Тоқаев мемлекеттік тілді меңгергісі келетін адамдарға барынша жағдай жасау азаматтық парызымыз екенін атап өтті

Мемлекет басшысы қазақ тілін жетік меңгеріп қана қоймай, оны үйретумен айналысып жүрген және әлеуметтік желілер арқылы дәріптеп жүрген өзге ұлт өкілдері мен белсенді азаматтардың еңбегіне зор ризашылығын білдірді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзінде қазақ тілі ұлт бірлігінің мызғымас тұғыры екенін атап өтіп, мемлекеттік тілді меңгеруге ұмтылған азаматтарға қолдау көрсету, заманауи цифрлық әдістемелерді енгізу мәселелеріне ерекше тоқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Президент: «Мемлекеттік тілді меңгергісі келетін адамдарға барынша жағдай жасау – біздің азаматтық парызымыз».
«Қазақ тілі ұлт бірлігінің мызғымас тұғыры саналады. Осы орайда, мен мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлттардың өкілдерін айрықша атап өткім келеді. Олардың арасында қазақ тілін үйретумен айналысатын білікті мамандар бар.
Әлеуметтік желі арқылы тілімізді дәріптеп жүрген азаматтар да аз емес. Мұндай адамдар тіліміздің дамуына үн қосып, оның жарқын келешегін нақты іспен жасап жатыр. Солардың еңбегін біз сыйластықпен, ризашылықпен қабылдауымыз керек.
Жалпы, соңғы жылдары мемлекеттік тілді меңгергісі келетін адамдардың қатары көбейіп жатыр. Оларға барынша жағдай жасау – біздің азаматтық парызымыз.
Қазақ тілін тез әрі оңай үйренуге мүмкіндік беретін озық әдістемелер, соның ішінде цифрлық оқу құралдарын әзірлеу қажет.
Жалпы, бұл мәселе қоғамда жиі айтылып жүр. Осы жұмысқа тіл мамандарын, ақпараттық технология саласының өкілдерін жұмылдырған жөн.
Қазақ тілін білетін адам қазақ халқын, жалпы Қазақстанды танып-біледі. Тілді меңгерген әрбір азамат еліміздің тарихы мен мәдениетін тереңірек түсінеді», – деді Президент.
 Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.