Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде Украина, АҚШ және Ресей делегацияларының үшжақты келіссөздері басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Тараптар соғысты тоқтату жолдарын, қауіпсіздік кепілдіктерін және шиеленісті бәсеңдету шараларын талқылайды.
ТАСС агенттігінің мәліметінше, келіссөздер 10-11 қарашаға жоспарланған. Бұл – үш ел өкілдерінің биылғы ақпаннан бергі алғашқы үшжақты кездесуі. АҚШ келіссөздерде Ресей мен Украина арасында делдалдық қызмет атқарады.
Ресей делегациясын президенттің көмекшісі Владимир Мединский басқарады. Оның құрамына Сыртқы істер министрінің орынбасарлары Сергей Рябков пен Михаил Галузин, Ресей Қарулы күштері Бас штабы, Бас басқармасының бастығы Игорь Костюков және басқа да лауазымды тұлғалар кірген.
АҚШ атынан президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер қатысып жатыр. Украина делегациясын Сыртқы барлау қызметінің басшысы Рустем Умеров бастап барды. Келіссөздер тобына Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Кирилл Буданов, оның бірінші орынбасары Сергей Кислица және Жоғарғы Рададағы «Слуга народа» фракциясының жетекшісі Давид Арахамия да енген.
АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф бұған дейін кездесуде соғыстан кейінгі қауіпсіздік тетіктері, әскери шиеленісті бәсеңдету, гуманитарлық мәселелер және бейбіт келісімге қол жеткізудің келесі қадамдары қаралатынын мәлімдеген.
Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров қауіпсіздік мәселелері келіссөздердің күн тәртібінде бірінші кезекте қаралатынын айтты. Мәскеу Ресейдің, Украинаның және тұтас аймақтың қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді талқылауды қолдайтынын жеткізді.
Украина тарапы үшін басты мәселелердің бірі – соғыс аяқталғаннан кейін елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нақты кепілдіктер алу. Сонымен қатар Киев энергетикалық нысандарға шабуылдарды тоқтату, Қара теңіздегі кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұтқындар алмасуды жалғастыру мәселелерін көтермек.
Үшжақты кездесуге дейін АҚШ өкілдері Украина және Еуропа елдерінің өкілдерімен жеке консультациялар өткізді. Онда Украинаның қауіпсіздік кепілдіктері, Еуропаның болашақ қауіпсіздік жүйесі және соғыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары талқыланды.
Айта кетейік, Ресей мен Украина арасында бейбіт келісімге келуге қатысты елеулі қайшылықтар сақталып отыр. Мәскеу Украина аумағына және оның НАТО-ға мүшелігіне байланысты талаптарын алға тартса, Киев аумақтық тұтастығын сақтауды және қауіпсіздік кепілдіктерін талап етеді. Сондықтан Абу-Дабидегі келіссөздердің нақты нәтижесі әзірге белгісіз.