Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық келбетін түбегейлі жаңартуға бағытталған «Халықтық құрылыс» бағдарламасының басталғанын хабарлап, 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы: «Халықтық құрылыс» – мазмұны кең, мән-мағынасы терең нағыз халықтық жоба».
«Баршаңызға мәлім, қазір еліміздің алдында маңызды міндеттер тұр. Бәріміз бір ел болып «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыратын болдық.
2027 жыл Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы болмақ. Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналады.
Еліміз бойынша әртүрлі әлеуметтік нысандар – балабақшалар, мектептер, кітапханалар, ауруханалар, емханалар, оңалту орталықтары, спорт инфрақұрылымы және басқа да ғимараттар, өндіріс орындары, жолдар, вокзалдар, әуежайлар салынады.
Барлық өңірде мыңдаған жұмыс орны ашылады. Отандық кәсіпкерлерге мол мүмкіндіктер беріледі. Тәуелсіз Қазақстанның төл тарихында мұндай ауқымды жоба бұрын-соңды болған емес.
«Халықтық құрылыс» – мазмұны кең, мән-мағынасы терең нағыз халықтық жоба. Біз ел игілігіне қызмет ететін нысандар салып, тұтас мемлекетіміздің келбетін жаңартамыз, бүкіл ұлтымыздың сана-сезіміне серпін береміз».
Президент сонымен қатар «Халықтық құрылыс» жұртымызды бір мақсат пен мүддеге біріктіреді, – деді.
«Бірақ ең маңызды мәселе – біз келешек ұрпақтарға тұжырымдамалар мен жоспарлар, шетелдегі құнды қағаздарда сақталған, уақыт өткен сайын арзандап бара жатқан қаржыны емес, халыққа қызмет ететін нақты әлеуметтік нысандарды аманат ретінде қалдыруымыз керек.
Құрылыспен айналысу – жасампаздыққа, жаңашылдыққа ұмтылу. Сондықтан «Құрылыс және тағы да құрылыс» деген бірауыз сөз жаңғыру жолына түскен Қазақстанның мызғымас қағидаты, жалпыұлттық ұраны болуға тиіс.
«Халықтық құрылыс» жұртымызды бір мақсат пен мүддеге біріктіреді, елімізді нағыз өрлеу мен өркендеу жолына бастайды.
Осыған орай, алдағы үш жылдың ішінде Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінеді.
Арнайы комиссия бұл ауқымды қаражаттың үнемді, жымқырусыз жұмсалуын мұқият бақылауда ұстайды.
Қазір бұл Комиссияның құрамын қарап жатырмын. Ең басты талап – мүшелер айқай-шусыз, даңғаза жасамай, өз жұмысын жоғары кәсіби деңгейде, тиімді атқаруы керек», – деді Мемлекет басшысы.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.