Тоқаев: Цифрлық кеңістікте қазақ тіліндегі сапалы әрі тартымды өнімдерді көбейту – аса маңызды міндет

Мемлекет басшысы тілдің болашағы тек сөздік пен оқулықпен шектелмейтінін, адам қай тілде ақпарат іздесе, сол тілдің әлеуеті күшейе түсетінін атап өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзін қорытындылай келе, ана тілімізді цифрлық кеңістікте жан-жақты дамыту, сапалы контент өндіру және ортақ жауапкершілік мәселелеріне ерекше тоқталды,  – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

«Бірақ тілдің болашағы тек сөздік пен оқулыққа байланысты емес. Адам қай тілде ақпарат іздеп, фильм көріп, білім алса, сол тілдің әлеуеті күшейе түсетіні анық.
Сондықтан цифрлық кеңістікте қазақ тіліндегі сапалы әрі тартымды өнімдерді көбейту – аса маңызды міндет.
Әсіресе, қазақ тілін өздігінен үйренуге мүмкіндік беретін ІТ өнімдер, балалардың тілін дамытуға арналған фильмдер мен ойындар көп болуы қажет.
Қазақша ақпараттың аясы, яғни қазіргі тілмен айтсақ, қазақ тіліндегі контенттің ауқымы мейлінше кең болғаны дұрыс.
Ғылым, технология, мәдениет, кәсіпкерлік, спорт және басқа да өзекті тақырыптар бойынша сапалы өнім әзірлеген жөн.
Жалпы, осындай жобаларға мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсету қажет. Бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс тобын құруға болады.
Осы маңызды іске «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлы және қоғамның мүшелері зор үлес қосары күмәнсіз.
Сайып келгенде, тіліміздің болашағына бәріміз бірдей жауаптымыз. Әрқайсымыз қазақ тілінің тұғырын нығайтуға атсалысуымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.