Тоқаев: «Заң мен тәртіп» – ел өмірінің ажырамас бөлігі

Мемлекет басшысы әділетті қоғам құру ең алдымен бір-біріне жанашырлық танытудан, болмысымызды, ниетімізді және тілімізді таза ұстаудан басталатынын атап өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы тәртіп пен заңдылықты нығайту, азаматтық жауапкершілікті арттыру және «Таза Қазақстан» идеологиясын ілгерілету жөнінде маңызды мәлімдеме жасап, құқық қорғау мекемелеріне нақты тапсырмалар жүктеді,  – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Заң мен тәртіп» ел өмірінің ажырамас бөлігі, бұлжымас қағидаты болуға тиіс».
«Біз әділетті қоғам боламыз десек, әр іске жауапкершілікпен қарап, бір-бірімізге жанашыр болуымыз қажет. «Таза Қазақстан» идеясына сай табиғатқа қамқор көзбен қарап, болмысымызды, ниетімізді және тілімізді таза ұстау маңызды.
Өркениетті қоғамда дөрекі сөйлеуге, біреудің ар-ожданына нұқсан келтіруге, өзгелерді кемсітуге, қоқысты көшеге немесе қоғамдық жерлерге лақтыруға, кез келген жерге түкіруге, қоғамдық дүниені бұзып, сындыруға жол берілмейді және ондай әрекет заң бойынша жазаланады. Бұл – барлық құқық қорғау мекемелеріне қатысты жеке және өте маңызды тапсырмам.
Отанымызды жаңа өркениетті деңгейге көтеруіміз керек. Осы өзекті жұмыста қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін көтеру, күшейту, дәріптеу тарихи міндет я миссия десек, артық болмас.
«Заң мен тәртіп» ел өмірінің ажырамас бөлігі, бұлжымас қағидаты болуға тиіс. Өйткені заң мен тәртіп үстемдігі – мемлекеттілігімізді нығайтудың, Егемендігімізді қорғаудың бірден-бір шарты.
Өкінішке қарай, кейбір теріс пиғылды адамдар «Заң мен тәртіп» қағидатын бұрмалап, оны қысым жасаудың құралы ретінде көрсеткісі келеді. Ашығын айтсақ, бұл – арамдық. Мұндай келеңсіз әрекетке қатаң тосқауыл қоюымыз керек»,  – деді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.