Қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтауымыз қажет – Тоқаев

Мемлекет басшысы қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтауға баса назар аударды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзінде ана тілімізді цифрлық дәуір талаптарына сай дамытудың бірінші кезекті міндеттерін айқындап берді,  – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы халқымыздың сөздік қоры бай әрі әдеби-мәдени мұрасы ұшан-теңіз болғанымен, солардың көбі цифрлық жүйелерге толық әрі сапалы көшірілмегенін ашық айтты.

«Ең біріншіден, алдымызда қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтау міндеті тұр.
 
Жалпы, біз қазақ тілінің сөздік қоры өте бай деп жиі айтамыз. Мұның шындық екені де күмәнсіз. Әдеби-мәдени мұрамыз да ұшан-теңіз.
 
Алайда сол дүниенің көбі кезінде цифрлық жүйелерге толық әрі сапалы көшірілді деп айту қиын.
 
Сол себепті мұрағатта немесе кітапханаларда ғана сақталған қазақ тіліндегі кітаптарды, мерзімді басылымдарды, аудио-бейне жазбаларды, мұрағат (архив) және мұражай (музей) қорларын цифрлық форматқа көшіру ісін қайта жандандыру қажет.
 
Халқымыздың өшпес мұрасы мен рухани байлығы қағаз бетінде емес, цифрлық кеңістікте сақталуға тиіс. Келешек ұрпақ осы игі істің жақсылығын көреді.
 
Бұған қоса, инженерия, медицина, құқық, экономика, жаратылыстану сияқты түрлі ғылымды және ақпараттық технологияларды қазақ тілінде үйренуге барынша қолайлы жағдай жасалуы керек.
 
Бұл тұста, ең алдымен, сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын даярлауға баса мән берген жөн. Өкінішке қарай, бұл мәселе бойынша көп қателік жасалды, олқылықтар да аз емес», – деді Президент.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.