбдуәли Қайдар және Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен құрылған «Қазақ тілі» қоғамының тарихи жолын қазіргі буын өкілдері мен белгілі тіл мамандары лайықты жалғастырып келе жатыр.
Бүгінде Ұйым мүшелері көптеген тиімді іс-шараларды, жасампаз жобаларды табысты жүзеге асыруда.
Мен Мемлекет басшысы ретінде «Қазақ тілі» қоғамының әр мүшесіне шынайы ризашылығымды білдіремін.
Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Тіл мерейі – ел мерейі» деген қысқа-нұсқа, мағынасы терең сөзі бар.
Тіл – баршамызға ортақ құндылық. Тіл – Алланың құдіретінің арқасында адамдарға берілген үлкен сый әрі мүмкіндік. Тіл – адамзаттың негізгі жетістігі. Адам баласының ойдағыдай дамуының ең басты себебі де – тіл.
Біз өркениетті ел ретінде ана тіліміз – қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі жиынның басты мақсат-міндеті де – осы», – деді Президент.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.