Almaty SuperSki жобасы: халықаралық тәжірибе және жергілікті ерекшеліктер

Almaty SuperSki жобасы Медеу мен Шымбұлақты жаңғыртып, Көкжайлауды дамытып, балалар мен жастарға ғана емес, бүкіл қала жұртшылығына әсем табиғатпен тамсанып, демалып қайтатын мекенге айналмақ.

Қазақстандық жобаның басты артықшылықтарының бірі – орналасқан жері. Курорт Алматының іргесіндегі Үлкен және Кіші Алматы шатқалдарының арасында бой көтереді. Сондықтан елдегі ең ірі қаланың тұрғындары мен халықаралық әуежай арқылы келген туристер тау бөктеріне қысқа уақытта жете алады. Алматы маңындағы тауларда қазірдің өзінде Шымбұлақ, Медеу, Ой-Қарағай және басқа да демалыс орындары жұмыс істейді.

Жыл бойы жұмыс істейтін кешен тәулігіне 15 мыңға дейін келушіні қабылдаса, оның 5 мың адам шаңғы тебуге мүмкіндік алса, қалғаны жаяу серуендеп қана қоймай, басқа да демалыс орындарын пайдалана алады. 2028 жылғы желтоқсанда ашылуы жоспарланған курорттың әлеуеті қысқы маусыммен ғана шектелмейді. Жыл бойы, әсіресе әр маусымда туристерді тарта алатын біртұтас туристік орта қалыптаспақ. Әрине, мұндай тәсіл жобаның экономикалық тиімділігі үшін де маңызды.

  Almaty SuperSki жобасының халыққа берер артықшылығы

 Инфрақұрылым жыл ішінде неғұрлым ұзақ пайдаланылса, қонақүйлерге, қоғамдық тамақтану орындарына, көлікке, сервистік қызметтерге деген сұраныс соғұрлым тұрақты қалыптасады. Нәтижесінде, тау кластерін дамыту туристік белсенділікті қысқы маусымдағы ең жоғары сұраныс кезеңінде ғана емес, жылдың басқа уақытында да қолдауға мүмкіндік береді.

Осылайша, тау курортының моделі өзгереді. Алматы үшін мұндай формат қаланың тек қысқы тау шаңғысы туризмінің бағыты ретіндегі емес, белсенді және тау туризмінің толыққанды орталығы ретіндегі позициясын нығайта түседі. Сондықтан  Almaty SuperSki жобасын тек жаңа курорт салу шеңберінде қарастырмай, демалысқа, спортқа және сервистік қызметтерге тұрақты сұраныс қалыптастыратын туристік экожүйенің бір бөлігіне айнала алады. Экология және табиғи ресурстар министрлігі ғалымдар мен жетекші эколог мамандардың қатысуымен кешенді зерттеу жүргізіп, нәтижесінде бұл жобаның қоршаған ортаға теріс әсер етпейтінін анықтаған. Тіпті, министрлік жоба жүзеге асырылатын барлық кезеңде экологиялық сүйемелдеу жалғасатынын да мәлімдеген.

Қазақстанның еңбек сіңірген туризм қызметкері, профессор Шынарбек Батырханов тау кластерін дамыту бастамасын қолдайды.

Оның айтуынша, Медеу мен Шымбұлақты жаңғырту Алматының туристік мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді.

– Бұл – Қазақстан үшін маңызды жоба. Медеу мен Шымбұлақта ауқымды жаңғырту жұмысы жоспарланып отыр. Жоба таныстырылымында экологиялық талаптардың қатаң сақталатынына ерекше назар аударылды. Сондықтан бұл бастама туристерді тартумен қатар, табиғи ортаны сақтауға да ықпал етуі мүмкін, – деді Шынарбек Батырханов.

Профессор инфрақұрылымды дамыту кезінде табиғи ландшафттың ерекшеліктерін ескеріп, таудың табиғи тартымдылығын сақтай отырып, келушілерге қолайлы жағдай жасаса, өз еліміздің ғана емес, шетелдік туристердің арасында сұранысы арта түсетініне сенімді.

 Қырғызстандағы «Ала-Тоо Резорт» курорты

 Қызығы, Орталық Азияда осыған ұқсас тағы бір ірі тау-шаңғы курортының құрылысы жүріп жатыр. Қырғызстан Ыстықкөл облысындағы Жыргалан аңғарында – «Ала-Тоо Резорт» курорты. Егер екі жобаны салыстырар болсақ, әрине екі жобаның ауқымы, іске қосылу мерзімі және құрылыс тәсілі әртүрлі. Жоспарланған аумағы жағынан Қырғызстандағы жоба ауқымдырақ.  «Ала-Тоо Резорт» үш курорттық аймақты қамтып, шамамен 3,9 мың гектар жерге орналасады. Жоба толық аяқталған кезде тау-шаңғы трассаларының жалпы ұзындығы 250 шақырымға жетуі тиіс. Ал Almaty SuperSki жобасында табиғи ортаға түсетін салмақты азайтуға басымдық берілген. Курортқа Іле-Алатауы ұлттық паркінің шамамен 1 мың гектар аумағы қажет, бұл – парк жерінің жарты пайызынан аз.

Almaty SuperSki іске қосылған кезде трассалардың жалпы ұзындығы 60 шақырым болып, оның жартысы жаңадан үйренушілер мен балалы отбасыларға арналған. Жыргаланда алғашқы кезеңде алты аспалы жол жұмыс істесе, Көкжайлауда 17 көтергіш орнату жоспарланған. Қазақстандық курортта желдің екпініне төзімді әрі заманауи саналатын 3S типті үш арқанды гондолалар қолданылады. Оған қоса, он орындық гондолалар мен орындықты көтергіштер орнатылады. Көкжайлаудағы трассалардың 70 пайызына Snow Factory жасанды қар жүйесі қойылады. Бұл технология қар аз жауған жылдары да қыс бойы курорттың жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Құны мен өткізу қабілеті Almaty SuperSki жобасының құны Қырғызстандағы курортпен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Олардың жобасы кезең-кезеңімен салынып, құрылысы 2038 жылға дейін жалғасады.

Жалпы алғанда, Қазақстандық туристік даму компаниясының (KTD) бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, Almaty Superski құрылысының құны 500 миллион доллар жұмсалатынын айтқан.  Ал «Ала-Тоо Резорт» жобасы 1,2 миллиард еуроға бағаланған. Бүгінде Қазақстан мен Қырғызстан өз аумағында жеке-жеке тау-шаңғы курорттарын салып жатқанымен, бұл жобалар Орталық Азияның халықаралық туристік бағыт ретіндегі әлеуетін арттыра түседі. Сондықтан мамандардың пікірінше, екі елдің курорты бірін-бірі толықтырады.

 Оңтүстік Кореяның тәжірибесі Қазақстанға не береді?

 Almaty SuperSki жобасы қолға алынғалы мамандар Оңтүстік Кореядағы Йонпхён тәжірибесі тілге тиек етеді. Ол жақтағы тау-шаңғы курорты  табысты туристік бизнеске айналып отыр. Оның табысына Олимпиада мұрасы, телехикаялар арқылы қалыптасқан танымалдық, халықаралық серіктестіктер және жылжымайтын мүлік нарығы ықпал еткен. Сонымен қатар  мұндай кешенге қолжетімді көлік, сапалы орналастыру орындары, қосымша ойын-сауық қызметтері, табиғи ортаға ұқыпты қарау және халықаралық туристерді тартатын мәдени бағдарламаларды ұтымды пайдаланған.

Almaty SuperSki жобасы үшін де осындай бағыттардың маңызы зор. Дегенмен Көкжайлаудың табиғи ерекшеліктері, экожүйені сақтау мәселелері, көлік жүктемесі және туристер санының өсуінен туындайтын ықтимал әсерлер мұқият ескерілуі қажет.  Әрине, Йонпхён тәжірибесі Алматы үшін туристік бизнесті әртараптандырудың ықтимал үлгісін ұсынып отыр. Алайда бұл жобаны көшіре салудың өзі аздық етеді. Бастысы, жергілікті табиғи жағдайға, қаланың инфрақұрылымына және қоғамның қажеттілігіне қарай шешім қабылдау қажет. Сондықтан  Almaty SuperSki  жобасын дамытуда курорт аумағына келушілерге демалыстың жекелеген түрін ғана емес, кешенді туристік өнім ұсынуы басшылыққа алып отыр.

Жер бетінде жыл он екі ай бойы жайлы ауа райымен қуантатын Дубай, Мальдив аралдары мен Шарм-эль-Шейх курорттары – кез келген маусымда саяхаттауға арналған үздік бағыттар. Бұл курорттар жоғары деңгейдегі сервисімен және ұмытылмас әсерлерімен ерекшеленеді. Қай бағытты таңдасаңыз да, бұл саяхат өміріңіздегі ең жарқын естеліктің біріне айналады. Біздің де Almaty SuperSki жобасы осындай курорттың біріне айналмақ.